Смирнов кентінің тұрғындары мәдениет үйінде өтетін басқосуға ертерек жиналып, Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаевтың есебін тағатсыздана тосты. Өйткені, оларды әлеуметтік мәселелерге қатысты толғандыратын мәселелер аз емес еді.
Әкім алдымен жұртшылықты елдегі және облыстағы саяси-экономикалық ахуалдардан хабардар етіп, сосын ауданның тыныс-тіршілігін баяндауға кірісті.
Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың қол жеткен табыстары қомақты-ақ. Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Оның экономикадағы үлесі 97 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 8,8 миллиард теңгеге жеткен. Аққайыңдық диқандар былтыр 185,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңіріп, озық технологияларды тиімді қолдана білді. Сөйтіп, ауа райының құрғақшылығына қарамастан гектар берекелілігін 11,4 центнерден айналдырды. Бұл салада 225 шаруа қожалығы, 70 ЖШС еңбек етеді. Соңғы жылдары ауылшаруашылық техникалар паркі айтарлықтай жаңарып, көктемгі, күзгі дала жұмыстарының үштен екі бөлігі шетелдік егіс кешендерімен атқарылады, деді әкім өз есебінде.
Шынын айту керек, төрт түлік өсіретін шаруашылықтар әлі де бармақ бүгуге де келмейді. «Полтавка», «Леонов», Черкасс» сияқты санаулы ірі серіктестіктер бұрыннан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оларға ет және сүт өндіру үшін 44,5 миллион теңгенің жеңілдікті субсидиялары берілді. Жеке адамдар да малдың қадір-қасиетін түсініп, оны көптеп өсіруге құлшына кіріскендері байқалады. Баяндамашы бұл бағытта ішкі мүмкіндіктердің жетіп артылатынын, жайылымдар мен шабындықтарды тиімді пайдалана білу қажеттігін алға тартты. Сол сияқты малды асылдандыру, тұқымын жақсарту саласында да атқарылатын істер аз емес.
«Жол картасының» шапағатын аққайыңдықтар да жете сезініп отыр. Бағдарлама елді мекендерге дейін жетіп, әлеуметтік салалар бірінші кезекте қамтылған. Оны орындауға 109 миллион теңге бөлініп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін, жолдарды, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері сықылды әлеуметтік нысандарды жөндеуге жұмсалған.
Әкім жиналғандарды мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен де жан-жақты таныстырып өтті. «Леонов» ШҚ-да сүт кешенін салудың бірінші кезегі жүзеге асты. Жобаның құны жарты миллиард теңгеге жетеғабыл. Қазір мұнда 320 сиыр сауылады. Тағы да осынша сауын малды орналастыру көзделген. «Иван Зенченко» ЖШС жалпы құны 490 миллион теңге болатын элеватор кешенінің құрылысын жалғастыруда. Оның астық қабылдау сыйымдылығы – 25 мың тонна. 60 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан тысқары екі элеватор салынуда. «Меденников», «Ростан» қалдықсыз ет өңдеу кәсіпорындарының аяқ алыстары да мақтауға тұрарлық. Мәселен, ерлі-зайыпты Меденниковтардың өндіріс орны шетелдік қондырғылармен жабдықталған. 150-ден астам ет, колбаса түрлерін өндіріп, еліміздің көптеген өңірлерін қамтамасыз етеді. Үш құс фабрикасының өнімдеріне де сұраныс көп. Жеке адамдардың қосалқы шаруашылығын жандандыру бағытында «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау» қоры 112 отбасыға 25,7 миллион теңгенің несиесін бөлді. «Аққайың» несие беру серіктестігі де тиімді жұмыс істеп келеді. Оның несиелеу мөлшері 239 миллион теңгеден асып түсті. Ал, «Бизнес – 2020» бағдарламасы бойынша 520 миллион теңге бөлініп, 16 жоба қаржыландырылып отыр.
Баяндамашы өз сөзінде жұмыссыздықты қысқарту мақсатымен 7 жобаның іске қосылғанын, бұдан тысқары әлеуметтік жұмыс орындарын ашу үшін 4,4 миллион теңге қарастырылғанын, жастар практикасы бағдарламасы аясында 100 адамға жұмыс берілгенін, Қиялы кәсіптік лицейінде 75 адамның түрлі мамандықтарға даярланғанын айта келіп, алда тұрған міндеттермен таныстырды. Атап айтқанда, елді мекендерге 248 миллион теңгеге сапалы ауыз су жеткізіледі. Смирнов кентіндегі үйлерді жөндеуге 7 миллион теңге жұмсалады. Ауылдарда тұратын жас мамандарды қолдау мақсатымен 30 миллион теңгенің несиесі беріледі. «Ұрпақ қоры» бағдарламасын қаржыландыруға 12,5 миллион теңге қарастырылады. Сол сияқты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлығы жаңа талаптар қоятыны атап өтілді.
Рүстем Мұқашұлының есебін тұрғындар жылы қабылдады. Аса ділгір мәселелерге бірінші кезекте көңіл аударылып, былтырғы ұсыныс-өтініштердің деншілігі орындалғанын құптай отырып, сұрақ жолдаушылар да болмай қалған жоқ.
Олардың барлығына тұшымды жауап алынып, аудан әкімі Рүстем Елубаевтың есебіне қанағаттанарлық баға берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
* * *
Сауалы мен жауабы
Г.Есенеева, аудандық орталықтандырылған аурухананың мейірбикесі: Әр аулаға ауыз су тарту жайы қарастырылған ба?
Жауап: Бұл мәселені ойластырып отырмыз. Аудан орталығын дамытуға арналған 2010-2015 жылдарға арналған бағдарламаға орай келесі жылдан бастап кірісетін боламыз.
В.Хмара, аудандық электр стансасының бас инженері: Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ескерткіштерді жөндеу, жас өскіндерді отырғызу бағытында көп іс тындырылған болатын. Алда кентті көгалдандыру жалғаса ма?
Жауап: Биыл бұл мақсатқа 12 миллион теңге қарастырылып отыр.
О.Ғалымов, зейнеткер: Былтыр аудан өмірін жан-жақты қамтитын мұражай ашылып, бір жасап қалып едік. Алайда, орынның тарлығынан көптеген экспонаттар мен жәдігерлер қараусыз жатыр.
Жауап: Биыл мұржайдың орнын кеңітуді ойластырып жатырмыз. Бүгінде құрылыс-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.
Солтүстік Қазақстан облысы.