Азия ойындары танытқан таланттардың бірі – Зарина Тохтиева! Қазақстандық хоккейші әйелдер командасының сапында тамаша өнер көрсетіп жүрген шабуылшы қыз аз күннің ішінде өзінің шын мәнінде аты-жөні айтуға тұрарлық шебер екенін дәлелдеді. Әсіресе, Қазақстан-Жапония арасындағы кездесудің жан алысып, жан беріскен қиын-қыстау ең соңғы сәтінде тамаша шеберлік танытты.
Азиада деген ақ қар, көк мұз үстіндегі жарысты ғана жазу емес, Азиада деген – ел мен ел, жер мен жер, тарих пен тарих, адамдар мен адамдар арасындағы туыстық, достық, махаббат тақырыбын да қозғайтын қолайлы сәт. Міне, біз де осы мезеттен бастап «Талантты ару Зарина Тохтиева кім болды екен?» деп «бас қатырумен» болдық. «Татар қызы болуы керек» деген жорамал, неге екені белгісіз, ойыма бірінші оралды. Бірақ Қорғанбек деген ақын көкем «Ұйғырлардың фамилиясына ұқсайды» деп, нығырлады. Содан Шымбұлақтағы баспасөз орталығы компьютерлерінің біріне отырып, Зарина Тохтиева туралы мәлімет іздеуге кірістім. Бірақ баспасөз орталығының мәліметтер қоры тым мардымсыз болып шықты. Өмірбаяны мүлде жоқ. Тапқаным «Зарина Тухтиева. 1987 жылы 18 маусымда туған. Бойының ұзындығы 167 см, салмағы 64 кг.» деген үш ауыз сөз. Суреті де берілген екен, ақ сарының нағыз әдемісі. Мұндай қыздар, негізінен, қазақ, ұйғыр және татар ұлтында көбірек кездеседі. Сосын шайбалы хоккейдің «шайын ішіп, майын жеп» жүрген тілшіміз Бақтияр Тайжан бірдеңе білер деп телефон шалып ем, ол: «Зарина ма, ол татар қызы ғой» деді сенімді үнмен.
Айтпақшы, Азиада баспасөз орталығы компьютерінің «қорынан» табылған З. Тохтиева туралы қысқа ғана мәліметте «Ұлты» деген жазу да бар болатын. Сол тұсқа Қазақстан туының суреті салынып, ағылшын тілінде «Kaz» деп жазылыпты. Ішім жылып қалды. Өте дұрыс, өйткені Азиада жалауы астында Қазақстан атынан жарысқа түскен сайыпқырандардың бәрін бір-ақ ауыз сөзбен «Қазақ» немесе «Қазақтар» дейміз. Шетелдік журналистер де отандарына жіберген репортаждарында «Қазақ шаңғышысы Дмиртий Кошкин», «Қазақтың хоккейші қызы Зарина Тохтиева» деп айқайлап жатыр емес пе. Ендеше, бізге не жорық. Сайып келгенде, мұның бәрі тілі, діні, ділі бір халықтың бір-біріне деген туысқандық махаббатынан туындап жатқан сезім. Әйтпесе, қазақ спорты мен қазақ спортшылары дегенде Қазақстанды мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлысты «Қазақ» деп ұғынып, «Қазақтар, алға!» деп ұрандату бірте-бірте қалыптасып келеді.
Алға, Қазақтар!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.