Осы заманғы медицина мен биология ғылымдары барынша дамып отырса да, қатерлі ісікке қарсы дауа таба алмауда. Соның кесірінен дүниежүзінде миллиондаған адам туған-туыстарын қан жылатып, жыл сайын өмірмен ерте қоштасады. Біздің елімізде де солай. Онкологиялық ауруларды анықтау мен оның алдын алуға қаншама әрекеттер жасалып жатқанымен, оның саны азаяр емес. Тіпті, соңғы жылдары оның 9 пайызға артқандығы мәлім болып отыр. Дәстүрлі түрде жасалатын хирургиялық ота, химиялық сәулелер арқылы ісіктің тамырын жою әдістері де қалаған нәтижелерімізге қол жеткізбеуде.
Ал дамыған шетелдерде бұл нәубетке қарсы күрес үнемі жетілдіріліп, емдеудің жаңа тәсілдері ашылып отырады. Инновациялық технологияларды енгізудің біздегі сылбыр деңгейі алдыңғы қатарлы сондай тәсілдерді меңгеруге де мүмкіндік бермеуде. Алайда, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. «Онкология және трансплантологияның ұлттық орталығы» АҚ 2012 жылдан бастап, онкологиялық дерттерді емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеруде. Ол онкодерттердің әрі қарай жайылмай, дамуын тұрақтандырып, ісікті регрессиялық жолмен біртіндеп құртуға бағытталған. Бұл ем шараларын ауыртпайтын препараттарды қолданбай-ақ жасауға мүмкіндік береді және пациенттердің өмірін ұзартады. Осы жобаның шеңберінде миында пайда болған қатерлі ісіктен 95 адам емделіп шықты. Жаңа тәсілдің тиімділігі 65 пайыз екендігіне көзіміз жетіп отыр.
Қазақстандық жобаның тиімділігіне шетелдік мамандар да назар аударып, орталықта бірнеше халықаралық семинарлар өткізілді. Әлемнің белгілі нейрохирургтері оған өздерінің жоғары бағаларын берді.
Осындай қол жеткізген табыстың кейінгі тағдыры енді не болып жатыр дейсіз ғой. Дағдарыс талаптарына сәйкес жобаны қаржыландыру 2015 жылдан бастап тоқтатылды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бар емес пе, еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде үлкен жетістік болып табылатын жобаны жаппайық, керісінше, одан әрі дамытайық деп қаражат сұрап, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне барған өтінішіміз аяқсыз қалды. Осы мәселелердің бәрін айта отырып, Денсаулық және әлеуметтік даму министрінің атына тағы да депутаттық сауал жолдадық. Халықтың әлеуметтік дамуы мен денсаулығының жақсаруына мүмкіндік жасауға тиісті ведомство тиімді жобаны жалғастыруға қаржы табар деген үміттеміз.
Құралай ҚАРАКЕН,
Мәжіліс депутаты