11 Маусым, 2016

Ерен еңбек – елдіктің мәселесі

587 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елбасының жыл cайынғы Қазақстан халқына Жолдауынан жұртшылықтың жағымды жаңалық күтетіні мәлім. Тіпті, халықтың өзі не күтетінін дөп басып айта алмаса да, «әйтеуір бір өзгеріске асығады». Бұл жолғы Жолдау біреулердің үміт үдесінен шығып, сенсацияға құштар кейбіреулердің көңілі қоңылтақсыған күннің өзінде күрделі уақыттың талаптарын, мемлекеттік экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, халықтың әлеуметтік жағдайына басымдық берген, қиын сәтте қысылмаудың жолын қарастырған Жолдау болған еді. Әрине, елдің ауқымды әлеу­еті мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігі жөнінде пікір таластыруға кім-кімнің де құқы бар. Десек те, қазіргі жаһандық дағдарыс тұр­ғысынан қарастыратын болсақ, Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде одан тысқары қала алмайтыны бесенеден бел­гілі. Ендеше, Қазақ елінің тома­ға-тұйық өмір сүре алмай­тын­дығы өз алдына, әлемдік эконо­микаға байланған тұрмыс-тіршілігін ендігі жерде қайта қарас­тыруы­на тура келеді. Қаласаңыз да, қа­­­ла­масаңыз да сыртқы фактор­­лар­дың әсері осыған мәжбүр­лейді. Қазіргі кезде еліміздің алдына қойып отырған уақыт-сы­нақтың талабы жеңіл емес. Бірақ, ақырзаманның ауылына қоңсы қонып, салы суға кетіп, бейшара күйге түсуге тағы болмайды. «Бұдан қиын кезде де тойға барғанбыз». Қайта әлемді кезген дағдарыс атаулының кешегі барымызды шашып, үнем дегенді ұмытып, ысырап еткен дүниелерімізді жиі еске салатын түрі бар. Несие алып той жасайтын қазақтың ендігі жерде несиені алған күннің өзінде алды-артын кеңірек ойластыруына тура келеді. Қалай дегенде де, Алаш жұртының жақсылық дегенде шашу шашып, ағайынның батасын алмай, қуанышын жақындарымен бөліспей, тірлігі алға баса ма? Әйтсе де, күллі дүние біткен қуырылып, әрбір тиынын санап жатқанда, қазақ баласы да етек-жеңін жинап, «тарта жеп тай қалдыратын» кезең бүгін. Соңғы отыз жыл бойы Ба­тыс­тағы әділеттілік туралы ұғымға қатысты америкалық философ Джон Ролздың еңбектерінің бәсі жоғары. Айдарынан жел есіп тұр. Олай ететіндей де жөні бар. Өйткені, философтың айтуынша, «экономикалық және әлеуметтік теңдік, мысалы, байлық пен билік, жалпыға бір­дей пайда әкелгенде және қоғам­ның мейлінше әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдары­ның жоғалтқанының өтемін тол­тырған жағдайда ғана әділетті болады». Ғылыми тұрғыдан әбден елеп-екшеліп, көпшіліктің көңіліне қонатын бәтуалы пікір. Сол себепті, әлеуметтік әділеттілік туралы әділін айтқан философпен сөз таластырып бізге не көрініпті. Өйткені, әлем­дік өркениеттегі озық ойдың өнегесі қазаққа да ортақ. Олай болса, бұл қазақ қоғамы үшін де экономикалық дағдарыс кезінде ерекше басымдық беретін фактор болып табылады. Онсыз Алаштың көші алға жылжуы неғайбыл. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да күрмеуі қиын кезеңде әлеу­меттік салаға басымдық бері­ліп отыр. Ең бастысы, атаулы мем­лекеттік көмек нақты мүдделі азаматтарға, олардың тұрмыс жағдайын және нақты кірістерін ескере келіп көрсетілмек. Бас­қалай айтқанда, қиын-қыстау сәтте әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға мемлекет қолұшын береді деген сөз. «Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Со­ны­мен қатар, әлеуметтік әді­лет­­тілік бұрмаланбауы тиіс. Өйт­ке­ні, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әр­бір жұмыс істейтін қазақ­стан­дыққа қосымша салмақ. Әлеу­мет­тік әділеттілік идеясы жұмыс істей­тін