Солдатсайдағы биатлон стадионында 12,5 км. қашықтық бойынша ерлер арасындағы биатлон жарысы (ізге түсу) болып, онда Азияның жеті елінен келген 14 спортшы бақ сынады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген рас. Алатаудың ақ қарлы әдемі бөктеріне серуендеу үшін емес, тек қана жеңіске жетем деген жігермен келген он төрттің арасынан Александр Червяков межелі қашықтықты 35:42.5 минөтте бағындырды. Сөйтіп, ақпанның екінші жұлдызы күні қазақстандық спортшылардың алтын қоржынын тағы бір жоғары деңгейлі медальмен толықтырды. Сөреге екінші болып жеткен жапон елінің биатлоншысы Нагай Джунджи екінші орынды еншілеп, күміс медальға ие болды. Үшінші орынды қытайлық спортшы Жен Лонг қанағат тұтты. Айта кетейік, Александр Червяков – Азиада бәсекесіне Ақмола облысының жұртшылығы үкілеп қосқан азамат. Ал ол өзіне артылған сенімді ақтады. Бәрекелді!
Біз Солдатсайдағы баспасөз орталығында Қытай елінің Синьхуа ақпараттық агенттігінің өкілі Чжао Юй деген жас журналистке жолығып, елімізде өтіп жатқан Азиада туралы пікірін сұрағанымызда ол:
– Азиада жақсы ұйымдастырылған, кемшіліктер де жоқ дей алмаймын, бірақ олар майда-шүйделер ғана. Тұжырып айтсам, Қазақ елінің Қысқы Азиаданы ғана емес, сонымен бірге Олимпиада, әлем чемпионаттары сияқты мәртебелі жарыстарды да ойдағыдай ұйымдастыруға табиғаты тұрғысынан да, экономикалық жағынан да, спортшыларының шеберлігі жөнінен де толық мүмкіндігі бар, – деді.
– Қытай, Жапония сияқты елдер Қазақстан Азиадасына өздерінің екінші, үшінші нөмірлі спортшыларын жіберді деген сөз бар. Бұл шындыққа қаншалықты жанасымды? Мысалы, бүгінгі биатлон жарысын алайық.
– Қытай елі Қазақ Азиадасына бірінші нөмірлі спортшыларын ғана жіберді. Бірақ кейбір елдерде қысқы спорт түрлерінен үлкен жарыстар қатар өтіп жатқандықтан ол жаққа кеткен спортшыларымыз да бар.
«Сырт көз сыншы». Міне, алып ел – Қытай журналисінің пікірі осындай.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.