11 Маусым, 2016

Соғыстағы серт

368 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Фото2755– 1943 жылдың күзінде, дәлірек айтқан­да, 6 қарашада Украинаның астанасы Киев қаласы жау қолынан азат етілді. Сөйтіп, 778 күнге созылған үзілістен кейін қала Кеңес әскерлерінің қолына көшті. Сөйтіп, кең көлемді шабуылдау операциялары басталды... 13-15 қараша күндері 38-ші армия­ның жекелеген құрамалары мен 3-ші гвардиялық танк армиясы Киев қаласының оңтүстігіне қарай 80 шақырым жерде жатқан Белая Церковь қаласын азат ету ұрыстарын бастап кетеді. Бұл кезде 38-ші армияның негізгі құрамалары Житомир, Ровно, Луцк бағытына лап қойған болатын. Сонымен, екі күнге созылған қиян-кескі шайқастан кейін Белая Церковь қаласы да жау қолынан азат етіледі. Менің Кребек көкем өзінің болашақ қайын атасы Сақан Асахаев қариямен дәл осы Белая Церковь қаласының түбіндегі шайқастар кезінде танысады. Көкем осы тұсқа келгенде «пауза» жасады. Бұл өзінің сөзі. – Ай, Тұмар-ау! Мына шайың суып қалды ғой. Біз Киевті азат етіп, онымен қой­май, Белая Церковьті да жаудан тазарт­тық. Үнемі соғыса берген адамда әл қалмайды. Бір пәс демалып, «пауза» жасау әскери тактикаға жатады. Әңгіме айтқанда да солай. Сен шайыңды ысытып әкел. Сонан соң Сақан атаға жолыққанымды, танысып, біліскенімді баяндаймын, – деді көкем жастыққа жантайып жатып. – Менің әкеммен жолыққаныңша әлі екі самауыр шай қайнатып әкелу керек шығар, – деп Тұмар апа шалына қарап наз­дана сөйледі. – Ой-й, сенің осы асығысың-ай! Сонда жолдағы қалаларды, «важный объек­тілерді» жаудан кім арашалайды? Қайын атамды жолықтырамын деп асығуға бол­майды ғой. Саған үйленгенге дейін, Баға­рада «учетчик» болып жүргенімде мені нағашыларым бір татар қызына қосып жібере жаздаған. Ал мен асыққаным жоқ. Құдай сені жолықтыратынымды сездірген сонда, – деп көкем енді маған қарап, кеңкілдей бір күліп алды. – Саған дауа жоқ әй! – Тұмар апаның бож-бож болып, әбден сілесі қата қайнаған самау­рыны кіргенде көкем «қайын ата» хикаясын айтуға дайын еді. – Біз айға жуық қорғаныс шебін жасап, Белая Церковь қаласының түбінде аялдап қалдық, – деп әңгімесін жалғаған сырбаз шал қырық үшінші жылға қайта оралды. – Бір жарым ай бойы бел шешпей үнемі шабуылдап келе жатқан біздің корпуске бір аптадай демалыс берілді. Қатарымыздың қатты селдіреп қалғаны байқалады. Солдаттар моншаға түсіп, киім­дерін бүтіндеп бір жасап қалды. Соғыс­тағы демалыс дегенді аяқты аспанға көте­ріп қойып, қаннен-қаперсіз жату деп түсінбеу керек. Бұл кезде екінші эшалонға шығарылған жауынгерлер жаңа қорғаныс шебін қазады, оқ-дәрі қорын жасақтайды, жаралылар тылға жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, бәрібір тыным жоқ. Мен корпус штабында байланысшымын. Осы Киевті азат ету шайқасының алдында ғана 52-ші артполктен осында ауысқан болатынмын. Бізге екі дивизия, арнайы жасақталған үш полк қарайды. Оның екеуі артиллерия полкі. Соңына артиллерия ерткен жаяу әскердің танктен тайсалмайтынын біз осында жүріп ұқтық. Корпус командирі генерал Мельничук деген украин болатын. Демалыстың екінші күні мені генерал шақырды. Аралық бөлмеде өзіме таныс телефон аппараттары орналасып қалыпты. Бірақ әлі үнсіз. Сөйткенше болмай тағы да бес-алты байланысшы жиналды. Генералдың бізге берген тапсырмасы тығыз әрі өте құпия екен. Біздің түсін­геніміз: Киевтен айырылып қалған фашис­тер қатты ширығулы. Қарсы шабуылға әзірлену үстінде. Бұған қосымша, кейбір аймақтарға диверсанттар түсірілгені жөнінде ақпарат бар. Белая Церковь қала­сына орналасқан корпус штабымен байланыс жедел түрде қалпына келтірілуі керек. Біздің міндетіміз: Гребенки, Кіші Оль­шанка, Строков және Фастов деревняларында орналасқан дивизия штабтарына қорғаныс шептері мен түнгі күзетті күшейту тапсырылғанын жеткізуіміз керек. Жаңадан тартылып жатқан телефон сым­дары бір сәтке де үзілмеуі тиіс. Бұл бір. Екінші, түнгі күзеттің құпия сөзі (пароль) қазіргі сәттен бастап өзгертіледі. Ол – «Шетен» («Рябина»). Ал қосымша бұйрықтар қолымыздағы пакеттің ішінде. Осындай құпия бұйрықты алып, бар­лығымыз жан-жаққа тез тарасып кеттік. Астымызға бір-бір ат берілді. Маған тап­сырылған Гребенки деревнясына тез-ақ келіп қалдым. Алдымнан күзетшілер кес-кестеп тоқтатты. – Құпия сөз! – деді күзетшілердің ішін­дегі төртпақ денелі мұртты адам. Өзі менен әлдеқайда ересек көрінеді. – Шетен! – дедім мен міз бақпастан. – Мынау не дейді-ей? Шетеншілін өзінің. Қаруыңды таста да аттан түс. Шете­ніңе көрістіріп жіберейін, – деді әлгі мұрт­ты адам. Дауысы зор екен. Екі күзетші қару­ларын кезеніп, енді болмаса шүріппені басқалы тұр. Сонымен, қойшы әйтеуір, олар мені атымнан түсіріп, дивизия штабына жаяу айдап әкелді. Штаб бастығы майор шенін­дегі орыстың отыздарға келіп қалған жігіті менің берген құпия пакетімді ашып оқығаннан кейін жүзіне жылылық келе бастады. – Жақсы, жолдас қызыл әскер. Бұйрық­ты дер кезінде жеткіздіңіз. Бізден кейінгі Васильков қалашығында диверсанттардың жүргендігі жөнінде мәлімет бар. Қайтарда сақ болыңыз, – деді. Штабтан шыққанымда бағанағы мені тоқтатқан күзетшілердің ішіндегі дәу мұрттысы сол маңда әлі жүр екен. Жылдам басып менің қасыма келді. – Қазақпысың? – деді ол салған жерден жүзі жадырап. – Қазақпын... – Ой, айналайын-ай! Қызыл әскер киі­мін кигеніңмен, біріншіден, түр-түсіңді ажырата алмаған айып менде. Екіншіден, біз білмейтін құпия сөзді айтқаныңда, тіпті, шошып кеттік қой. Соның алдында ғана диверсанттар туралы хабарланған едік, – деді кешірім сұрағандай болып. – Оқасы жоқ, ағасы, – деп атыма қарай жүре бергенім сол еді, ол кісі гүр етіп қайта тоқ­татты. – Қай жерлік боласың, інішек? – Оңтүстік Қазақстан облысынанмын. Бұрынғы Сырдария облысы... – Оның қай жерінен? – Шаян ауданы. Үлкен Бөген бойындағы Талап ауылынан боламын, – деп бұл жолы толық жауап бердім. Өйткені, осынау мығым қазақ менің жай-күйіме көңіл аударып, әкедей баурап бара жатыр еді. – Өй, жерлес болдық қой біз. Мен Арыс­тан боламын. Сендердің ауылдарыңнан ағып өтетін Бөген өзені біздің Көксарайға дейін келеді. Бәсе, жылы ұшырайсың өзің. Енді маған іні болдың. Қайда жүрсең де, аман жүр, – деп атымның жүгенін өзі ше­шіп, қолыма ұстатты. Көп ұзамай Житомир қаласы үшін қырғын шайқастар басталды. Шабуыл бас­талар алдында Житомирдің түбіндегі Глубочица деревнясына бекініп алып, артподготовканы бастап жібердік. Айнала