Египет президенті Хосни Мүбәрак 2011 жылдың қыркүйегіне белгіленіп отырған кезекті президенттік сайлауға түсуден бас тартатындығын мәлімдеді. Ол өзінің осы ниетін ел азаматтарының демократиялық еркін білдіруді қамтамасыз ету мақсатын көздейтіндігінен деп түсіндірді.
Әлемдік интернет шырмауығына келіп түсіп жатқан деректерге қарағанда, АҚШ әкімшілігі Хосни Мүбәракқа осындай кеңес берген секілді. Дегенмен, ол ел билігін әлдекімдерге аяқасты бермек ниетте емес. Сондықтан мәселенің сайлау арқылы шешілуін көздейтіндігін көлденең тартқан.
НЕМІС ЭСЭСШІСІ СОТҚА ДЕЙІН КӨЗ ЖҰМДЫ
АҚШ-та екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Югославия аумағында әскери қылмыс жасады деп айыпталып отырған неміс эсэсшісі Петер Эгнер өзінің 88 жасында қайтыс болды. АҚШ соты оны ел азаматтығынан айыру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда оның өмірі сот мәжілісіне дейін жетпеді.
Алдын ала мәлімдеулерге қарағанда, Петер Эгнер өзінің фашистермен әріптестік қарым-қатынас жасағандығын мойындаған. Бірақ та ол өзінің Белградтағы осы ел полициясында қызмет еткендігін, концлагерьлерге адамдарды жөнелтетін эшалондарды күзеткендігін, бірақ әскери қылмыстарға араласпағандығын айтқан. Алайда, 2008 жылы Сербия оған неміс әскерлері Югославияны басып алған кезде СС-тің жазалау отрядының құрамында болып, көптеген ел тұрғындарының қазаға ұшырауына ықпал етті деген айып таққан.
ТОП МЕНЕДЖЕРЛЕР АЙЫП ТӨЛЕЙТІН БОЛДЫ
Deutsche Telekom осы компанияда бұрын концерн басшысы және оның бақылау кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған Кайем-Уве Рике мен Клаус Цумвинкельмен бейбіт келісімге келу жөнінде шешім қабылдады. Осы келісім бойынша Кайем-Уве Рике мен Клаус Цумвинкель осыдан бұрын концерннің қызметкерлері мен журналистерге заңнан тыс бақылау жасауды ұйымдастыру ісіне қатысты деген айыпқа байланысты концерн өтуге тиісті шығындардың бір бөлігін өтеу жөнінде уәде берген еді. Өтемақының қаншалықты соманы құрайтындығы әлі жарияланған жоқ.
Дегенмен, компания өзінің бұрынғы менеджерлерінен 1 миллион еуро сұрап отырған көрінеді. 2008 жылы басталған бұл даудың негізгі айыпталушысы ретінде компанияның бұрынғы ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы Т.Клаус өткен жылдың 30 қарашасы күні 3,5 жылға сотталған болатын. Бұрынғы топ-менеджерлер осындай жазалау шарасына ұрынбау үшін қомақты қаржы төлеуге амалсыз келісім берген.
ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАУШЫҒА ЖАЗА ҚАТАҢ
Вирджинияның апелляциялық соты Американың бұрынғы президенті кіші Джордж Бушқа қастандық жасамақ болған Ахмед Омар Абуды өмір бойы түрмеде отыру жөніндегі бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдыру жөнінде өкім шығарды. АҚШ-та бұрынғы президентті өлтірмек болған айыпталушыны осыдан біраз бұрын 30 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылданған болатын. Алайда кейіннен ол өмір бойы түрмеге отыру жазасына ауыстырылған.
Айыпталушы әлі күнге дейін өз кінәсін мойындар емес. Сотта келтірген дәлелдерінде ол бұл әрекетіне Сауд Арабиясы түрмесінде өзін қинау салдарынан барғанын көлденең тартқан. Алайда Вирджиния апелляциялық соты оның бұл уәжін ескерусіз қалдырды.
БРЕНД МАРКАЛЫ МҰНАЙ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛДІ
Осыдан біраз күнгі мәліметтерге қарағанда, биржалық саудалардағы бренд мұнайының бағасы 1,59 долларға көтеріліп, барреліне 101,1 долларды құраған. Дәл осындай баға 2008 жылдың қыркүйек айында белгіленген болатын. Сол кезде Нью-Йорк биржасында аталған мұнайдың бағасы бірден 8 пайыз көтерілген еді.
Аталған мұнай түрі бағасының қазіргі кездегі бұлайша көтерілуін сарапшылар Египеттегі саяси дағдарыс оқиғаларымен байланыстырып отыр. Себебі, Египет аумағындағы Суэцк каналы мұнай тасымалдаудың негізгі жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Бұл жолмен тәулігіне 2,4 миллион баррель мұнай тасымалданады. Египеттегі дағдарыстың созылып кетуіне байланысты Moller-Maersk компаниясы бұл жолды пайдаланудан уақытша бас тартқан.
ИННОВАЦИЯҒА МӘН БЕРМЕГЕНДІГІ ҮШІН
Ресей президенті Дмитрий Медведев ел экономикасын қайта жаңғырту жөніндегі мәселелерге арналған жуықтағы отырыстардың бірінде Ресейдің мемлекеттік компаниялары инновациялық бағдарламаларды әзірлеу ісімен нашар айналысып отырғандығын мәлімдеді. Осыған орай Дмитрий Медведев үкіметке екі аптаның ішінде ірі мемлекеттік компаниялардың басшыларын қызметтен босатуға дейін тәртіпке шақыру шараларын қолдану жөнінде тапсырма берді.
Ресей президенті инновациялық үдерістерге мән бермей отырған компаниялар қатарында «Роснефть», МРСК, «Совкомфлот» және «Аэрофлот» компанияларын атады. Осы іске байланысты ол компанияларды ғылыми жаңалықтарды игеруге байланысты жұмсалатын шығындарды арттыра түсуге шақырған.
* * *
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Каирдегі ереуілге қатысушылардың саны соңғы дерек көздерінің мәлімдеуіне қарағанда 2 миллион адамнан асқан. Әзірге ереуілшілер жиналатын алаңды Египет армиясы толық бақылауында ұстап тұр.
Бүкіләлемдік валюта қоры Египет экономикасын қайта қалпына келтіруге көмек көрсететіндігін жеткізді. Бұл жөнінде қордың директор-бөлушісі Доминик Стросс-Кан мәлімдеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.