Кеше Қысқы Азия ойындарында допты хоккейден жарыс басталды. Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында Қырғызстан және Моңғолия командалары кездесті. Бірақ осынау спорт түрі жанкүйерлерін сол кездесу алдындағы бір шара айрықша қуантты. Онда допты хоккейден келесі жылғы әлем чемпионаты біздің елімізде, тіпті нақтырақ айтсақ, осы «Медеу» мұз айдынында өтетіні жарияланды.
Бұл рәсімге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен Халықаралық допты хоккей (бенди) федерациясының президенті Борис Скрынник қатысып, ресми түрде 2012 жылғы әлем чемпионатының туын ендігі сол жарыстың иелеріне тапсырды. Құттықтау сөзінде қала әкімі Есімов мырза сол үлкен жарыс бүгінгі күндері жұртшылықтың көңілінен шығып отырған Азия ойындарындағыдай жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Енді Азиада ауқымындағы допты хоккей жарысына келсек, алғашқы кездесуде моңғол хоккейшілері өздерінің қырғыз әріптестерін үлкен есеппен ойсырата жеңді. 17:2 есебі әсте де командалар күшінің ара салмағын білдірмейді. Есеп бұдан да ірі болатын-ақ еді, бірақ алғашқы кезеңде есепті 13:1-ге жеткізген соң, моңғол хоккейшілері екінші кезеңді жаттығу деңгейінде өткізді. Содан да ойынның қызығы болыңқырамады.
Халықаралық ұлттық хоккей федерациясына Азиядан төрт-ақ ел мүше. Биылғы Азиадаға Үндістан командасы келе алмағандықтан, жүлделі орынды Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстан командалары бөліседі. Бүгін біздің допты хоккейшілеріміз Қырғызстан жігіттерімен кездеседі.
Мамадияр ЖАҚЫП.