Астанада Қазақстан бокс федерациясы кубогы жарысының жеребесі тартылды. Биылғы жылы да қалыптасқан дәстүр бойынша Астана мен Алматы қалаларының және 14 облыстың командалары төрт топқа бөлінді.
А тобына Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының командасы түсті. В тобында Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар мен Ақтөбе облыстарының боксшылары шаршы алаңға шығатын болса, С тобындағы жарысқа Қарағанды, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Астана қаласының командасы қатысады. D тобында Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары өнер көрсетеді.
А тобының айқастары – Талдықорғанда, В тобының жекпе-жектері Ақтауда өтсе, С тобының командалары – Қызылордада, D тобына түскен облыстардың жасақтары Көкшетауда шаршы алаңға шығады. Бұдан кейін 8-11 қыркүйек күндері А және С, В және D тобында жеңген командалар ширек финалда кездеседі. Олардың жеңгендері жартылай финалға шығады. Мемлекеттік жаттықтырушы Болат Абдрахманов жарыстың ережесі бойынша, әрбір командада 20 боксшы болуы керек екенін айтады. Соның ішінде 10 боксшы негізгі құрамда, 10 былғары қолғап иесі резервте болады.
Командалар кездескенде боксшылар 10 жекпе-жек өткізеді. Егер кездесу 5:5 есебімен тең аяқталса, қосымша жекпе-жек өтеді. Оның қай салмақта болатыны жеребеде шешіледі. Сол кезде А тобының командасы 64 килоға дейінгі салмақтағы боксшысын, В тобы 56 кило, С тобының құрамасы 81 килоға дейінгі, D тобының командасы 69 килоға дейінгі салмақтағы өкілін дайындап қоюы тиіс.
Жарыстың жартылай финалы мен финалы 14-15 желтоқсан күндері өтеді. Финалдың қай қалада болатыны әзірше белгісіз. Оны кейінірек Қазақстан бокс федерациясы хабарлайды.
Биылғы кубоктың иегеріне 25 миллион теңге табыс етіледі. Былтырғы жарыста да кубокты жеңіп алған Оңтүстік Қазақстан облысының командасы осыншама соманы иеленген болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»