алай-дүлей. Жер-дүние солқ-солқ етеді. Сол уақытта тек біздің 52-ші артполктің бір өзінен бір мезетте 300 зеңбірек іске қосылды. Осы шабуыл кезінде баяғы Гребенки деревнясында жөн сұрасатын мұртты қазақпен қайта ұшырастым. Жара­ланып қалса да қатардан шықпай соғыса беріпті. Мені көргенде туған баласын көргендей қатты қуанды. Атыс саябыр­сыған бір сәт еді. Окоп ішінде отырып, жол қапшығымыздағы «сухой паекпен» жүрек жалғадық. Осы кезде бағаналы бері үнсіз тыңдап отырған Тұмар апа әңгімеге араласты. – «Наркомовский» жүз грамнан да іштік» – демейтің бе едің... – Ой, ол кейін ғой. «Награждение» болғанда. Житомирді азат еткеннен кейін біздің корпустан 300-дей жауынгердің әртүрлі наградаға ұсынылғаны туралы естіп жүрдік. Ал енді осы жерде бір қызық бар, – деді көкем тыңдаушы адамын елең еткізердегі әдетіне басып. Сосын жүзі жылып біраз уақыт отырды да: – Жарықтық Сақан қария! Көп болса сонда қырыққа енді келген қылшылдаған жігіт кезі екен ғой. Бізге әкеміздей ересек көрінуші еді. Корпус штабындағы марапат кезінде сапта ол кісі де болды. Гене­рал Мельничуктың қолынан «Ерлігі үшін» медалін қатар алдық. Марапатқа ие болғандарға арнап генералдың адъютанты дастарқан жайған екен. «Наркомовский» жүз грамды сонда отырып іштік. Орман ішіндегі жертөленің алды бірін бірі құттық­таған жауынгерлер. Жаныма келіп, қап­сыра құшақтаған адамның Сақан аға екенін бірден сездім. – Ал наградаң құтты болсын, інім, – деп Сақан аға тағы да құшақтап, бір сілкіп алды. – Шіркін, елге аман-есен қайтар күнге де осылай бірге жетсек қой, – деді ол тебірене сөйлеп. – Әлгінде байқадың ба, Кребек, наградаға ұсынылғандардың тең жарымына жуығына «посмертно» бе­ріл­ді деп хабарлады-ау, ә. Небір жас жі­гіттер опат болды ғой. Әлі өмірдің қызы­ғын көрмеген, үйленіп балалы-шағалы болмағандар солардың көбі. Әлгінде тартып алған жүз грамның буы бойға тарап, екеуміздің көзімізге де жас келіп қалды. – Ал өзің қалай, Кребек, үйленіп пе едің? – деді кенет Сақан аға. – Жоқ, қайдан үйленейін, оған жағдай көтермеді. Одан соғыс басталып кетті ғой... – Е-е! Жағдай көтермеді дейді ғой. Осыдан елге аман оралсақ, өзім қыз тауып беремін. Тіпті, болмаса өзімнің қызымды беремін, – деді Сақан аға күле отырып. – Қазақтың қалың малы қалмайды. Маған қалың малдың керегі жоқ. Бірақ кәдесін жасарсың. Бұл қалай, ә! Дұрыс па осыным? – деп Сақан аға бұл жолы екі иығымнан бүре түсіп, күректей алақанымен арқамнан қағып-қағып қойды. Мен қызарып кетсем керек. Сонда да сыр бермеген боп: – Қызыңыз нешеде? – деп қалдым не айтарымды білмей. – Биыл 13-те. – Е-е, әлі жас қой... – Қыз өспей ме, көкірегіңді теспей ме, – деп не үшін айтқан? Әлі-ақ желкілдеп шыға келеді, – деп Сақан аға еңсеріп әкетті. – Көреміз, аға, ниетіңізге рахмет! – дедім құлағыма жақса да енді қашқақтап. – Сен, Кребек, көреріміңізді қой, – деді Сақан аға түсін суытып. – Мен елге аман-есен оралайық деп, жақсы ырыммен айтып отырмын. Мен екі сөйлемеймін. – Олай болса, жарайды, аға! Сіздей ақ көкірек, аңқылдаған адамнан жаман, жәутік қыз тумаған шығар, – дедім бұл жолы нық сеніммен, – әкеліңіз қолыңызды! – Е-е, мұның енді жөн! Жігіт осылай болуы керек. Арысқа келіп, Асақаевтың үйі қайсы десең, кез келгені жөн сілтеп жібереді. Айналайын, қайда жүрсең де аман жүр... Бұдан кейін біздің корпус қайта жа­сақ­­талып, 1-ші Беларусь майданының құрамына берілді. Ал Сақан аға бір ұрыста қатты жаралы болып, бұл жолы госпи­тальға жөнелтіліпті. Содан біз майдан даласында қайта кездеспедік. Ол кісіден сол күйі көз жазып қалдым. Бірақ ұмыта да алмадым. 