Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетіледі
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашылды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тұсауы кесілген бұл нысан – Шығыс Қазақстан өңіріндегі он екінші психологиялық-педагогикалық коррекциялау орталығы болып отыр. Облыс әкімдігі және «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры арасындағы меморандум шеңберінде орталыққа жөндеу жүргізіліп, кабинеттер толығымен жарақтандырылды және мамандар даярланды.
Өскемен қаласында тұңғыш рет ашылған ауқымды психологиялық-педагогикалық түзету орталығы «Дара» қорының «Бәріміз бірдейміз!» республикалық жобасы шеңберіндегі жеке бастамасы екенін айтқан абзал. Кембағал балаларға кедергісіз орта құру және оны қажетті жабдықтармен жарақтандыруға жоба аясында 20 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Қаладағы №46 орта мектептің жанынан құрылған коррекциялау орталығында мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары дефектолог, психолог, логопед, физиотерапевт, массаж, тифлопедагог сынды мамандардың кәсіби көмегін ала алады. Аталған орталық жылына физикалық дамуында түрлі кедергілер кездескен 300-ге жуық балаға тұрғынжайлары бойынша түрлі қызмет түрлерін тегін көрсетпек.
– Балалар – біздің қуанышымыз, болашағымыз. Бұл – кәсіпкерлерді ғана емес, барша қазақстандық қоғамды мейірімділікке үндеген шара болып отыр. Шығысқазақстандық балаларға осындай керемет сый жасаған жандарға айрықша алғыс айтамын. Қайырымдылықты көздеген жарқын шаралар көп болған сайын, біздің жүрегімізге де жылылық молынан ұялай түседі. Балаларға қуаныш сыйлап, өмірімізде шаттық көбейеді, – деді орталық қызметімен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов.
«Дара» қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева осындай кабинеттердің Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Тараз және Маңғыстауда пайдалануға берілгенін, келешекте барлық облыс орталықтарында ашуды жоспарлап отырғанын айтып, балалар мен ата-аналарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Қазіргі кезде өңірде 700-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет көрсететін 11 психологиялық-педагогикалық коррекциялау орталығы жұмыс істейді. Онда мүгедек балаларға кешенді көмек көрсетіліп, психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту жұмыстары жүргізіледі, ата-аналарға кеңес беріледі.
Облыс орталығында 4 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Олардың қоғамға сәтімен бейімделуі және сапалы білім алуына жағдай жасау, кедергісіз орта құру үшін Өскеменде ерекше балаларға арналған 100 орындық интернат салынып жатқанын айта кеткен ләзім.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН