11 Маусым, 2016

Қас-қағым сәттің сұлбасы

1203 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
А09Шүкір Шахайдың өнернамасын тілге тиек ете отыра, қазақ фотожурналистикасы төңірегінде бірер сөз Пай-пай, шіркін!.. Қас-қағым сәт! Шүкір өнернамасына тереңірек үңіліп, егжей-тегжейлі талдамастан бұрын фото-өнерінің біздегі аяқ алысы, қанат жаюы мен дамуы бағытында аз-кем тоқтала кеткен жөн. Ә дегеннен басын ашып айтар жайт – қазақ фотожурналис­тикасына қай кезде де жеткілікті дәрежеде мән беріліп, назар аударылған емес. Қызыл империя үстемдік құрған сұрқия дәуірде өгей баланың кебін киген қазақ фотожурналистикасы, жанкешті еңбектерімен тамаша өнердің көкжиегін кеңейтіп келе жатса да, әлі де көзден қақас қалып отыр. Әр нәрсенің қайнар көзі, бастау бұлағы болады. Бұл – заңдылық. Фото­ның тарихы тым әріде, тым тереңде. О жағын ғалым-зерттеушілердің (егер тура осы саламен түбегейлі айналысып жүргендер бар болса) үлесіне қалдыра тұрып, өткен ғасырдың алғашқы ши­регінен көш тартар фототілшілер турасында аз-кем тілге тиек ету – асыл па­рыз. Бұл жерде біз газеттер мен журналдарда жарияланған фототуындылар төңірегінде әңгіме өрбітпек ниеттеміз. Әрине, мерзімді басылымдар беттеріне берілген о кездегі фотосуреттердің сапасы сын көтермейтін. Сөйтсе де, рес­публикалық газет-журналдарда фото­­лардың жариялануы елең еткізер құбылыс саналғаны мәлім. Алғашқы кезде республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті­нің өзі суретті там-тұм жариялағанын оның сарғыш тартқан тігінділерінен байқау қиын емес. Келе-келе басылымдар әртүрлі тақырыптарда түсірілген фотоларды тұрақты бере бастайды. Суретке түсіру өнерімен айналысушылар қатарының да жыл өткен сайын жаңа есімдермен толыға түскенін көреміз. Орай­лы тұста қадап айтарымыз – қо­лына фотоаппарат ұстағандардың бәрі бірдей фототілші қатарына жатпайды. Әйтпесе, фотосалондарда, фотография шеберханаларында, тұрмыстық қызмет көрсету үйлерінде жұмыс істейтін суретшілер көп қой. Нағыз кәсіби қазақ фото­жур­на­лис­­терінің көшін бас­таған Бек Тілек­метов, Рысқали Дүйсенғалиев, Қайрат Мұстафин, Жүнісбек Пайызов, Нұр­ғожа Жұбанов секілді танымал тарландардың өкшесін баса бас­пасөз беттерінде суреттері үздіксіз жарияланған Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебайұлы, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағанбетов, Рахымбай Ханалиев, Нұрманбет Қизатов, Мэлс Елеусізов, Советбек Мағзұмов суретке түсіру кәсібін тақырып жағынан да, жанр жағынан да жан-жақты байытып, түбегейлі қалыптастырып қана қоймай, оны шынайы фото өнері дәрежесіне дейін көтергенін әрдайым құрметпен, әрі мақтанышпен айтуымыз керек. Олар қазақ фотожурналистикасының жанрлық сипатын да, мазмұны мен сапасын да мүмкіндігінше көтерді. Өз істерінің майталман шеберлерінің жұлдызды шығармаларын құрайтын жоғарыда аты аталған фототілшілердің қырағы объективіне ілінген туындылардың тақырып ауқымы аса кең. Алғашқы лектегі тарландарымыз, тіпті, жеке-жеке тақырыптарға түсіруге бейімделді. Дүйсенғалиев өнер қайраткерлерінің