03 Ақпан, 2011

Жұлдыздай аққан жүйріктер

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қысқы спорт түрлерінің ішінде жеңімпаздардың тағдырын се­көнттер шешетін жарыстың бірі конь­кимен сырғанау екені белгілі. Кеше Астанадағы Конькимен сыр­ға­­нау жабық стадионында спорт­тың осы түрінен өткен 500 метрлік қа­шықтықтағы бәсекеде жеңім­паздар мен жүлдегерлер анықтал­ды. Мұн­да аталған жарыс бойын­ша үш мәр­те Азия рекорды тіркелді. Өкінішке орай, бұл сында жерлестеріміз жүл­делі орындардан көрі­не алмады. Конькимен сырғанау стадио­нын­да бақ сынаған Азияның сайып­қырандары бірінші әйелдер арасын­дағы жарысты қорытындылады. Он мың адам сиятын стадионға ар­ты­нып-тартынып барған жергілікті жан­күйерлер оларға дем беріп отыр­ды. Бұл қашықтықтағы жарыс­та әйелдер арасында қытай қыз­дарына тең келер ешкім болмады. Мұз айдынында құстай ұшқан қы­тайлық қыз Ю Джин өзінің отанда­сы Ван Бейсиннің 2007 жылы қаңтарда көр­сет­кен рекордын 0,17 секөнтке жаңа­лап, бірінші жүгіруде 37,85 секөнт нәтиже көрсетті. Ал жалпы есепте ол В.Бейсинге тиесілі рекордты 0,01 секөнтке жаңалап, 76,09 секөнт нә­ти­жесінде Ақ Азиа­даның алтын алқасын тақты. Күміс медаль Ван Бейсинге бұйырды. Ол отандасына 0,44 секөнтке жол берді. Айтулы додадаға жүлдегерлер үштігін Оңтүс­тік Кореядан келген спортшы Ли Сан Хуа қоры­тын­дылады. Ерлер арасындағы жарыс жолы жанкүйерлерді тек желпіндірумен болды. Бірінші жүгірісте жапондық жампоз Като Джоджи осыдан төрт жыл бұрын орнаған құрлықтық ре­кортты жаңартты. Ол жарыстық қа­шықтықты 35,02 секөнтте сырғып өтіп, екінші жүгірісте әлгі нәтиже­сін тағы 0,04 секөнтке жақсартты. Қос жүгірістің қорытынды есебі бойынша Като Джоджи Азиаданың алтын алқасын иеленді. Ол оңтүс­тік­кореялық спортшы Ли Кан Сеоктан 0,35 секөнтке озды. Ал үшінші тұғырға Като Джоджидің жерлесі Нагашима Кейчиро көтерілді. Жарыстың қызықты өтуіне оған тілеулес жұрттың көптеп дем беруі еке­нін осы жарысты тамашалауда та­ғы бір көз жеткіздік. Жа­пондық жам­­­поздардың жанкүйер жұрты жан-тән­дерімен жа­лау­ларын ұстап, ұран­дап тұрған­да­рын көрген­де ерекше риза боласың. Спортты қай түрінен болма­сын, қадір­леуге барын салатын жапон­д­ық жан­күйерлердің спортшы­ларын жігерлендіріп оты­руы жиыл­ған жұрт­ты тамсан­дырмай қоймай­ды. Олар жанкүйерліктің на­ғыз үлгі­сін көр­сетті бізге осы ойын барысында. Жал­пы, қысқы спорт түрі айтуға да, өнер көрсетуге де оңай емес. Оның үстіне Азияның азуын ай­ға білеген хас жүйріктері келіп отырға­нын ескерсек, жүлде алу­дың қанша­лық­ты жүгі ауыр екенін анық байқайсыз. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.