Күннің батуын суретке түсіремін деп ажал құшты
Американың Нью-Джерси штатында бір ер кісі жағажайда батып бара жатқан күнді түсіремін деп жүріп, жартас басындағы алаңқайдан төмен құлап кетіп, қаза тапты.
Полицейлердің хабарлауынша, 68 жастағы Марк Саймон Sand Beach жағажайында жүргенінде 12 метрлік биіктіктен құлаған. Оны жартас басына шақырып, батқан күнді түсіруді ұсынған әйелі екен.
Алпыс жасында ана атанды
Мәскеулік 60 жастағы әйел мамыр айында балпанақтай ұл туып алған. Бірақ өзінің бұл қуанышын күні бүгінге дейін жасырып келіпті.
Әйел ұлғайған шағында неге мұндай тәуекелге барғанын да айтпаған. Ал ол босанған Н. Бауман атындағы № 29 қалалық клиникалық аурухана жанындағы перзентханадағылар баланың ЭКО жолымен қабылданғанын, шарананың жақсы жағдайда туғанын ашып қойды. Кремльді қалада былтыр да осылай алпысқа келген әйел балалы болған екен.
Қала орталығын мың қой басып қалды
Испанияның солтүстік-шығысындағы Уэска қаласының орталығы бір мезгілде бір отар қойдың мекені болып шыға келді.
Мұнда таң алдында мыңнан аса қой лап етіп кіріп келгенде, айнала демде азан-қазан болып кеткен. Шұғыл жеткен полиция оларды қоршауға алып, сыртқа біртіндеп шығарып болғанша үш сағат уақыт өткен. Ал далада ұйықтап жатқан шопан тіпті, қойларының кетіп қалғанын да білмепті.
НАТО солдаттарына да жан керек
НАТО-ның Ресей шекарасында өткізген жаттығуына қатысып жатқан финнің үш мың солдаты орманнан аюды көргенде, жан-жаққа тым-тырақай қашқан.
Суоми сарбаздары үлкен ашық алаңқайға қарай «уралап» жүгіруге енді көтерілгелі тұрғандарында арт жақтарынан орасан зор қоңыр аю шыға келеді. Бұдан зәрелері зәр түбіне кеткен жауынгерлер беттері ауған жаққа қаша жөнеліпті. Ал аюдың оларда шаруасы болмаған, әскери базаның ас бөлмесіне кіріп, өзіне керегін алып жей берген.
Бала анасы өлген соң төрт айдан кейін өмірге келді
Португалияның астанасы – Лиссабон қаласында 37 жастағы әйел дәрігерлер миы өліп қалғанын анықтағаннан кейін төрт айдан кейін өмірге перзент әкелген.
Медиктер осыған орай, жасалған операцияны ерлікке бағалап отыр. Әйтпесе, әйелдің миы өліп қалғаны ақпан айында-ақ белгілі болған екен. Бірақ ол жасанды ауа беру түтігінен ажыратылмаған. Осылайша баланы аман-есен туғызып алу көзделген. Бұдан бұрын қайтыс болғанына 55 күн болған әйелдің бала туу оқиғасы Польшада орын алған еді.
Үндістанда маймыл дүкенді тонап кетті
Үндінің Гунтур деген қаласында бір маймылдың асыл тастар дүкенін тонап кету оқиғасы орын алды.
Мартышка 20 минуттың ішінде сөрелерден әртүрлі әшекей бұйымдарды сыпырып кеткен. Бұған кассадан кеткен 144 долларды қосыңыз. Сөйтіп, тайып тұрған. Бейнебақылау камерасы осының бәрін жазыл алған. Бірақ маймылды қолға түсіру мүмкін болмапты.
Өзінің тойында өкіріп жылаған...
De Rienzo Films агенттігі үйлену тойларының бейне-баянын түсіріп, жасаумен айналысады және осы өнерге маманданған. Жақында аталған агенттік өзінің платформасында бейнебаян жариялады.
Vimeo деп аталатын бейнежазбада күйеу жігіт оның қалыңдығы алтарьға жеткенше, неге екені белгісіз, өңкеңдеп жылап жіберген. Ал қалыңдық болса, мұндай «араңдатушылыққа» мойынсұнбай, салмақты қалпын сақтап қалыпты. 8 маусым күні жарияланған бейнебаянды айналасы екі күннің ішінде 232 мыңнан астам адам тамашалап үлгерген.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде дайындалды