портреттерін, Пайызов ғылыми лабораториялар тынысын, Егізов тек таза спортты, Пернебайұлы табиғат тылсымын бейнелеуге машықтанған. Өйткені, дара тақырыптарды игерудің өз техникасы, өз құпиясы бар. Жылдамдықты, діріл мен қимылды қамту оңай емес. Қарапайым еңбек адамының келбетінен бастап, сұлу табиғат саясының ғажа­йып әсемдігі кескінделген фотоэтюдке дейін уақыт лүпілі, заман лебі ап-анық сезіледі. Бұл күнде тарих парағының жарқын көрінісіндей көзге ыстық, жүрекке жақын туындылардан ұлан-бай­тақ Қазақстанның тіршілік-тынысын аңғарасың. Үлкен тарихтың, еліміз шежіресінің бұлтартпас бөлшегіндей саналатын қас-қағымдық сәттер мерейіңді өсіріп, еңсеңді көтеріп, өзгеше күйге түсіреді-ай. Атақты француз режиссері Жан-Люк Годар «Фотография – нағыз шындық!» десе, қас-қағым сәттің хас шебері Васи­лий Песков «Өткенді сол күйінде елестете алатын өнердің үлкені – фото» деген еді ғой. Ал бүкіл ғұмырын зыр жүгіріп фото түсіруге арнаған, Орта Азияны талмай шарлаған белгілі фотозергер Георгий Зельма өз кәсібін «Боямасыз өмірдің ақиқатына» теңейді. Бір иықтарын фото-қоржындары салбырата қисайтқан ағаларының ізін қуған фотожурналистер керуені ешқашан селдіреген жоқ. Қуаныштысы да, міне осы! Электроника мен компьютер дә­уірі фото өнерін айнымас серік еткен кейінгі лекке мүлдем жаңаша талап қоюмен қатар, суретке түсірудің небір құпиясы мен жұмбағын еркін меңгеру жауапкершілігін жүктеген. Өйт­кені, өмірімізге етене енген озық технология газет-журналдарды безендіріп, по­ли­графиялық биік талаптар үдесінен көрінуге ұмтылдырғаны баршаға аян. Бұл ретте фотожурналистке уақытпен жа­рысуға тура келеді. Осы орасан өз­герістердің алдын орай келген кейінгі буынның өзі бұл күнде жаңа белестерге көтеріліп отырғаны әрқилы ойға шомдырады. Фотожурналистер Берсінбек Сәр­сенов, Шүкір Шахай, Зейнел Үй­сін­баев, Болат Отарбаев, Асылхан Әбді­райымұлы, Орынбай Балмұрат, Ерлан Омаров, Жүсіп Ерғалиев алдыңғы толқын ағаларына еліктеп, сурет тү­сірудің қыры мен сырын игерумен бірге, өздерінің туындыларын компьютерде өңдеп, өздері ретушь жасап, өздері компьютер арқылы жүрген жерлерінің алыс-жақынына қарамастан сол заматында бет қатталып жатқан цехқа жібере алатын мүмкіндікті меңгеріп отыр. Қолдарына ұстаған аппараттары да ертедегі «Смена», бертіндегі «Зенит», кешегі «Никонь» емес, көп операциялы сандық жүйелі әлемдік ең озық тұрпаттағы фотоаппараттар. Демек, қандай жағдайда, қандай ауа райында, қандай жерде болсын түсірген суретіңнің сапасы өте жоғары деген сөз. Және бір ерекше айтарлығы, түсірген түрлі-түсті фотоларды бояусыз, жай күйінде де газетке жариялауға болады. Фото өнерін бүгінде биік дең­гейге көтерген нағыз шеберлердің бірі – журналист Шүкір Шахай. Сүйікті кәсібіне адал, өз ісіне бар ынта-жігерімен құлаған танымал фототілшінің республикамызда аяғы тимеген жері жоқтың қасы. Туған елінің қиыр-шиырын талмай шарлаған Шүкірдің фотообъективіне ілінбегені де шамалы. Ол түсірген сан алуан тақырыптағы туындылармен та­нысқан кез келген жанның көз алдына кең-байтақ Қазақстанның шежіресі фото дидарында елестері сөзсіз. Жоғарыда меңзегендей, бізде фото­журналистердің шығармашылық әле­міне байыппен үңіліп, олардың объективпен жазған туындыларына зер салып, арнайы талдап-тексеру жағы жетіспейді. Мұның ең басты себебі, фототілші еңбегіне жеңіл-желпі атүсті қарау, мән бермеу. Ал шынтуайтына келгенде олардың түсірген суреттері қылқалам шеберлерінің жазған полотнолары мен картиналарынан кем түспейді. Кей тұста салмағы жағынан қолмен салынған суреттен әлденеше есе бағалы саналса керек. Бұған нақты дәйектер мен дәлелдерді көптеп келтіре аламыз. Оған Шүкір Шахай өнернамасын жан-жақты сөз ету барысында тоқталғанды жөн санадық. Сонымен, тәжірибелі фото­жур­налистің барлық фотомұрағатын тілге тиек етпей-ақ, егемендігімізді алып ел болған, тәуелсіздігімізді жариялап әлемдегі бостан мемлекеттер сапына қосылған ақжарылқап күндерден бастап сыр шертетін Шүкір Шахай туын­дыларының өзі үлкен тарихи кезеңнің мәңгі өшпес жылнамасы іспетті. Тәуел­сіздігіміздің елең-алаңындағы қым-қуыт тіршіліктің бұлтартпас шынайы көріністері, тәй-тәй басқан дербес елдің алғашқы адымдары, алаңдар мен көше бойларындағы бей-берекет шерулер, дүкендердің жылан жалағандай тып-типыл бос сөрелері, телміріп алақанын жайған қайыршылар, одан кейінгі еңсе көтерген жылдар жаңғырығы, өр­кениет жолына түсіп, өрге жүзген өрісті де өркенді өзгерістер… Бәрі-бәрі фото тілімен сөйлейді. Ұмытылмас оқиғалардың фотомен өрнектелген лейтмотиві мен драматизмі қызыл тін боп өріледі. Заман лүпілін, мезгіл тынысын ап-анық көресің. Толғауы тоқсан тіршіліктің кескін-кейпін, адамдардың көңіл күйін нақты көріністер арқылы тағы бір мәрте көз алдыңа елестетесің-ау. Еш артық-ауыс бояусыз сол күйінде. Фотошебер қолынан шыққан әрқилы суреттер өткен өксікті жылдар елесінен хабар бергендей. «Иә, осындай күндер болған. Бәріміз де бастан кешіргенбіз» дейсің іштей күбірлеп. Тарихты, өткенді таң­балаған Шүкір туындылары, сөз жоқ, уақыт жылжыған сайын қастерлене түседі. Өйткені, қарыштап ілгері ұм­тылған зымыран уақыт өзгерістерінің қазіргі демі өзгеше. Демек, дәуір кер­уенінің доңғалағын тежеу мүмкін емес. Әйткенмен, тарихтың қас-қағым сәттерін ұстап қалу – фотожурналистің пешенесіне бұйырған үлкен бақыт. Шүкір Шахай – фотожурналистика жанрын барынша байытқан қағы­лез суреткер. Оның лаборатория­сына жіті үңілген сайын кенеусіз қазынаға тап боласың. Фотопортрет, фото­очерк, фотоэтюд, фотоновелла, фоторепортаж, фотоәзіл… Әр туын­­ды­сы, әр фотосы кесек-кесек дүние, шы­ғар­­машылық ізденіс жемісі. Еліміз­дің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тан бастап, республикамызға есімдері белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің портреттері фотожурналист шығармасының алтын арқауын құрайды. Тұлғалар бейнелерінің қай-қайсысы да альбомдық, открыткалық жиынтықтардан, безендіру нышандары ретінде түсірілген қосымша иллюстрациядан гөрі, өз алдына жеке-жеке көркем де кесек портреттер галереясын түзетін еңбектер санатына жатады. Оларды түсірген кезде автор кәнігі