1946 жылы армия қатарынан босаған­нан кейін 2-3 ай туған ауылым Талапта жүрдім де, Киров ауданының Амангелді колхозында тұратын нағашы ағам Әбділ­дәнің үйіне амандаса бардым. Бұл жерде де 10-15 күн жүріп, өз ағайын-туысымды, шешемді көріп, көңілді демдеп, сағынышты басқан соң, осындағы Октябрь колхозына жұмысқа тұрдым. Бірде учетчик, бірде мақта бригадирі, енді бірде зоотехник бола жүріп, әбден ысылдым десем де болады. Мұнда тұрақтап қалуымның мәнісі бар. Жұмысқа кіріскеніме 2-3 күндей болған еді. Бір күні мақта алқабына қарай алқын-жұлқын болып асығыс кетіп бара жатқанмын. «Контор» деп аталатын қалқайған қоржын тамға келсем, жұрт жинала қой­мапты. Сонадай жерде атынан түсіп, шарбаққа шылбырын іліп жатқан адамның түр-тұлғасы, бітімі сондай ыстық көрінді. Бір кезде бұрылды, онымен қоймай бері қарай жүрді. Ойпырым-ай, мұндай да ғажап болады екен ғой. Кеше ме, арғы күні ме есіме түсіп: «Қайда екен Сақан аға? Тірі келді ме екен соғыстан?» – деген сияқты ойлар санамда жүгіріп өтіп еді. Ал енді мынаны қарашы, келе жатқан сол Сақан ағаның дәл өзі. – Сақан аға! Аман екенсіз ғой, Сақан аға, – деп алдынан тұра жүгірдім. – Кребек, батыр-ау, осында жүргеніңді неге айтпайсың? Шаянның бір баласы бізге бригадир болып бекіді. Аты – Кребек! Соғыста болыпты. Армиядан босап келген беті екен, – деп әңгіме айтып отыр көрші әйел кеше кешқұрым. Елең ете қалғаным... Жүрегі құрғыр сезген екен ғой, аттай тулап... түнімен ұйықтай алмадым, – деді Сақан аға мені құшағынан босатқаннан кейін. – Ал үйге жүр, қонақ боласың... – Сіз қайда тұрасыз? Арыстан келдіңіз бе? – дедім сасқалақтап. – Арыс қалды ғой. Осы Октябрьге көшіп келгенбіз, – деді Сақан аға, – тың жерді кө­тересіңдер деген тапсырма болды. Сонымен осындамыз. Енді бүгінше қоя тұрғын жұмысыңды. Қазанға етті де салған шығар. Кешіксем бір жақсылықтың болғаны. Қарайламай бұрқырата беріңдер деп тапсырма беріп кеткен едім апаңа... Сөйтіп, Сақан аға мені ойлануға, бұры­лып бұлтаруға шамамды келтірмей, үйіне алып келді. Таралып өсіп қалған бойжеткен қызы бар екен. Кіріп-шығып жүріп шай дас­тарқанын жасады. Одан бір кішілеу қызды біздің Әпизамен қатар ма деп қалдым. Есіктен сығалап, аң-таң болып ол жүр. Аты Үрзада сияқты. Үлкен қыз «Үрзада, ананы апар, Үрзада, мынаны апар» деп қояды. Сақан аға екеуміздің осылай қарап беттегенде бастаған әңгімеміз әлі таусылар емес. Одан не ұғып, не қойып жатқанымды өзім де білмеймін. Бірақ көңіліме бір белгісіз алаң кіргенін анық байқадым. – Тұмаш, самаурынды кіргізе ғой, балам! Шоғы басылды, – деген шеше дауысы естілді. Сол кезде барып Сақан аға да: – Үлкен ұл Әлімханнан кейінгіміз ғой бұл Тұмаркүл. Шешесіне қолғанат бол­ды деген осы. Тек әлі Арыс жақты ұмыта алмай жүр. Мектебін, оқушыларын сағынатын сияқты, – деп