14 Маусым, 2016

Кілт

554 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Адам бойындағы ізгі сезім­дерді қозғайтын, қарапайым да қара­көк қаламгер Тұрдыбек Ал­шынбайұлы нәзік жанды, көңілі тұңғиық та мөлдір және тамыры тереңге тартқан адам еді. Ол өзі­нің босаңдау көрінетін бар болмысымен, тістесе шырматылған шырмауықтай тұтқырлы ойлау жүйесімен, сағынышқа жара­тыл­ған санасының алқынды сарасымен жазушы болуға жаратылған жан болатын. Өмірге мұңдана әрі күлімдей қарап, мына әлемдегі жан дүниесіне қатысты құбылыстардың суретін шым-шымдай шыжымдап әуелі жүрегіне, содан кейін қағазға түсіретін. Адамгершіліктің игі қасиет­терін бойына ұйытқан талант иесі сол бір ұлы жылылықты шы­ғар­малары арқылы ұлтына жеткізді. Өмірдің өзіндей қарапайым тір­шіліктен үлкен көркем ой қорыта білді. Әдебиет деген үлкен ағыс­та арыны қатты толқындай буыр­қанбағанымен де, оның мөп-мөлдір тұма сияқты әңгімелері, хикаяттары, пьесалары қашан да жан түкпіріндегі иірімдерді қоз­ғайтын. Өзінің өмірімен де, шығармаларымен де әр көңілдің түкпіріне шуақ төгетін. Тұрдыбек Алшынбайұлы сияқ­ты тұнық та мөлдір сөз иелері болмаса, әдебиеттің ағынды толқыны тұнып ақпас еді. Ол өз үнімен, өз жазу мәнерімен, өзіндік көркем ойлау жүйесімен дана оқырманның да, бала оқырманның да көңілінен шыға білді. Сонау бір ертеректе жазылған, әдебиет деген сыр сандықтың ал­ғаш рет құпия құлыбын ашқан «№14 кілт» атты шағын әңгімесінен бас­талған жазушылық жолы, арнасын кеңіте кернеулетіп, Абай туралы «толғауы тоқсан» хикаятқа әкеп тіреді. Шығармашылық жолының белесі сияқты оның бұл хикаяты психологиялық иірімі мол, сезім қайырымына құрылған ішкі қуаты серпінді шығарма. Мұнда мұң да, мұнарлы елес те, табы басылмаған сағыныш та, өзегіңді өртеген өкі­ніш те, сабырға шақырған салауат та бар. Абайдың «жұмбақ жанының», «мәңгілік айықпайтын» дертінің, шымбайына батқан күйіктің, ұлы таланттың күйініші мен сүйі­ні­шінің дауасын «Абай жолынан» соң да одан асырып жеткізуге ұм­­тыл­ған үлкен-кіші қалам ие­лері әдебиеттің әр жанрында қа­лам тартты. Олардың: діттеген мұ­ратына жетіп, не жетпегені туралы ашық пікір көз қиығымызға шалынған жоқ. Алайда, алғашында пьеса, содан кейін барып хикаят ретінде табиғи қарапайым қалыпта шымырлата жазылған бұл екі туындыны өз басым тебірене отырып оқыдым. Аз ғұмырдың көп күндерін әдеби шы­ғармаларды талдап, таразылауға арнаған тал­ғам иесін тамсандыру қиын, бірақ біз, жасыратын несі бар, шынайы сезім тебіренісіне бөлендік. Қызықты да қайырымы қысқа әңгімелері («№14 кілт», «Қос құ­пия», «Әйел жетегі», «Өмір әуені», «Арулардың азабы», «Ел­ес-еркек» «Жол үстіндегі үшеу», «Шаңырақ»), махаббаттың азапты қылын шерткен хикаялары («Жан жарасы», «Қос қарағай», «Бағ­банның қызы»), адалдық пен аярлық арпалысқан тіршілік тартысы бейнеленген хи­­каяттары («Қасиетті мекен», «Егес», «Дү­ние-жалған»), ертегілер әлеміне жетелеп