фотошеберге тән ұшқырлық пен фантазиясын үнемі сәтті тоғыстыра үйлестірумен қоса, белгілі нысанды қамту нүктесін дәл табады. Образдың көркемдік шешімін айшықтай түсетін, сол бейненің барынша бедерлене түсуі үшін негізгі фонда қамтылар детальдарға Шүкір айрықша мән береді. Яғни, фото өнеріне қажетті композициялық жинақтау тәсілі мен жарықты ұтымды пайдалана біледі. Осы орайда Елбасы тұлғасы сом­далған әртүрлі мезеттердегі фотоларға ден қоя жанар жүгіртіп көріңіз. Та­рихи кезеңдердің қас-қағым сәттері – айтулы оқиғалардың қайталанбас көріністері. Елбасының ант беру сәті, Парламент тынысы, депутаттар додасы, Қазақстанның рәміздерін қабылдау кезі, төл валютамыз – теңгенің дүниеге келуі тәрізді ға­жайып толғаныстар мен көңіл күй сезімдерін тасқындатқан оқи­ғаларды бей­нелеген суреттері еліміз шежіресіне қо­сылған өлмес туындылар екені дау­сыз. Әйгілі академиктер Салық Зима­нов, Сұлтан Сартаев, Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қай­сенов, тұңғыш қазақ ұшқыш-ға­рыш­­кері Тоқтар Әубәкіров, даңқты көк сұңқарлары әрі аттастар Талғат Би­гелдинов пен Талғат Мұсабаевтың әр жылдары түсірілген суреттері ұлы тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан сыр өрбітеді. Сондай-ақ, Шүкір Шахай өнер­намасынан атақты ақын-жазушылардың, киелі қазақ сахнасының бүгінгі кори­фейлерінің портреттерін де молынан кездестіресің. Бұл ретте қаламгерлер Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдаға­лиевтің, сахна саңлақтары Роза Бағ­ланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенованың тосыннан түсірілген суреттері назар аударарлық. Бірде анфас, бірде профиль үлгісінде объективке ілінген фототуындылардың өз айтары бар. Тек, фото тілін жан дүниеңмен түсіне, ұға біл. Фотожурналист айнала-төңірегіндегі құбылыстарды қаз-қалпында «шыртылдатып» көшіре салатын тұрмыстық фотограф емес. Кәсіби қолтаңбаны тану да, ажырату да оп-оңай. Оны нағыз шебердің ой көзіне шалынған кез келген қас-қағымдық сәттердің өзі-ақ айғайлап айтып тұрса керек. Шеберлік сыры, міне, осында. Оған айғақ – біз бәрін тізбелеп, талдап, саралап көрсетпеген жұлдыздар өмірінен таңбалаған біраз дүниелер – сырлы суреттер. Ал олар ондап емес, жүздеп саналады. Шүкір Шахайдың «Қас-қағым сәт!» фотоальбомында қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалар – ығайлар мен сығайлар толып жатыр. Алаш ардақ­тыларының бейнесіне әрдайым өнер талабы тұрғысынан жанар жүгіртейік демекпін. Сонда ғана біз фотожурналист еңбегін тани да, бағалай да білеміз. Шүкір Шахай шығарма­шылығында шырайлы туын­дылардың денін табиғат тамашалары құрайды. Бұл жерде оның объективіне ілінген туған еліміздің әсем, көрікті, сұлу саялары жөніндегі фотоэтюдтерінің өзінен-ақ жеке-жеке альбом-кітаптар шығаруға болатынын айтар ек. Ол – келешектің еншісінде. Тәжірибелі фотожурналист маңайына, айналасына үнемі ой көзімен қарайды. Адам мен табиғатты бөлшектемей, бір-бірінен ажыратпай тек ұтымды мезетте нысана объектісі ретінде қамтып қалуға ұмтылады. Көп жағдайда ол ізденісі сәтті шығып жатады. Өнер адамына қажеті де осы емес пе. Бүгіннің ертеңге жалғасар, ертеңнен тарих еншісіне айналар дәуір шежіресін объективпен жазып жүрген фотожурналист ағайындардың еңбегі қай кезде де, қай заманда да өз маңызын жоймайды. Оған дәлел 2005 жылы жарық көрген Александр Людвигович Кунның «Түркістан альбомы» деп аталатын кітабы. Айрықша форматта, өте сапалы қағазға басылған аса құнды кітапқа фотосуретші Н.