қойды. Арысты ұмыта алмай жүргені – құрбы­лары болса, оның жарасы жеңіл-ау деген оймен мен де отырмын. Сақан ағаның үйінде кішігірім той өтті десе де болғандай еді. Бір-екі қария, майданнан келген үш-төрт адам жиналды. Ол уақыттағы әңгіменің барлығы соғыс туралы болушы еді. Біз де сол арнадан ауытқи алмадық. Бірақ, майдан даласында жүр­генде берген уәдесі, екеуміздің сертіміз жайлы Сақан аға тіс жарған жоқ. Алғашында айтса екен деп күтіп едім, содан соң айтпай-ақ қойғанын да мақұл көргендеймін. Оған себеп те жоқ емес. Ең бастысы: «қазақ мынадай қызға құда түспей қарап отырушы ма еді» дейді ішкі ойым. Оның үстіне, әлгінде бір қария әңгімесін сабақтай отырып: – Әй, Сақанжан-ау! Түнеукүні үлкен қызыңа біреулердің құда түсе келгені жө­нінде естіп едік, ыңғай бердің бе? Те­ңін тапса, қыз баланың өз алдына түтін түтеткені, отау иесі болғаны абзал ғой, деген. Үй иесі бұл сауалға мән бермегендей сыңай танытса да үлкен кісінің сұрағын жауапсыз қалдырған жоқ. – Е-е, ақсақал! Ол меймандарды күттім. Үйге келіп отырған соң ас-суымды бердім. Бірақ, «қызым әлі жас. Жаңа жердің ой-шұқырына үйрене қойған жоқпыз» деп қайтарып жібердім, – деді. Осымен бұл әңгімеге ешкім қайта оралған жоқ. Содан қойшы, әйтеуір кеш батты. Әдемі жылы түн орнады. Бағанағы құж-құж қайнаған төргі бөлмеде төрт-ақ адам бармыз. Сақан аға, әйелі, үлкен баласы Әлімхан және мен. Кеңес көпке созылған жоқ. Сөзді Сақан аға бастады. – Менің сендерге көп айта беретін қарулас інім Кребекті бүгін тауып алдым. Оқ пен оттың ортасында бірге болдық. Жаман соғыспадық деп білемін. Мынау орден, медальдар соның куәсі, – деп төрде ілулі тұрған костюмін көзімен бір сипап өтті. – «За отвагуді» кеудемізге тағып тұрып екеуміз серттескен болатынбыз. Сол сер­тім – серт! Тұмашымды Кребекке бере­мін. Бұған сендер не дейсіңдер? – деген. Бір сәт төргі бөлмеде ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей үнсіздік орнады. Сақан ағаның бәйбішесі бір нәрсе айтқысы келіп оқталды да, айта алмады. Әңгіме тізгінін Әлімхан алды. – Көке, сіздің шешіміңізге кім қарсы келеді дейсіз. Көзімнің ағы мен қарасы Тұмашымды ренжітпей жүрсе болды. Басқа не деймін, – деп Әлімхан да тоқтады. – Шай әкеліңдер! – деді Сақан аға саңқ етіп. Бұл кезде күн еңкейіп, даладағы ыстықтың аптабы түсіп, айналаға мамыражай тіршілік орнай бастаған уақыт еді. АЗ-КЕМ ЕСКЕРТУ: Ұлы Отан соғысының ардагері Кребек Жармаханбетов Украинаны, Белоруссияны, Латвияны, Литваны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, Ұлы Жеңісті Германияның Кенигсберг қаласында қарсы алған. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан аман-сау елге оралғаннан кейін отыз жылдай ішкі істер органдарында қызмет етіп, милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шығады. Құдай қосқан қосағы Тұмаркүл апа екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Тұмаш апамыз (ел солай атайтын) 1992 жылы өмірден өтті. Ал Кребек көке Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге тура 65 күн қалғанда бақилық болып кетті. Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, журналист, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты