11 Маусым, 2016

Шаң арасынан бақытын тапқан

313 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_6402Шаңы бұрқыраған, шуынан құлақ тұнатын цехта табан аудармастан істеп, тұтас ғұмырын өткізіп келе жатқан Ләззатқа таныстары, құрбы-құрдас, туыстары таңғалады. Өйткені, бұл цех жұмысына екінің бірі бара бермейді, барғандар да көп тұрақтамайды. Алғашында «екі қолға бір күрек» деп келгендердің өзі шыдас бермейді. «Шаңның арасынан не тауып алды екен?» дейтіндерге Ләззаттың «Шаңның арасынан бақытымды таптым» деген жауабын оның өзіне деген сенімділігі, жақсы тұрмысы, жайдары қалпы айтып тұрғандай еді. Еңбек пен табандылық бақытқа барар жол екенін ісімен дәлелдегеннің бірі – Ләззат Бақтиярова. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі учаскелердің қайсысында да жеңіл жұмыс жоқ. Әсіресе, тас майдалау учаскесінің жұмысы ауыр. Машина майдалап жатқан тастың шықырлап, шуылдаған дыбысы миыңнан шығады. Шу мен шаң кімнің де болса жүйкесін тоздырады, бәрі де шаршап жүреді. Лентада тұрып қалған тасты «итеріп жібер» деп нұсқағанды түсінбеген жас қызға Люба деген жұмысшы әйелдің айқай салғаны бар еді. Жұмысқа жаңа келген өрімдей қыз шаң арасынан Люба апайының айқайы естілгенде қазақы тәрбиесі мен төзімділігіне салып үндемейтін. Ол өзге жастар секілді Ләззат та жұмысты тастап кетеді деп ойлаған. Люба апайы осы жолы қателескен еді. «Кетсе кетсін, менің айқайыма ғана емес, мына шаңға өзі де шыдамас. Жап-жас қызға басқа жерде орын жетпей қалды ма, мектепке, ауруханаға неге бармайды? Қайта осы арадан кетіп, жолын тапсын» дейтін іштей ол жыламсырап тұрған қызға бір қарап қойып. Бейнеттен жауыр торыдай болған қарапайым еңбек адамы емес пе, Любаның тыз етпе мінезі болғанымен, қайтымы тез әйел болатын. Ләззатты ішінен аяп тұрды, мына шаңнан кетсе кетіп қалсын деп ойлады. Ал егде жұмысшы Виктор Михайлович Махачюк талдырмаш қара қыздың бойынан өжеттік байқайтын. Үндемей, жұмсаған іске шауып кететін елгезектігін қайтерсің. Жұмыстың қыр-сырын тезірек үйренуі үшін ол Ләззатты «ана жерде тас кетті, мына жердің лентасын қара», деп жиі жұмсай беретін. Орысшасы нашар қыздың қазақ ауылынан екенін цехтағы орыстілділер шамалады. «Ұяңдығына қарағанда көп балалы отбасынан болар. Ата-анасы мұнда неге жіберді екен?» деп таңданатын Виктор Михайлович. Осы цехқа келген талай жас шаң мен шуға шыдамай, бір ай өтер-өтпестен қарасын көрсетпей кететін. Цехтағылар алғашқы күні-ақ жылаған Ләззатты «әй, ертең таңертең келмейтін болар» деген. Ал қара қыз келесі ауысымда цехқа бәрінен бұрын келіп, жұмыс киімін киіп алып, оларды күтіп тұрған еді. Осыдан 30 жыл бұрынғы осы көріністер Ләззат Бақтиярова үшін қазір ертегі іспетті. Расында, Ләззаттың осы тас майдалау учаскесіне келгені бір тағдырдың ісі болды. Ол сонау Амангелді ауданындағы Иманов кеңшарында туды. Ол кезде Амангелді ауданы Торғай облысына қарайтын. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары «Шұбартаулықтар бастамасы» дегенді желеулетіп, ауыл жастарын мектептен кейін мал шаруашылығына алып қалатын. Ләзаттың әкесі Әбдіғұл мал бақты, бірақ ол балаларының оқығанын қалайтын. «Қыздарыма қой бақтырмаймын» деп бұлқынса да, өзі коммунист болған соң, қатаң жүйеге қарсы сөз айта алмай іштен тынған. Бір жиналыста ауылдың мектеп бітіріп жатқан балаларына қой бақтыру мәселесі тағы қаралды. «Оқитын балаға обал жасамайық» деген оның сөзін естір құлақ болмады. Ол малдың бәрін тастап, бір түнде Қостанай қаласына көшіп кетті. Әбдіғұлдың алты қыз, екі ұлы болатын, Қостанайға