Нехорошев түсірген таңдаулы фотосуреттер берілген. Бұ­дан 135-140 жыл бұрын дүниеге келген туындылардың дерегі де, сол кезеңнің сыр-сипатын жеткізер баяны да өлшеусіз зор. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолдауымен дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы бүгінде қалың жұртшылық талай-талай рухани қазыналармен қайта қауышуда. Соның бірі «Түркістан альбомы» деген атпен 1871-1872 жылдары дайындалған үлкен еңбектің қайта жарыққа шығуы десек, бұл фотоальбомды халқымыздың тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертетін шежіре деуге әбден лайық. Осындай іргелі еңбектің қатарында RAUAN баспа корпорациясы 2005 жылы шығарған «Қазақстан» деп аталатын үш томдық үлкен фотоальбомды атар едік. Үш кезеңге іріктеліп топтастырылған бұл туындының бірінші кітабына төң­керіске дейінгі қазақ халқының басынан кешкені, ХІХ ғасырдағы ахуалы, тұрмыс-тауқыметі, белгілі тұлғалардың өте сирек фотолары мен этнографиялық жәдігерлері берілсе, келесі кітаптарынан өткен ғасырдың ақиқат шындығы мен жаңа ғасырдың алғашқы жылдарының фотошежіресін тамашалайсыз. Жүзден астам сурет! Туған еліміздің қилы-қилы тағдырының нақты куәсі. Баға жетпес бейнелер. Тарих керуенінің ұмытылмас, өшпес, өлмес қас-қағым мезеттері. Фотожурналистиканың алғашқы ұшқыны саналатын жоғарыда келтірген кітаптардағы суреттерге көз сүзген сайын, ойымыз да сан тарапты шар­лаған. Кім білсін, бүгінгі танымал фотосуретшілердің өзіміз тамашалап, тамсанып жүрген фототуындылары жылдар өте, ғасырлар өте та­рихтың баға жетпес мұрасына айналуы мүмкін-ау. Әбден мүмкін! Ендеше, әр фоторепортердің еңбегіне салғырт, немқұрайлы қарамағанымыз абзал. Өмір сабақтары бізге осыны әрдайым ескертетіндей. Үкіметімізден бастап, жауапты мекемелер, әсіресе, фото деректер мен маңызды фотоларды сақтап қалуды тікелей міндеті есептейтін мұрағаттар қызметкерлерінің сергек болғаны жөн. Біраз фототілшілердің жеке архивтерін, асылға пара-пар миллиондаған кадрды құрайтын негативтерін түгендеп, тізіп, қадағалап жүрген мамандарды көрген емеспіз. Осы ретте айрықша қадап айтар жай – белгілі фотожурналистердің қолдарындағы келешек үшін құны өлшеусіз негативтерді мемлекет есебіне сатып алу керек. Осынау толғақты мәселе төңірегінде кезінде «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінің дабылдатқаны есте. Фотожурналистер Р.Дүйсенғалиев, С.Пернебайұлы, С.Бәсібеков т.