11 Маусым, 2016

ЭКСПО-ға билет сату басталды

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2016 жылғы 10 маусымда келесі жылы Астанада ашылатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттерді онлайн-сату басталды. Билет бағдарламасы бойынша әрбір қазақстандықтың көрмені тамашалауға толық мүмкіндігі бар. Астанада өтетін халықаралық көрменің билет бағдарламасы шараны өткізудің әлемдік тәжірибесінде бірегей болып табылады. Экспозицияны Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім және 6 жасқа дейінгі балалар тегін тамашалай алады. Зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен оқушыларға жеңілдіктер жасалады. Қазіргі кезде 89 мемлекет пен 15 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындарын растады. Билеттер мен басқа да билет өнімдері сатылымға кезең-кезеңмен шығарылады. 10 маусым- 10 шілде аралығында промо-кезең өткізіледі, бұл кезде билетті барынша төмен бағамен сатып алуға болады. Ал 10-20 маусым күнері аралығында сатылатын билеттерге 50%, 21-30 маусымда 30%, 1-10 шілдеде 20% жеңілдік жасалады. Сонымен қатар, 10 шілде-10 тамыз аралығында туроператорлар мен реселерлер үшін промо-кезең өткізіледі. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде барша Қазақстан бойынша офлайн-кассалар ашылады. Ұлттық мерекелерді өткізу аясында билеттерді көшпелі сатуды ұйымдастыру жоспарланған. Бұдан басқа, билет сатуға ЭКСПО-2017 серіктестері – «Қаз-пошта» АҚ, «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Air Astana» АҚ тартылады. Жалпы алғанда, билеттерді алдын ала сату биылғы 10 маусымнан басталып, 2017 жыл­дың 9 маусымына дейін жүргі­зі­леді. Билетті www.tickets.expo2017astana.com сайтынан сатып алуға болады. Сөйтіп, кешеден бастап бүкіл әлем бойынша «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне билет сату науқаны басталды. Көрменің алғашқы билетін онлайн-сату жүйесі арқылы Астана қаласының 24 жасар тұрғыны Олжас Оңалов сатып алды. Осыған байланысты Көрмені ұйымдастырушылар офисінде Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов алғашқы билет алушыны қабылдап, оған ескерткіш сыйлық табыс етті. «Егемен-ақпарат»