Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтті.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі – Қорғаныс министрі генерал-полковник Чан Ваньцюань, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Шерали Мирзо, Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Шавкат Норматов қатысты. Сондай-ақ, кеңеске ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Сабыр Имандосов пен ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы Атқару комитеті директорының орынбасары Чжоу Цин қатысты.
Кездесу барысында қорғаныс ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, бұл салада ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейін атап өтті. Халықаралық терроризм мен өңірлік экстремизмнің өршу қауіп-қатері жағдайында қорғаныс ведомстволарының басшылары Ұйымның кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда үйлестірілген бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын ерекше атады.
Осыған орай, қорғаныс ведомстволарының басшылары қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жанындағы шекаралардан әскери қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ, жедел ақпарат алмасу бойынша қорғаныс ведомстволарының ынтымақтастығын дамыту мәселелері жөнінде үйлестірілетін консультативтік тетіктерді жетілдіруге уағдаласты.
Кеңеске қатысушылар бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін қарастырды. Халықаралық лаңкестікпен күресу және Сирия халқына, оның ішінде босатылған қалаларды минасыздандыруға көмек көрсету жөнінде Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің іс-қимылдарына жоғары баға берілді.
Олар өңірде ынтымақтастықты әрі қарай сәтті дамытуға сенімділік білдірді, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сенімділік пен ашық үнқатысудың нығаюын растады. Оның ілгерілеуі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы саясатының орталық элементтерінің бірі болып табылады.
Кеңесте ШЫҰ өзінің жобаларын іске асыра және өзге де өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасай отырып, ШЫҰ мемлекеттерінің қауіпсіздігіне сүбелі үлес қосып жүргенін атап өтті.
Сондай-ақ, ШЫҰ мемлекеттерінің «жамандықтың үш күшімен»: лаңкестік, экстремизм, сеператизммен күресуде табандылығын паш ететін «Бейбіт миссия-2016» бірлескен әскери терроризмге қарсы командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысы талқыланды.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары ШЫҰ-ның болашақ мүшелерін әскери ынтымақтастыққа жалғау Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімділікті нығайтудың маңызды бағыты болатынына сенімділік білдірді.
Шанхай рухын нығайту ісінде әскери оркестрлердің «Бейбітшілік кернейі-2016» фестивалінің жоғары рөлін атап өтті және оны жиі өткізу практикасын жалғастырған жөн деп шешті. Сонымен қатар, кеңесті дайындау жөнінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен жұмсалған күш-жігерді жоғары бағалап, қолайлы жағдай мен қонақжайлылыққа алғыс білдірді. 2017 жылы Қазақстан Республикасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті отырысын өткізу қажет деген шешім қабылданды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша бірлескен коммюникеге қол қойылды.
Сәулебек БІРЖАН