2015 жылғы 13 мамыр, Астана қаласы
Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 77) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Т.ДҮЙСЕНОВА
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 13 мамырдағы №344 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық
көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтардың және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету қағидалары Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарда олардың лицензияда айқындалатын қызметінің бағытына сәйкес тегін көрсетіледі.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне:
1) жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация;
2) мыналарды:
медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі - МСАК);
медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті (бұдан әрі - КДК) қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек (бұдан әрі - АЕК);
3) уәкілетті орган айқындайтын емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде - МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша, шұғыл көрсетілімдер бойынша жолдаманың болуына қарамастан көрсетілетін стационарлық медициналық көмек;
4) медициналық ұйымның медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
6) паллиативтік көмек және мейіргер күтімі кіреді.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібі
4. Жедел медициналық көмек (бұдан әрі - ЖМК):
1) шұғыл айғақтар бойынша медициналық көмек көрсетуді;
2) шұғыл айғақтары бойынша пациенттерді медициналық ұйымдарға жеткізуді;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе жергілікті атқарушы органмен келісім бойынша аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар бұқаралық іс-шараларды (қоғамдық, мәдени-бұқаралық, спорт және басқа) медициналық қамтамасыз етуді қамтиды.
5. Санитариялық авиация пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін беріледі.
Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әр түрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
6. МСАК адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер кешенін:
1) неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді;
2) инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды;
3) халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды;
4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылау болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетіледі.
МСАК көрсететін ұйымдардың қызметі Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, олардың тұрғылықты және (немесе) бекітілген жері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша құрылады.
МСАК-ты учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер, денсаулық сақтау саласы бойынша әлеуметтік қызметкерлер және мейіргерлер көрсетеді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыруды жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
7. КДК тәулік бойы медициналық бақылаусыз, мамандандырылған медициналық көмек түрінде керсетіледі.
Бейінді маманның консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуі МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
8. Стационарлық көмек тәулік бойы медициналық бақылау жасай отырып, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек нысанында ұсынылады.
Стационарларға жатқызу:
1) МСАК маманының және медициналық ұйымның жолдамасы бойынша;
2) ЖМК және санитариялық авиация қызметі арқылы;
3) шұғыл жағдайлар кезінде өздері келгенде жүзеге асырылады.
9. Стационарды алмастыратын көмек медициналық бақылау жасай отырып, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде ұсынылады.
10. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетіледі.
11. Адамдарға паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10576 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 96 бұйрығымен бекітілген Халықтың паллиативтік көмек және мейіргер күтімі көрсетілуі тиіс санаттарының тізбесіне сәйкес көрсетіледі.
12. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабының 1-тармағының 33) тармақшасында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекіткен дәрілік формулярларға сәйкес жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде;
2) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7306 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығымен бекітілген Белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және бейімделген емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 16 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11361 болып енгізілді.