15 Маусым, 2016

Іскерлігі ісінен көрінеді

463 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Снимок1988 жылдың маусым айында жоғары оқу орындарының қара- шаңырағы саналатын бұрынғы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Оқу министрлігінің ұйымдастыруымен алқалы семинар-жиын өткен еді. Онда негізінен пединституттардың тілші-мамандары жасаған елуден аса жоба тыңдалып, талқыланды. Осы жобалардың ішінде Алматының іргесіндегі Есік педа­гогикалық училищесінің оқытушысы Мұхаметнұр Есімбековтің де жобасы бар еді. Кезек сөйлеушілердің соңына таман тиіп, жұрт жалығып, шаршай бастағанда мінбеге көтерілген жас маманның қи­сынды пікірі мен ұсыныстары семинарға қатысушылардың назарын бірден аударды. Төрде отырған Ы.Маманов, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, И.Ұйықбаев, Р.Нұрғалиев, Н.Оралбаева, Р.Сыздықова, Ш.Бектұров, С.Рахметова, К.Адамбаева, К.Сариева сияқ­ты белгілі ғалымдар бірауыздан оның жобасы толықтырылып, типтік бағдарлама ретінде бекітілуі керек деген тоқтамға келді. Бұл – педагогикалық жұмысты жаңа бастаған М.Есімбековтің ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қалыптастыру, оны көпұлтты республикамыздың барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың бас­ты құралына айналдыру сияқты мем­лекеттік маңызы бар аса ауқымды жұ­мысқа алғаш атсалысуы еді. Бұдан кейін министрліктің арнау­лы орта білім бойын­ша Бас басқармасының ұсынысымен (К.Сүттібаева, И.Хрупина) училище базасында ұлт мектептеріне қазақ тілі мен әдебиетінің орта буын мұғалімдерін даярлайтын арнаулы бөлім ашу, жаңа мамандықтың нормативтік-құқықтық құжаттары мен оқу бағдарламаларын, әдістемелік нұсқаулары мен оқу құралдарын жазу, оқуға қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін талапкерлерді қабылдап, білім үрдісін ұйымдастыру жұмысы да Мұхаметнұр Бәтжанұлына сеніп тапсырылды. Аталған мамандық 2009 жылға дейін нәтижелі жұмыс істеп, колледж он бес жылда орыс, ұйғыр тілдерінде оқытатын мектептерге бес жүзден аса қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдерін даярлап, кейін мамандық жоғары оқу орындарының қарамағына берілді. Осы еңбегі орынды бағаланып, Мұхаметнұр 1992 жылы училище оқытушыларының арасынан алғашқы болып Ы.Алтынсарин медалінің иегері атанды. Бұдан кейінгі жылдарда табиғатынан еңбекқор, ізденімпаз, шығармашылық ойы мен эстетикалық талғамы жоғары М.Есімбеков мемлекеттік тілді насихаттау мен оның қолданылу аясын кеңейту бағытында тынымсыз еңбектене жүріп, өзі де республикаға танымал қазақ тілінің білгір маман-оқы­тушыларының біріне айналды. Сөйтіп, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің абырой-атағын асқақтатып, шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне бөленді. Біліміне білігі ұштасқан азамат республикадағы кәсіптік орта оқу орындарының орыс бө­лімдеріне арналған практикалық қазақ тілінің типтік оқу бағдарламаларының авторы атанды. Оған қоса алғаш рет ұлт мектептеріне мемлекеттік тілден сабақ беретін мамандарға арналған қазақ тілі бағдарламасын түзді. Оның оқытушыларға арналған әдістемелік оқу құралын бастырып шығарды. Сол секілді орта кәсіптік оқу орындарының орыс бөлімдерінің студенттері үшін «Казахский язык для русских отделении педагогичес­ких училищ» атты оқулығын жазды. Кейін өзі дайындаған оқу бағдарламалары мен әдістемелік нұсқауларды тиімді қолдану және мемлекеттік тілді оқыту әдіс-тә­сіл­дерін жетілдіру мәселелері бойын­ша Алма­ты, Семей, Тараз, Ақмола, Қызылорда, Қара­ғанды, өзге де облыс орталық­тарын­дағы оқу орындарының базасында ұйымдастырылған конференциялар мен семинарларға шақыр­тылып баяндамалар оқып, тәжірибе алмасып, Республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында, облыстық білім мекемелерінде дәрістер оқыды. «Бастауыш білім берудің шет тілі мұға­лімі», «Аударма ісі» мамандықтарының білімгерлері ағылшын тілінің жоғары санатты оқытушылары Қ.