барып өмір мен өлім ту­ралы ойлы пайымдауларды ал­дыңа тартатын ертегі-хикаялары («Әруақ әжемен жеті кездесу» «Пе­рі қыз» «Қиял-құс»), балалар мен жасөспірімдердің өмірін арқау ете отырып ойландыратын («Тірші­лік тірегі», «Аңсау», «Кішкентай тіршілік», «Өткел», «Кішкентай бастық», «Көбелек ақыл айта ма?», «Үлкен өрік», «Ғажап дүние», «Әке мейірі», «Ид­ея», «Кемелер кетіп барады») туын­дылары, сөзсіз, тұңғиық талант­­тың қуатты тамырын танытатын. Аттарының иесіне тартып, маз­мұнын өзі айтып тұр­ға­­нындай, өте қарапайым та­қы­рыпты туын­дылардың ішін­дегі тіршіліктің қоз-қоз боп маз­­­да­ған шоғы ыстық табымен қариды. «Тағына жетіп» талдайтын сыншының, ағынан жарыла алғайтын ағаның, бауырын жылыта баурайтын бауырдың пікіріне сусағанымен де, адал ішкен «бейнет сусыны» (Абайдың баламасы бойынша – шығармашылық) үшін Тұрдыбек ешкімнен мүсіркеуді күтпейтін. Бұл жағына, талап пен талғам жағына келгенде, өзінің де өресі биік, шынын айтсақ, түй­сікпен түйсіну қабілеті өте жоғары және кірпияз болатын. Ол сөз қуып, сөйлем теріп, ой құ­­­рап жазбайтын. Адамның жанына жиылған өксік сезімдерді иірімдете шымырлататын. Жай сөй­лемдерге – құрмалас, құрмалас сөйлемдерге – күрделі құрмалас сөйлемдердің мағынасын сыйдыратын. Оның мұндай сыйымды, ма­ғыналы қарапайым сөйлемдері сақнаға қойылғанда ерекше тұң­ғиықтанып, астарланып, еме­у­і­рінденіп кететін. «Керқұла атты Кендебай» спектаклінің жастар театры сахнасында он жылдан ас­там жүруінің сыры да сонда. Ал Абай туралы Астанада бір-ақ көрсетілімі қойылған «Дү­ние-жал­ған» пьесасының сыры да, сыны да тұңғиық. Кей­де, сах­наға қоярға дүние таппай, ауы­зын қу шөп­пен сүртіп жүр­ген ре­жиссерлердің осын­дай туын­дылардың тұңғиық астары­на сүң­ги алмайтын таяздығы таң­дандырады. Тұрдыбек Алшынбайұлының дра­малық-психологиялық тал­дауға құрылған екі-үш хикаяты ке­зінде республикалық жабық бәйгеде қара үзіп келді. Жасырын атпен жолданған, авторының аты «белгісіз» шығарманы жер-көкке сыйғызбай мақтаған алғаулардың, құпия конверттегі жазушы есімі ашылған соң, үнсіздік тылсымына шым-шым батып кетуін әділеттілік деуге келмейді. Қаламгер мінезінің қара­па­йымдығы, толайым-тоға өмір сүруі, көмбіс төзімі – шығар­маларының бағын байлап, өрісін тарылтуға тиісті емес. Бұл ретте: келер күн­дерде кезегі келер, төрдегі орнын табар – де­ген боп­са сөздер: Тұрдыбек Алшын­байұлы сияқты қарапайым өмір­дің шапанын жамылып, қара халықтың қатарынан қара үзбей кішіпейілдікпен өмір сүрген адамға, шығармалары да сондай қарапайым әрі «кішіпейіл» көзқарасты қалайтын, тіпті, тү­сіну үшін де сондай қара­пайым­дылықты талап ететін өнер туындысына қаратыла айтылмаса керек, айтылғанмен де алғаудан аса алмайтын тілек болып қала береді. Біз, көркем шындық де­генді асқақтата дәріптеп, пен­денің қарабайыр тіршілігіндегі катарсистерді қаперден шығарып аламыз. Ал өмірдің де, өнердің де шыңырау тылсымы – қара ха­лықтың қалыпты, қарапайым, етек­басты, үйреншікті, сүреңсіз ми­мыртының қалтарысында. Кіш­кентай адамның кішкентай өмірінде үлкен мақсат пен түңілу, үлкен күйініш пен жұба­ныш жатыр. Міне, Тұрдыбек Ал­шынбайұлының шығармалары өмірдің осындай өксігі мен сүйі­нішіне суарылған. Мұның басты себебі, Тұрдыбек Алшынбайұлының өзі де өмірдің көксауы аралас көрігінде балқып, тіршілік атты ұстаның төс бал­ғасына жентектеліп, Алшынбай сияқты дана қарттың зердесіне суарылып, тағдыр-талайы қарабайыр да қарапайым өмір иелерінің арасында өткендігінде. Алшынбай абыз болмысы, ойлау жүйесі, па­­йымы бөлек дегдар дана адам еді. Кеудесі даналық мәйегіне ұйы­ған осынау озан қария сонау ықылым замандағы пайғамбарлар мен сахабалардан тар­тып, ойын Абайдың сөздерімен астарлап, емеуріндете: «Атаңды – анаң азғырып, Әкел­ді сені кейіске», – деп Абайдың айтып отырған «кейісі мына дүние емес пе. Пайғамбар да, патша да, бай да, бағлан да, жарлы да, жақыбай да өткен бұл дүниеден. Әлі де өтпек. Біз де өтеміз. Кімге опа берген дейсің бұл жалған. Тек Жаратқан ием тауфих берсін де. Тауфихсыз өмір – тамұқпен тең. Қанағат берсін де. Қанағатсыз өмір – қапаспен тең. Абай жазған емес пе: дүниенің бар асылы баса алмаған таразы басын бір уыс топырақ басады – деп. Аллаға ант мезгілінен басқа кезде шағынуға, назалануға болмайды. Арыздасу – Алланың дидарын көргенде ғана уәжіп. Жасасындатып жазып жатырсыңдар ғой. Жасаңдар. Бірақ құдайсыз құрған қоғамдарың­ның түбі қайырлы болар ма екен осы. Мен төрт патшаны бастан өткердім. Сендердің құдайсыз пат­шаларыңның жарылқағаны жадымда қалмапты. Осыларың жалған өкімет емес пе өзі. Оқы­ған­дарың көп, тоқығандарың аз тобыр емессіңдер ме, осы. Алла бақ берсін де. Алладан қайыр күтіңдер. Сонда мұраттарыңа жетесіңдер», – деп толғай жөнелгенде қайрылып берер жауап таба алмай қысылып қалушы едік. Осындай кеудесі сара абыздың әлдиін шешесі Батиқаға тартқан аялы бота көзі боталай мұңайып тыңдап өскен Тұрдыбектің жанарынан да, жазғанынан да арылмайтын мұң кетпейтін. Зады, Тұрдыбектің жазу мәнері Алшынбай абыздың осынау бір зарға бергісіз сарынды толғауының әуенімен қалыптасқан сияқты. Ең көңілді, жеңіл деген шағын шығармаларының өзінен сондай бір аңсарлы мұң арылмайтын. Фәни мен бақилық­тың ал­маға­­йып арасындағы жантәсілім шақты Абай «ант мезгілі» деп атайды. Сол ант мезгілінде пәруардигер пендеге Алла дидарын көрсетпек-мыс. Ант мезгілінде Жаратқан иемнен тауфих сұрап, арманыңды айтып қалу – уәжіп. «Дүние-жалған» ат­ты дидарғайып туындысында, сол «ант мезгілі» Абайға да келген сә­тінде Тұрдыбек екі дүниені тең екшеп, Абайды да, оқыған адамды да алмағайып күйге түсіреді. Мұндай уазды озан күңіреніс – бұрынды-соңды көркемсөз бе­тінде болған емес. Ол күңіреніс Тұрдыбек Алшынбайұлының Абай туралы туындысында ғана бар. Сол жолдарды тұла бойым шымырлай отырып оқыған шағымда Алшынбай абыздың ант мезгіліндегі толғаулары есі­ме түсті. Асылық демеңіз, ант мезгіліндегі өсиеттің қандай болатынын сіз естіп те, оқып та көрмеген шығарсыз. Сол үшін де «Күнделігімнен» үзінді келтірейін: «Сенбі. 