Биыл «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесі «Өз үйім» деп аталатын бірегей бағдарламаны бекітті. Оның мәнісі мынада – енді Банктің салымшылары қолжетімді баға бойынша баспана сатып алуға баламалы мүмкіндікке ие болады.
Банк қазірдің өзінде Астанадағы «Жағалау-4» тұрғын үй кешеніндегі әлеуметтік пәтерлерге сатып алушылардан пул жинай бастады. Сол жағалаудағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына таяу жерде орналасқан кешеннің бірінші кезегі құрылысын аяқтау үстіміздегі жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Сонымен 462 пәтерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттері 1 шаршы метр үшін ұлттық валютада тіркелген баға – 185 мың теңгемен сатып алады. «Өз үйім» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға дейін барлығы 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.
Еліміздің халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бағдарламаның жай-жапсарын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Алтынбеков былайша түсіндіреді.
– Өзіңіз білетіндей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылысына қаржы жинақтау нарығындағы жалғыз оператор болып табылады, – дейді Қайрат Алтынбеков. – Бұл бірегей жүйе. Біз германдық үлгіні жүзеге асырдық, ол бойынша клиенттеріміз алдымен қаржы жинақтап, содан кейін тұрғын үй сатып алу үшін өте төменгі пайыздық мөлшерлемелермен ұзақ мерзімді несие алуларына болады. Сондай-ақ, бізге адамдар тек қана депозитке ақша салуға келмейтіндігін де жақсы түсінеміз. Олар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жиған-тергендерін салатыны да рас. Бұл орайда «Бізбен бірге болсаңыз, баспанаға қол жеткізесіз» деген сөзді тектен текке айтпаймыз. Өйткені, біздің банк Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейін Мемлекеттік бағдарламасының, «Нұрлы Жол» және басқа да мемлекеттік бастамалардың негізгі операторы болып саналады. Аталған шаралардың нәтижесінде бүкіл ел аумағында әлеуметтік тұрғын үй салыну үстінде. Ол бағдарламалар бойынша басымдық кезекте тұрғандарға беріледі. Сонымен бірге, бұл мемлекеттік ресурстардың сұранысты толық қанағаттандыра алмай отырғандығын да атап айтқан жөн.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі талдап жасаған бағдарлама екінші деңгейдегі банктерге уағдалы депозиттерді орналастыру арқылы, құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жергілікті атқарушы органдар – қалалар мен өңірлік орталықтардың әкімдіктерімен уағдаластық шеңберінде үш бағыттағы жұмысты атқармақ.
– Біз келісімге қол қоямыз, соған сәйкес әкімдік жер телімдерін бөліп, құрылыс салушыны анықтайды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғын үй банкке тапсырылады. Ал банк өз кезегінде оны салымшылар арасында бөледі, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. – Ал қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, оны жергілікті атқарушы орган өзге де ресурстардың, оның ішінде біздің банктің шоты есебінен жүзеге асыра алады. Осы механизм аясында біздің Қызылорда облысында іске асыратын алғашқы жобамыз да бар. Онда қазіргі кезде құрылыс жұмысы белсенді жүргізілуде. Қаржыландыру мәселесін жергілікті әкімдік шешті.
Екінші деңгейдегі банктермен өзара әрекет етуге келетін болсақ, бұл жағдайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық 3 пайыз үстемемен оператор ретінде өз қаржысын және салымшылардың қаражатын орналастыруға ниет танытып отыр. Яғни екінші деңгейдегі банктердің нақты әрі жеткілікті қаражатының арқасында құрылыс салушыларды несиелеу үстемесі жылдық 7 пайыздан аспайтын болады. Әрине бұл бизнес үшін де тиімді екендігі айтпаса да түсінікті.
– Екінші деңгейдегі банктердің клиенттері қатарында құрылыс компаниялары бар, – дейді Қайрат Алтынбеков. – Олар ұзақ жылдар бойы сенімді қызмет көрсетіп жүрген өз банкіне өтініш жасаулары қажет. Ол банк өз кезегінде бізбен келісім жасап, ресурстар алады. Сөйтіп, оны құрылысшыларға береді. Атап айтқанда, осы бағытта Астана қаласындағы клиентерімізге «Жағалау-4» тұрғын үй кешенінде бір шаршы метрі үшін 185 мың теңгеден аспайтын баға бойынша пәтерлер ұсынамыз.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы ынтымақтастық өзге шешім жасауды да ойластырады. Оның аясында құрылыс салушы қай жерде тұрғын үй тұрғызуды өзі анықтайды. Осылайша құрылыс компаниясының қаржысымен барлық жұмыстар жүргізіледі. Осы арада, егер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтерлерді 100 пайыз сатып алуды қамтамасыз ететін болса, онда ешқандай түйткіл туындамайтындығын ескерген жөн. Бұл жағдайда құрылыс салушы компания жарнамаға және тұрғын үй алаңдарын сатуға кететін артық шығындардан босатылады. Ең бастысы, құрылысты жүргізу кезінде мемлекет қаржысының бір тиыны да жұмсалмайтындығын атап айтқан жөн.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»