Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдер цифрлы технологиялар дәуірінде инклюзивтік экономика құру жолында» атты жаһандық әйелдер саммитіне қатысу үшін Варшава қаласына келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Министрлік деңгейіндегі алқалы жиында сөйлеген сөзінде Г.Әбдіқалықова «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздің алдына әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына қосылу жөнінде міндет қойғанын атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда мемлекеттің есептілігін арттыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканың әртараптандырылуына және адам капиталының жан-жақты дамуына бағытталған ауқымды институттық реформалар жүргізілуде.
Мемлекеттік хатшы Қазақстанда қазіргі заманғы инклюзивтік экономиканың дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары, оның ішінде Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкімен бірлескен жобалар арқылы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда.
Г.Әбдіқалықова жасалып жатқан шаралар әйелдердің ел экономикасын дамыту ісіне қатысу үлесін арттыруға мүмкіндік туғызғанын атап көрсетті. Бүгінде әйелдердің бизнестегі үлесі – 50%, ал 42%-ы шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқарып отыр. Әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 2006 жылғы 9,2%-дан 2015 жылғы 5,6%-ға дейін, ал еңбекақының гендерлік алшақтығы 2006 жылғы 62%-дан 2015 жылғы 67%-ға дейін азайды. Қазақстан «Жұмыс істеп жатқан әйелдер, ерлермен салыстырмалы үлесі» атты көрсеткіш бойынша, 2015 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 26-шы орынға ие болды.
Саммит шеңберінде Мемлекеттік хатшы Польша Республикасының Премьер-министрі Б.Шыдломен кездесті. Тараптар Қазақстан-Польша қарым-қатынасының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Польшаның Казақстан үшін Еуропалық одақтағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес екенін айта келіп, ел басшылығы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсеткеніне және Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатынына ризашылық білдірді.
Польша Республикасы Президентінің зайыбы А.Корнхаузер-Дудамен кездесуі барысында Г.Әбдіқалықова Бірінші ханымға Саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Саммиттің Құрметті патроны ретінде алғысын білдірді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы екі ел арасында білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Білім саласындағы екіжақты үкіметаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда Варшава, Краков, Лодзи, Познань және Жешув университеттерінде 500-ден астам қазақстандық студент білім алуда.
Саммиттің алдағы екі күнінде Мемлекеттік хатшы Германия, Франция, Вьетнам, Малайзия елдері делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.