Бекбосынова, М.Абирова, Е.Ысқақов, Л.Әзімжановалардың жетек­шілігімен ағылшын тілінде «Қазақ ертегілері» жинағын, бірінші сыныптың «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығын, оқытушыларға арналған әдістемелік нұсқауларды кітап етіп бас­тырып шығарып, «Жаужүрек мың бала», «Бауыржан Момышұлы» фильмдерінің субтитрін жасады. Ұлттық Ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан 2004 жылы «Практикалық қазақ тілі» атты оқулығы жарық көрді. Бұл оқулық екі жылдан кейін республикалық оқу-әдіс­темелік бірлестіктің шешімімен қайта басы­лып, еліміздегі педагогикалық оқу орын­дарына таратылды. Зерделі жанның «Қазақ­стан кәсіпкері», «Бастауыш мектеп», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ана тілі» сияқ­ты республикалық басылымдарда оннан аса ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік мақа­лалары жұрт қолына тигенін де айта кетсек артық болмайды. Оқу үрдісіне басшылық жасай жүріп, колледж мұражайының экспозициялық сызбасын жасап, оқытушылар мен білімгерлерге арналған танымдық-ақпараттық «Білім өркені» газетінің негізін қалап, оның редакциясына жетекшілік еткені және бар. Ол тек мұғалімдік, ғылыми-әдістемелік жұмыстармен айналысып қана қоймай, оқу орнының әкімшілік-басқару жұмыстарына да белсене араласты. Тілдер жөніндегі пән бірлестігіне жетекшілік етсе, 2006-2015 жылдар аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орыбасарының міндетін абыроймен атқарып, оқу үрдісін заңнамалық-нормативтік тұрғыдан сауатты ұйымдастыру, оқытушылардың кәсіптік біліктілігін жетіл­діру, мамандар даярлау сапасын жақсарту бағытында тынбай еңбек етті. Білім жүйе­сінде күрделі реформалар кезеңі болған 2008-2013 жылдар аралығындағы оқу үрдісін ұйымдастыру жұмыстарының ауқымы мен салмағы, әсіресе, онымен тікелей айналысатын мамандар үшін ерекше болғаны баршаға аян. Бұл жылдарда мемлекеттік білім стандарттары мен үлгілік оқу жоспарлары үш рет өзгеріске ұшыраса, колледжге білікті басшы Тоққожа Естенұлының келуімен жаңадан сегіз мамандық түрі ашылды. Білімгерлердің саны 2000-нан, оқытушылар мен техникалық қызметкерлердің саны 200 адамнан асып түсті. Он жылда өмірлік тәжірибесі мен іс­керлік қабілеті, жұмыс стилі бір-біріне ұқса­майтын колледж басшылығы бес рет ауыс­ты. Негізгі салмақ М.Есімбековке түсті. Ол кәсіби сауаттылығы мен биязы мінезі, ең бас­тысы адамдармен жұмыс істей білумен ерекшеленді. Республикамыздағы жетекші орта оқу орындары: Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық кол­леджі, Жаркент педагогикалық-техни­калық колледжі, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжі, №1 Алматы қазақ педа­гогикалық колледжі, өзге де білім меке­мелерінің әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Сөз соңында айтарымыз, адамның ақыл-ойы неғұрлым кемел болса, оның жауапкершілік сезімі, патриоттық ұстанымы да соғұрлым жоғары болатыны табиғи заңдылық. Мақ­тау мен мадақтауға еліге қоймайтын Мұха­метнұр Бәтжанұлы білім саласындағы тың ізденістердің беталысын, Елбасының «Мәң­гілік Ел» идеясының мән-мағынасын шәкірттеріне талдап түсіндіруден жалыққан емес. «Бізде халқымыздың өзге дамыған елдермен терезесі тең болып, ұзақ та бақуатты өмір кешуі үшін қажеттінің бәрі бар, – дейді ұлағатты ұстаз. – Ол – асты-үсті қазына-байлыққа толы ұлан-ғайыр жеріміз, бай да әуезді тіліміз, жаны да, қаны да таза, алғыр да қағылез еңбекқор халқымыз, ел мен жерді айнала шегенделіп бекітілген шекарамыз. Ендігі керегі – жоғары ұлттық сана, бірлік пен ұйымшылдық және ғаламдық ғылым мен технологияның қандай жетістігі болмасын емін-еркін зерделеп, ел игілігіне пайдалануға қабілетті білімді жастарымыз». Іскерлігі ісінен көрінген әріптесіміздің бұл айтқандарына біз де толық қосыламыз және солай болатынына сенеміз. Ұстаздың жанын алдымен ұстаз ұғатыны анық қой. Мэлс САТАЕВ, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің оқытушысы Алматы облысы