01.02.1992 жыл. Ал­шын­бай атаның соңғы өсиеті: «Есіктен кіре берген кезімде: – Ой, Алла! – деген күңіренген Ал­шынбай атаның дауысы естілді. Төргі үйдегі төсекте дауысын со­зып қойып, күңіреніп, Аллаға жалбарынып жатыр екен. Алламен өзі ғана оңаша сөйлесіп, шын тілегін тілеп, үнін арыздана созады. Жанына барып отырдым. Мені танымады. Біразға дейін тыңдап отырдым: – Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Ал-ла! Мен сенің есебіңдемін! Ой, Алла, мен сенің есебіңдемін! Мен сенің есебіңдемін! Ести­сің-ңң-бе?!. Есебіңдемін... (Сәл үнсіз қалып барып одан әрі жалғастырды) – Енді бұл дү­ниеден қайыр кетті. Бай болдым, кедей болдым. Жаманды көрдім, жақсыны көрдім. Енді, міне, сексенге келдім, Алла! Бұл дүниеде адам мәңгі жасамақ емес. Ондай құдірет жазылмаған. Құлақ естімейді. Көз көрмейді. Аяқ жүр­мей­ді. Саған барғаннан басқа амал жоқ. Сенің құшағыңды аңсап жатырмын, Алла! Одан асқан рақым жоқ. Қинама мені... Енді қара жерді қазып, қуысына қоймақ... Әй, қиын... қиын... қиын! (Мен өзінің қараңғы қапасқа тү­сетініне булығып жатыр ғой деп іштей өлудің, өлімді күтудің қиындығына, қарттың жанталасына денем түршікті. Бірақ осынау тақуа, тәубешіл, ішкі діні берік, адал адамның қиналғаны шыбын жаны емес, мүлдем басқа екен) – Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Алла! Мен сенің есебіңдемін! Енді маған тіршілікте қалмақ жоқ. Жаманды, жақсыны, байлықты, кедейлікті көрдім. Сегізінші атам – Жарылқап еді. Жарылқап едің, Алла! Бай – басыр, кедей – тасыр, мықты – алашоқпар болды. Ел босты... Бала бесіктен ажырады. Ағайын бетімен кетті. Қиын... қи-ын! Қи-ыыын! Бір үй бір қазанға қарады... Қиын! (Сонда ғана Ал­шынбай ақсақалдың уайымын түсіндім. Екі ұлының бірі – Хасен опат болды. Тұрдыбек жалғыз, оның ұлдарының ешқайсысы үйленіп, отау құрмаған. Екі баласы дертті еді. Сол көкейін қыздырып, жүрегін шымшып жатыр екен ғой. Қиын! Бір қазанға қарап қалды-ау! – дегені сол екен! Үнсіз отыра бердім) – Ой, Алла! Ой, Алла! Ой, Ал-ла! Қараңғылықтан өкіметке қолым бір жетпей кетті! Сөзімді естімеді, Алла! Ақшадан құн кетті, адамнан қадір кетті. Енді қайтем, Алла! Қайтемін, Алла! Қайтемін... Артымның берекесін кім тілейді, Алла! Жұрт – жұртта, ел – елде қала ма, Алла! Менің жаным бойымда, тілегімді бер, Алла! (Бұл алмағайып тоқсаныншы жыл­дардың басы болатын. Ел-жұрт туралы қиналса – қиналғандай тұс. Осы кезде түпкі үйден Тұрдыбек шықты. Амандастық. Алшынбай ақсақалдың құлағына айқайлап «Тұрсын келді!» – деді. Қария үш қайтарып сұрады. Зады, жалбарыну күйінен арыла алмай, бұл дүниеде екені есіне баяулап барып түссе керек. Көзінің төменгі еті су­ланып, қызарып кетіпті. Бі­раз сұлық жатып, өзіне-өзі