қазақстан­дық­тарға қатысты әлеуметтік әділет­сіз­дікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – со­лар­дың ақшасы!» – деді Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Мұқтаж жандарға қолдау көр­сету – мемлекеттің мін­деті. Әйтсе де, «мемлекет өлтір­мейді» деген кешегі социа­листік сананың қазіргі нарықтық қоғамдағы талаппен үйлесім табуы қиын. Ұнаса да, ұнамаса да жаңа қоғамның тәртіп-тара­зысына мойынсұнуға міндет­тіміз. Жүгіріп жүріп еңбек еткен­дердің, ілкімділік танытқан­дардың көші ілгері озғандарына да куә болып отырмыз ғой. Қазіргі кездегі дәулеттілердің барлығы көлденең табыс арқылы байыды деп айтар болсақ, күнә­һар болар едік. Құдайға шүкір, елімізде тірлігін ұсақ-түйек тауар сатудан бастап, ақ адал еңбегімен толағай табысқа жетіп, бүгінде компания­ларды ұршықша иіріп отырған жандар жетерлік. Ал Елбасының «Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақ­стан­дықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиіс» дегенін еңбек еткендердің несі­бесіне салмақ сала бермей, солар секілді еңбек ету керек де­ген түсінікте қабылдадық. Ен­шісі бөлінбеген ен қазақтың ене қазаны – қазына қаржысы салық­тан, еңбек еткендердің бюджетке берешегінен құралады емес пе. Ендеше, елдіктің мәселесі де ерен еңбекпен ұштасып жат­қаны сөзсіз. «Әлеуметтік саясаттағы мем­лекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ау­қымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғас­тыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Бар­шаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдар­ламасы басталатынын жария­лаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын». Қазақ­стан халқына Жолдауында Мемле­кет басшысы жастар үшін осын­дай жағымды жаңалықты жария еткені белгілі. Кәсіптік-техникалық білім беру демекші, Солтүстік Қазақстан облысының 2015-2016 оқу жылдарына арналған тех­­никалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне оқушы­лардың қабылдануы туралы ақпа­ратпен танысқан едік. Аталған оқу жылында орта білімнен кейінгі техникалық және кә­сіптік кадрлар даярлауға мемле­кеттік тапсырыс жайында мәлімет бар екен. Орта білім алғаннан кейінгілердің жалпы саны 2635 адам болса, оның ішінде жергілікті бюджеттен 2460 адамға, республикалық бюджеттен 175 адамға қаржы бөлінген. Облыс колледждеріне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың ішінен 108 бала қабылданыпты. Сондай-ақ, 16 мүгедек бала білімін әрі қарай колледждерде жалғастырып жатыр. Жастарды еңбекке баулитын мамандықтар да әртүрлі. Ауыл шаруашылығы; сервис, экономика және басқару; құрылыс және коммуналдық шаруашылық; энергетика, өнеркәсіп; ақпараттық техноло­гиялар; технологиялық маман­дықтар дейсіз бе, әйтеуір, уақыт талабына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар. Бір өңірдің бүгін­ге дейін адам капиталын дамы­туға қосып келген үлесі осын­дай. Енді келесі 2017 жылдан бас­тап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техни­калық білім» бағдарламасы қолға алынған соң, жастар нақ­ты жұмыс күшін талап ететін мамандықтарды меңгеріп, өз мүмкіндіктерін жан-жақты іс жүзіне асыратын болады. Бұл өз кезегінде жастар арасында жұмыссыздықтың азаюы­на септігін тигізсе, екіншіден, кәсі­бін терең меңгерген білікті де білімді оғыландардың Отаны­ның өркендеуіне өз үлестерін қосуына мүмкіндік береді. Адам капиталының әлеуеті осылай қалыптаспай ма! Адам капиталын дамытуға инвестиция салған мемлекеттің ұпайы түгенделеді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»