Қарағандылық кеншілердің еңбекақысы кешеуілдеп жатыр
«Түйенің арқалағаны алтын, жегені жантақ». Дәл осындай кепті бүгінгі күнде қарағандылық «Гефест» кәсіпорнының кеншілері киіп отыр. Жеті қат жер астында көмір қыртысын қопарған жұмысшылардың еңбекақы дегенді көрмегендеріне, міне бірнеше айдың жүзі болыпты.
Зады «Гефест» көмір өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығының құрамына бақандай 29 кәсіпорын кіреді екен. Міне, осы кәсіпорындардың көбісін екі жылдан бері мазасыздық жайлаған. Бұлай болмай қайтсін, «Гефесің» қол астындағы жұмысшыларының еңбекақыға деген 82 миллион теңге қарызын қалай қайтарарын білмей дал болып отырса...
Шыдамның да шегі бар, таяуда қашан жабыламын деп күн санап отырған «Киров» шахтасының кеншілері алғашқылардың бірі болып бас көтерді. Бұл шахта Қарағандыдағы байырғы кен орындарының бірі – қабырғасы 1934 қаланған. Ал «Гефестің» құрамына кәсіпорын 2007 жылы енген болатын.
Еңбегі еш, тұзы сор кенші қауымын да түсінуге болады: Егер де ақысыз еңбек демалысына кетер болсақ, табанақы, маңдайтермен тапқанымыздың өзін ала алмай сорлап қаламыз ба деп қауіптенеді олар. Содан, әншейінде қара жер қозғалса да қозғалмайтын кенші ағайын ереуілге енді шығайын деп жатқанында, кәсіпорынға Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров пен компания басшылығы сау етіп келе қалсын.
Қала әкімі мен әбден ашынған кеншілер арасында қалыптасқан ахуалды қызу талқылаған әңгіменің өрбігені рас еді. Әкім Әубәкіровтің айтуынша, кәсіпорынның еңбекақы жөніндегі қарызының өзі 82,2 миллион теңгеге жеткен. Бұған әлеуметтік және зейнетақы бойынша төлемдерді, банк қарыздары мен коммуналдық қызметтерге деген берешекті қосыңыз. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына көрші елдегі рубльдің девальвацияға ұшырап, ондағы көмір және кокс қоспасы нарығының көзден бұл-бұл ұшуы бірден-бір себепкер көрінеді. Десе де, таяуда кәсіпорын қыстан бергі үзілістен кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына там-тұмдап өнім жеткізе бастаған. Бірақ бұл тырбанған әрекеттің тығырықтан алып шыға қоюы екіталай.
Әңгіме барысында қала әкімі мәселені төтесінен қойды. «Бүгінгі күнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың дебиторлық қарызы 40 млн. теңгені құрайды. Оған қоса, мамыр айында жөнелтілген өнімге төленетін алғашқы транш 13 маусым күні түсе бастайды. Бұл кезде сәуір айындағы еңбекақы бойынша қарыз толықтай жабылуы тиіс», – деп шегеледі қала әкімі.
Жалпы, атқарушы билік шығар-шықпас жаны бар кәсіпорын дегенде қолдан келген көмектен аянып жатқан жоқ. Мәселен, монополистермен келіссөздер жүргізіліп, «Гефес» кеншілерінің коммуналдық қызметтер алдындағы қарыздары үшін электр энергиясын қидырмауға қол жеткізілді. Сонан соң кәсіпорынның өзіне электр энергиясын жеткізуші компаниямен мәмілеге келудің сәті түсті. Соның нәтижесінде монополист төлем кестесінің мерзімін талай бұзған бизнесменге қарызын бөліп-бөліп төлегенше кешіріммен қарай тұрмақ. Сондай-ақ, қарағандылық билік «Гефест» үшін электр энергиясын жеткізу тарифі мен тасымалдау төлемін төмендету жөнінде Үкіметтің өзіне ұсыныспен шықпақшы. Бірақ та бұл шаралардың шиеленіскен мәселелердің шешімін біржолата таба қоярына дәл қазіргі уақытта сенім аз...
Шынтуайтына келгенде, мәселенің тым тереңге тамыр тартып кеткенін мойындамасқа амалы қалмағандай әкім мырзаның: «Өнімді арттырмайынша, кәсіпорын мен байыту фабрикасының қызметін жандандырып, жетілдірмейінше және де кокс қоспасын шығару көлемін көбейтпейінше кәсіпорынның болашағы бұлдыр. Сондықтан біз қазірдің өзінде алдағы жағдайдың пессимистік бағытта өрбитін жолын да қарастырып жатырмыз. Ол дегеніңіз, жұмысшыларды қысқарту және оларға еңбекпен қамту басқармасы арқылы алдағы уақытта жұмыс тауып беру. Қазірдің өзінде аталған басқармаға әр жұмысшының үйіндегі балалар мен студенттер санын және де кеншілердің біліктіліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік портреттерін жасау тапсырылған», – деуінің өзі осылайша топшылауға негіз береді.
Әңгіме былайша өрбігенде кәсіпорынның басшылығы да қарап қалмай өз уәжін айта отырды. «Біз жұмыс істеп тұрған және көмір таситын техниканы есепке алмай отырмыз. Дизель отынын, материалды сатып алу керек, – деді кәсіпорынның қаржы директоры Наталья Иванова. – Сіздер біздің шығындарымыз тек еңбекақы мен салықтан ғана тұрады деп ойлайсыздар ма? Мен сіздерге бірден айтайын: егер біз 13 маусымға дейін сіздердің еңбекақыларыңызды жабатын болсақ, онда көмір тиеуді тоқтатуға мәжбүр боламыз. Нәтижесінде шілде айының басында түсуі тиіс ақша мүлде түспейтін болады...».
Әлбетте, қала әкіміне мұндай ауандағы әңгіменің ұнамағаны рас. «Сіздер вагондарды да жөнелтесіздер, сәуірдің еңбекақысын да төлейтін боласыздар! Сол үшін де сіздер басшы болып отырсыздар! Ал мұны менеджермен қосылып қалай істейсіздер, онда жұмысшылардың шаруасы жоқ!», – деп қала әкімі Әубәкіров әңгімені шорт кесті.
Рас, сол күні кеншілердің қолына наурыз айының еңбекақысы түгелімен тиді. Ал қалған қарыздың қашан өтелетінін әкім де, кәсіпорынның әкімшілігі де тап басып айта алмады...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