сөй­леді). – Мен бұл дүниедемін. Жас сексенге келді... Жаманды, жақсыны, байлықты, кедейлікті көрдім. Атам Жарылқаптан бері жаман емес ек... Міне, бір қазанға қаратты. Артымнан береке-ниетімді тіле! Бір-біріңе бас, көз болыңдар. Балаңа, Әминаға, Тұрсынға (Айымхан ғой айтпағы) арыздасқан дұға сәлемін айт. Анау – алай болды, мынау – былай болды (Өзінің ұрпағын меңзеп отыр-ау!), қайтейін, Алла. Олай-бұлай болып кетсем ниет тілеуімнің ішінде бол. Артым жүдеп қалмасын. Бір қазанға қарап қалды... Мені көрмей қалған, сұраған ағайынға сәлем айт. Жұртым – жұрт, елім – ел болсын. Сен мені соңғы рет тірі көріп отырсың ба, оны Алла біледі, қоштасқаным осы. Балаңа, Алла, менің жасымды берсін... Жүдетпей жөнелт мені! Қош! Жұртымды – жұрт, елімді – ел етіңдер... (Қолы жып-жылы екен. Маңдайынан сүйдім. Салқын екен. Ұзақ үнсіз жатты да, тағы да жалбарына бас­тады. Жоқ, бұл жалбарыну емес, Алламен амандасу. Тіршілік туралы есебін беріп жатыр. Шығып бара жатып Алшынбай абыздың соза «Ал-ла-а!» деген үнін естіп қалдым, есік жабылған кезде дауыс та қиылып түсті. Маған әлгі есік о дүние мен бұ дүниені бөліп тұрған Алланың ақыретінің есігі сияқты көрінді. Мен де аспанға қарап булығып тұрып: – О, Алла! Мен сенің есебіңдемін – дедім іштей жалбарынып)». Уа, десеңші, осы бір ант мез­­­­гі­ліндегі арманды сөздерде Ал­шын­байдың ғана емес, оның ұлы Тұрдыбектің де өзекті өксігі жатыр еді. Ол өксіктің не екенін қазбалап жатпайын, баланың азасы мен уайымынан ащы не бар дейсің дүниеде. Тұрдыбек соның барлығына әкесіне тартқан тауфихпен төзіп, жұртының – жұрт, елінің – ел болып қалғанын тілеумен өтті. «Көңілі жақсылардың алтын сандық, Сандықты кілт болмаса кім ашады», – деп халық даналығы жырлағандай, әр құбылыстың өз кілті болады. Аспанмен тілдескен Бабылдың мұнарасының құ­пиясын да ашқан сол кілт. Кө­ңілің­нің ауанын ашатын да сол кілт. Әдебиеттің де көркем сарайын ашып, бойыңды баурауға мүмкіндік беретін де – кілт. Кілт ашқан соң ғана оның ғажайыбын көріп, тамсана аласың. Тұрдыбек Алшынбайұлының шығармалары да қазақ әдебиетінің кәдімгі және ең қажетті кілтінің бірі. Асылы, қарабайыр өмір туралы қарапайым шындықты білесің, тұшыну арқылы ғана күрделі көр­­кем әлемге бойлай аласың. Ұлы шығармалардың құпиясын ашуға баулитын алғашқы кілт те, алғашқы аттайтын табалдырық та сондай адамдардың сондай бір қарапайым туындылары. Сондай кілттің иесі Тұрдыбектің өзі де қазақ әдебиетінің сенімді кілті болып қалатынына еш күмәнім жоқ. Қазақ әдебиетіне, жалпы өмі­­рімізге осы Тұрдыбек ағамыз сияқты адамдардың дауысы қашанда жетпей тұрады. Ол қарапайым да, қадірлі өмір кешті. Сол бір тұлғасы оны білетін және шығармаларын оқыған әр адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалады. Біз өзіміздің қаламгершілік және адамгершілік сезімдерімізді сондай пәк жандардың көңіл күйімен өлшеп өмір сүретініміз анық.  Тұрсын ЖҰРТБАЙ  АСТАНА