12 Маусым, 2016

Америкада журналист әйел тікелей эфир кезінде соққыға жығылды

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
12-06-16-amerika_jurnalist АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласы көшелерінің бірінде репортаж жүргізіп тұрған Американың испан тілді «Телемундо-62» телеарнасының журналист қызы тура тікелей эфир хабары барысында соққыға жығылды. Fox News телеарнасы атап көрсеткендей, Ирис Дельгадо құрамында қанты көп салқындатылған сусындарға салынатын салықтарға арналған репортаж жүргізіп тұрған. Жергілікті бір әйел сол кезде қайта-қайта журналистің назарын өзіне аудармақшы болады. Алайда, тілшінің өзіне көңіл бөлмегеніне көзі жетіп, бұған ашу білдірген ол қолын құлаштап тұрып сілтейді. Сол сәтте әйелдің жұдырығы журналистің бетіне сарт етіп тигенін телеарна көрермендерінің бәрі көрді. Түсіру тобы сол бойда бұзақы әйелдің алдына тұра қалып, оның бұдан әрі шабуыл жасауына жол бермейді. Артынша полиция келіп, әйелді алып кетеді. Кейін белгілі болғандай, ол жұртпен шайқасып, шабуыл жасайтын мінез-құлқымен, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жүретін тірлігімен бұрыннан жергілікті полицияның есебінде тұрады екен. «Телемундо-62» телеарнасының ақпарынша, Ирис Дельгадо өзі себепкер болмаған ұрыстың бірінші рет құрбанына айналып отыр. Қазір оның жағдайы жақсы, бірақ бастан кешкен оқиғасына қарай тартқан жан азабынан арылып, өз-өзіне келуі үшін әлі біраз уақыт керек. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Fox News.