келген соң, тағы да екі қызы дүниеге келді. Ләззат Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқыды. Мектепті бітірген соң Рудный қаласында тұратын апасын жағалап келіп, сондағы педагогика училищесіне құжат тапсырды. Емтиханда қазақ тілі мен әдебиеттен жақсы өтті де, математикадан «құлады». Есіктің сыртында жылап тұрған қыздың қасына екі әйел келіп, «жылама, училищеге түсе алмасаң, техникумға түс. Химиядан қалайсың?» дейді. «Жақсымын, училищеге түсе алмай тұрғанда техникумға қалай түсемін?» дейді өксігін баса алмай тұрған Ләззат. Екі әйел оны қолынан жетектеп әкеліп, Индустриялық техникумның «Пайдалы қазбаларды байыту» бөліміне «түсіріп жібереді». Кейін ойласа, техникумға бала жетпейді екен ғой. Оны қолынан жетектеп оқуға түсірген екі әйелдің бірі ұстазы Любовь Николаевна Данилова екен. Орыс тілінде бір ауыз сөзді дұрыс айта алмайтын Ләззатқа оқуды бітіргенше көмектесті. «Сенің талпынысыңа риза боламын» дейтін. Факультетте өзі секілді өрімдей жас қыздар аз болған жоқ. Барлығымен достасып кетті. Студенттік көңілді күндер зулап өте шықты. Міне, содан бері Ләззаттың бар өмірі табан аудармай осы шаңы бұрқыраған цехта өтіп келеді. Өмірдің ащы-тұщысын да татты. Тұрмыс құрды, бала сүйді. Қазір Болаты азамат болып өсті, тәртіп сақшысы. Бүгінде ауысымдағы ұжымы өзінің туғандарынан кем емес. Ләзаттың ұстазы Люба апайы да, Любовь Николаевна да, Виктор Михайлович те емес, өмірдің өзі болды. Қазір осы шаңы бұрқыраған цехқа жеткенше асығады, шаршағанда біріне бірі сүйеу, қуанышына да ортақтасады. Өмір деген ұстазы оған адамдарды ұлты, діні, тілі емес, адамгершілігі, адал ниеті жақындастырады деп үйретті. – Бүгінде ешнәрседен кем емеспін. Мұрынға, құлаққа шаңнан, шудан қорғайтын қорғаныш киіп аламыз. Ауысымнан шыққан соң жуынатын жылы су бар. Жағдай болған соң еңбектің барлығы бірдей емес пе? Кез келген жұмыстың қиындығы да, берекеті де болады, – дейді Ләззат. Қазір өзі де шәкірт тәрбиелейтін кәнігі маман болып алды. Құлақты тұндырған шудың арасынан қандай көлемдегі тастың келе жатқанын, қандай көлемдегі тастың лентадан өтпей қалғанын, қандай тетікке тастың тығылып қалғанын көзін жұмып тұрып айтып береді. Шәкірттері таңғалады. Тастың өзі де тазалықты сүйеді, шаңды жаз айында сумен жуып тұрады, қыста сыпырып, тастың жолын ашады. Осы цехтағы шаңнан өкпесі қабынып ауруханада жатқан күндері де болды. Түнде ұйықтамайды. Медбике келіп: «Неге ұйықтамайсыз, бір жеріңіз ауырып тұр ма?», деп сұрайды. «Еш жерім ауырмайды, бүгін менің түнгі ауысымға шығатын күнім ғой, әдеттеніп қалғанмын, түнде ұйықтай алмаймын», деп жауап береді. Бір цехта, бір фабрикада табаны күректей 30 жыл жұмыс істеген Ләззат Бақтиярованы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегілердің барлығы біледі десек болар. Дөңгелек жүзді сұлуша әйелдің есімі құрметке лайық кеншілер қатарында аталады, құрмет тақтасынан түспейді. Мерекелерде «ССКӨБ» акционерлік қоғамы басшылығы тарапынан талай рет алғыс хат алды. Арқадан қаққанда еңбек торысына да қанат біткендей, ол өзін бақытты сезінеді. Тас майдалау учаскесінде өн­діріліп жатқан қиыршық тас­тарды еліміздегі жол, үй құры­лыс­тарына, құрылыс материалдарын жасайтын зауыттарда пайдаланады. Жолсыз да, үйсіз де даму жоқ. Қиыршық тастар Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінен вагондарға артылып, еліміздің шалғайларына кетіп жатады. Ал ол тастардың нәп-нәзік әйел қолынан шыққаны ешкімнің ойына келе қоймайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Рудный