б. ең­бектерінен айдың-күннің аманында айырылып қалмау жөнінде ескертілген. Біздікі де әңгіме ыңғайына орай айтып жатқан құлаққағыс та. Халқымыз «жүрген аяққа жөргем ілігер» дегенді үлкен өмір тәжірибесінен түйіндеген болар. Шүкір фотоларының дені жол үстінде, іссапарлар кезінде дүниеге келген. Қаршадайынан ынтық мамандығы санаған, қазір де сүйікті кәсібіне айналған ісіне мейлінше таза. Айтпақшы, әуелде оның осы бағыттағы «жолы болмай», ойы орындалмағандай кепті бастан өткізген-ді. Колбиннің кезеңіне дөп келген бозым жігіт Мақта­арал ауданындағы Асықата кентіндегі орта мектепті бітіргеннен соң, үш жыл қатарынан ҚазМУ-дің журфагына тұяғын іліндіре алмай-ақ қояды. Өйтіп-бүйтіп «процент» іздеген, оңтүстіктің қазағын «түгендеген» колбиншілер журфакқа жолатпайды. Темірқазық мақсатынан айнымаған Шүкір амалсыздан Алматы жеңіл өнеркәсіп техникумына түсіп, фототехника факультетін бітіреді. Содан кейінгі өмір соқпағы өнер сүрлеуіне ұласқан. Әуелде аудандық газетте фототілшілік әліппесін үйренген ол республикалық «Ұлан», «Халық кеңесі», «Жас Алаш», «Түркістан» газеттерінде үлкен мектептен өтті. Фото өнерінің небір құпияларын меңгерген, мол тәжірибе жинақтаған Шүкір Шахай қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» біраз тер төкті. Қатар жүріп, ағалы-інілідей қоян-қолтық еңбек еттік. Талай іссапарларға бірге шықтық. Беделді басылымның киелі көрігінде шыңдалып, ел аралады, жер көрді, адамдарды таныды. Талай тағдырлармен жүздесті, келешек кейіпкерлерімен қауышты. Тәй-тәй басқан тәуелсіз елі­міздің өмірбаяны боп өрілер орасан оқиғалардың қас-қағымдық ұмытылмас сәттерін қырағы жанарынан қалт жібер­мей бейнеледі. Ізденіс жеміссіз де емес. «Суретті түсірген Шүкір Шахай…» дейтін жалғыз ауыз тіркесті қазір жал­пақ Қазақстан біледі. Кезінде техникум табалдырығын әупірімдеп зорға аттаған көкөрім өскін екі бірдей жоғары оқу орнын – Қазақ-түрік және Заң университетін тәмамдаған. «Қазақстан», «Түркістан», «Роза Рымбаева», «Қа­сым Қайсенов», «Мақтаарал», «Жер жаннаты – Жетісай», «Астана», «Шежірелі Шардара», «Қазақтың киіз үйі», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Егемендік айнасы», «Құдайберген Сұлтанбаев», «Астана Қазақстанның жүрегі» т.б. жиырмаға жуық фотоальбом кітаптарының авторы. Бірнеше халықаралық, республикалық шығар­машылық көрмелерін ұйым­дастырды. Талай көрмелердің жеңімпазы, журналистикадағы зор еңбегі түрлі сыйлықтарға ие болған, Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдығына арналған мерекелік медельдармен марапатталған. Шығармашылық белестің қия­сына көтерілген фотожурналистің өнер­намасына жанар тоқтатқан әркім-ақ тал­ғампаз да, тәжірибелі шебердің қиялға бай дара қолтаңбасын айқын аңғарар еді. Республика Премьер-Министрінің жеке фототілшісі болып қызмет істейтін Шүкір Шахайдың «Тәуелсіздік: қас-қағым сәт» таңдамалы фото-кітабы азат еліміздің шынайы шежіресі іспетті. 500 фото – қыруар дүние! Иә, тарихтың өзі қас-қағым сәттерден құралса керек. Ал сол туындыларға көз сүзген сайын «Шіркін, өмір қандай ғажап!» дей бересің іштей... Жанат ЕЛШІБЕК, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

03 (251)Күн құрық бойы көтерілді...

05 (282)«СҚ» – «Егеменнің» редакторлары

44 (38)Қазақ фотожурналистері – бір бөлмеде