14 Маусым, 2016

Германиядағы маңызды кездесулер

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-851Жақында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Германияға жұмыс сапары болды. Оның шеңберінде комиссар Бундестаг депутаттарымен, Германияның жетекші қоғамдық-саяси және экономикалық топтар өкілдерімен, ГФР-де оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. Бундестагта Р.Жошыбаев неміс парламентшісі Юрген Климке мен Қазақстанның Германиядағы елшілігі ұйымдастырған ЭКСПО-2017-нің қарсаңында Қазақстанның туризмі мен экономикасын дамыту» тақырыбындағы роуд-шоуға қатысты. Өзінің сөзінде комиссар жиналған аудиторияны Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне дайындық бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен, елде жүзеге асырылу үстіндегі реформалармен және Қазақстанда туризмді дамыту бағытындағы іс-шаралармен таныстырды. Ю.Климке, өз кезегінде, Қазақ­стан Германияның Орталық Азия­дағы маңызды саяси және сауда-эко­номикалық серіктесі болып табылатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол ЭКСПО-2017-ге қатысу екіжақты қарым-қатынастың барлық кешенін дамытуға соны серпін беретінін айтты. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың өкілдері мен Қазақстанның жетек­ші туристік операторлары шараға қатысушыларды ЭКСПО-2017-нің туристік өнімдері туралы құлағдар етті. Тұсаукесер мен одан кейін болған пікір алмасулар неміс тарапының үлкен қызығушылығын туғызды. Шара барысында Германияның ЭКСПО-2017-ге қатысатыны туралы шартқа салтанатты түрде қол қою рәсімі болды. Құжатқа Қазақстан тарапынан көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев, ал Германия тарапынан неміс павильонының бас комиссары, ГФР Экономика және энергетика министрлігінің өкілетті өкілі Дитер Шмитц қол қойды. Аталған келісімнің маңызы мен жоғары мәнін Германияда оқитын қазақстандық студенттер флеш-моб өткізу арқылы білдірді. Роуд-шоудың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтіп, оның барысында ЭКСПО-2017 комиссары неміс журналистерінің сұрақтарына жауап берді. Сапар шеңберінде, сондай-ақ, Р.Жошыбаевтың Бундестаг депутаты Генрих Цертикпен, Қазақстан-Гер­мания Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Петер Тильспен, Германия экономикасы Шығыс комитетінің өңірлік директоры Эдуард Кинсбруннермен, Карлсруэ қаласындағы сауда-өнер­кәсіп палатасы (СӨП) сыртқы сау­да комитетінің басшысы Роберт Хубермен және «Funkwerk» компа­ниясының басқарушы директоры Михаэл Виманмен, немістің «DENA» энергетикалық агенттігінің, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің, ГФР СӨП-інің сыртқы сауда жөніндегі комитетінің, «EREN» компаниясының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер барысында тараптар аталған ұйымдар мен компаниялардың біріккен жобаларға қатысуы, неміс автоконцеріндерін ЭКСПО-2017 көр­месіне тарту мүмкіндіктері мәсе­лелерін талқылады. Сонымен қатар, 2017 жылы Франкфурттен Астанаға қатынайтын авиарейстердің жиілігін арттыру жайы сөз болды. Сондай-ақ, Қазақстанның Герма­ниядағы елшілігінде 30-дан астам неміс компаниялары өкілдерінің қаты­суымен ЭКСПО-2017 тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара кезінде көрменің ұйымдастыру-техникалық сипаттағы мәселелері мен екіжақты ынтымақтастықтың қайталама және баламалы энергия саласындағы ынтымақтастығының перспективалары қаралды. Сәулебек БІРЖАН