Бүгін Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Айбын» екінші республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталады. Оған әскери-патриоттық клубтардың, республикалық (облыстық) мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың студенттері қатысады.
Биылғы жылы осы іс-шараға алғаш рет жоғары оқу орындарының әскери кафедраларынан 52 қыз бала қатысады. Қазақстанның барлық аймағынан шараға 800-ден аса адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Аталған жиын барысында әскери-қолданбалы спорт түрі және жауынгерлік даярлық, әскерилендірілген ойындар, сондай-ақ, интеллектуалдық байқаулар мен басқа да жарыстар өтеді.
Биылғы жылы әскери-патриоттық жиынның бағдарламасына жаңа өзгерістер енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда, әскери-спорт түрі бойынша жарыстар саны екі есеге азайды. Сондай-ақ, жас буынның зияткерлік және интеллектуалдық қабілетіне ерекше назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, қатысушылар өздерінің дене машықтарын 100% көрсетуі қажет. Әскери-патриоттық жиында «Менің роботым» байқауы бойынша әр топ робот үлгілері мен роботталған жүйенің үлгілерін, сондай-ақ, ұшу аппараттарының жобаларын көрсетеді. «Айбын» жиынына қатысушылар еліміздегі танымал тұлғалармен таныса отырып, еліміздің қалыптасуы туралы қысқа метражды фильмдер фестивалінде өз таланаттарын көрсете алады.
Бұдан өзге, көрсетілім сабақтарында қару-жарақ, әскери техника мен жабдықтар, «Арлан», «Номад» броньды транспортерлері, командалық-штабтық машиналардың жаңа үлгілері көрсетіледі.
«Егемен-ақпарат»