03 Ақпан, 2011

Александр ТКАЧУК: «Әрбір медаль үшін күресетін боламыз»

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
VІІ Қысқы Азия ойындарының бас баспасөз орталығында шаң­ғы-биат­лоны кешендерінде өтіп жат­қан жарыстардың бірінші күні аяқ­та­луы­на байланысты баспасөз мәсли­хаты өтті. Ойын қорытындысына байланысты Қазақстан биатлон ко­мандасының бас жаттық­тыру­шы­сы Александр Ткачук журналистермен ой бөлісті. Баспасөз мәслихатына 7,5 шақырымдық спринтте жеңім­паз атанған қытайлық Ван Чунли (Wang Chunli) Қазақстан биатлоны бойынша мемлекеттік жаттықтыру­шы Сафия Телеубаева және Ха­лықаралық биатлоншылар одағы­ның делегаты (IBU) Владимир Пильберг қатысты. «Бір сөзбен стадионда салтанат құрған сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл тамаша! Қазақстандық спортшыларды марапаттау басталғанда ел орнынан тұрып, әнұранды шырқап кетті», – дейді Сафия Телеубаева. Қытай биатлоншысы Ван Чун­ли спортшылар үшін жасалған трас­салардың сапасына ерекше тоқ­талып өтті. «Тамаша трасса. Ешқан­дай кінәрат арта алмайсың. Ауа райы да бізге көмектескендей жы­лып кетті, жел болмады. Спорт кешені де заман талабына сай салы­ныпты, трибуналар мен жанкүйер­лер жайғасатын орындар да кең». Ал, қыздар арасындағы спринтте Елена Хрусталеваның Аспанас­ты елінен келген бәсекелесіне жол беріп қойғанына қазақстандық тарап аздап қынжылып отыр­ған­дарын жа­сы­ра алмайды. Әрине, Ле­наның жанкүйерлері жеткілікті еді. Дегенмен, Қазақстан құрама­сы­ның бас бапкері Александр Ткачук сабыр сақтай отырып: «Азия ойын­дарына қорытынды жасау әлі ертерек. Біз спринттен алтын ала­мыз деп дәмеленген жоқпыз. Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке жарыста мықты. Біз сол алтыннан үміттіміз. Бүгінгі күн де біз үшін олжа­сыз бол­ған жоқ. Мен Азиа­даның әрбір медалі үшін соңына дейін барымызды сала­тынымызды мәлімдеймін!», деді. Биатлоншылар баспасөз мәсли­ха­тын­да жарыс нысанындағы алғаш­қы күннің кедергісіз болмағанын ай­та­ды. Бірақ, ол Халықаралық биат­лон­шылар одағының өкілі (IBU) Владимир Пильбергтің айтуынша, бұл мәселе жедел шешілген. «Қазақ­стан үшін Азия ойындары осындай үлкен ауқымдағы шаралардың бірінші сабағы ғана екендігін бөле-жара айта кеткім келеді. Сондықтан, азда­ған кемшіліктер орын алып жатса, оған көз жұмып қарау керек. Бұл – бар болғаны алғашқы тәжірибе», деді Владимир Пильберг. Айнаш ЕСАЛИ.