15 Маусым, 2016

Көркем гимнастиканың примасы

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
алияӘлия есімді қыз­дардың дені батыр текті болады-ау. Қазақ көркем гимнастикасы тарихында әлемде үздік бестікке кірген даңқты қызымыз туралы дүниежүзіндегі ең мықты бапкерлердің бірі саналатын Ирина Винер Бейжің Олимпиадасының алдында «Менде Олимпиада ойындарында топ жаруға лайық төрт гимнасшы бар. Соның бірі – Әлия Юсупова», деген болатын. Әлия Юсупова үлкен спорт­­­­пен қоштасқаннан ке­йін Ирина Винердің өзіне жұмысқа шақырғанын ес­тігенбіз. Әлиядан соның жайын сұ­ра­дық. – Неге мен Ресейге баруым керек?! Рас, Ирина Ви­нер – әлемдегі ең үздік бапкерлердің бірі. Өз қо­лымда өскен қызсың, бір­ге жұмыс жасайық деп ша­қырғаны рас. Бірақ, мен «Ресейде бапкерлер көп қой, Қазақстанға керегірекпін», дедім. Мен өз елімнің патрио­тымын. Бізге өз олимпиадашыларымызды дайындау керек. Сондықтан, тұлғаңды алтыннан құямын десе де Қазақстаннан кетпеймін. Осыны айтқанда Әлияның танадай көзі жарқ ете қалған. Әдетте, көркем гимнасшылар сайысқа шыққанда жадырап шығады. Мәсе­лен, Олимпиада ойын­да­рының жеңімпазы Али­на Кабаеваның езуі бір жиылғанын көрген емеспіз. Есесіне біздің қызымыздың әлемдік сында жарқ етіп бір күлгенін және көрген емеспіз. Табиғатында байсалды қыз қанша жерден көркем гимнас­тика талап етсе де өтірік күле алмайды. Оның Олимпиада ойындарының жүлдегері бол­мағандығын кейбіреулер осы мінезінен де көреді. Бірақ, қазақ қызының на­мыс­­қойлығында шек жоқ. Сырт көзге ұяң көрінетін қа­рындасымыз ұлт намысы, мем­лекеттік мәселеге келгенде жолындағыны құрақтай жапырады. «Неге мен Ресейге кетуім керек. Мен өз елімнің патриотымын», деген сөзі соның бір айғағы ғана. 2006 жыл. Катар. Дохада Азия ойындарының байрақты бәсекесі қызып жатыр. Ақ көйлегі қы­зыл тобығын жа­­уып жү­ретін, аузынан Алла­сы түспейтін арабтар етегіне сүрініп жүретіндей халде емес. Қазақтың бо­та тір­сек, бота көз аруы Әлия Жү­сіпова-Юсупова көркем гим­настиканың төрт түрінен өткен сынында бар алтынды бір өзі сыпырып алды. Командалық есепте де Қазақстанды алға шығарарлықтай ерлік жасады. Екі өкпемізді қолымызға алып арасын жұқа шатыр бөлген күрес залына асықтық. Роман Мелешин ақтық сында айқасып жатқан еді. Бір кезде айқай-шуды тұншықтырып Қазақстаның әнұраны ойналды. Әлияның құрметіне. Әлияның үзеңгілес серіктерінің құрметіне. Осы кезде Роман төрттағандап жатқан қарсыласын жерден қап көтергендей салақтатып жұлып алған. Шеке тамырлары білеуленіп сәл тұрды да оң жақ қапталға бір-ақ ұрды. Роман Мелешин де Азия ойындарының жеңім­пазы. Алып сарайды қуанғаннан мой­нымызға іліп кетердей халде жүрміз. Соңынан Роман айтты ғой. Қазақстанның Әнұранын естігенде кеудеме алапат күш бітті деп. Солай. Әлия өзі ғана алтын алып қоймай серіктеріне және Шығыстың балуанына да алтын ұстатқан. Сонда деймін-ау, халқы тау-тау құмнан көп Қытай гимнасшылары қазақ қы­зының құрметіне бас иді. Афина Олимпиадасында осы Әлия Юсупованың кем дегенде үштікке кіретін мүмкіндігі болды. Бар жат­тығуды мін­сіз орындады. Лентасын шұ­балтып тү­сіріп алған Ресей қы­зы алдына түсіп кетті. Бей­­­­­жің Олимпиадасында да украиналық Бессонова екеуінің ұпайы қайта-қайта есептеліп, қазылар атақты футболшының қызына жақ тартты. Адамдар қазылық еткен жерде әділ төрелік күту қиын. Сәл-пәл мін тауып, күштінің алдында шыбындаған атша бұрып кетеді. Көркем гимнастикада әлемдік аренада бір төрешіміздің жоқ­тығы біздің Әлияның жолын сан рет байлаған. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлына рахмет. Шым­кентке келген бір сапарында Әлияның қо­лынан ұстап тұрып, «Әлия, мен сенің жеңгеніне сендім», деді. Облыс әкіміне «Әлияға арнайы көркем гимнастика мектебін ашып беріңдер», деп тапсырды. Сол мектеп Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік ор­талығы жобасында пай­далануға берілді. – Бүгінде онда жүз елу, екі жүз шамасында шәкірттер жаттығады, – дейді Әлия. –Басында оншақты-ақ қыз бол­ған. Бапкерлеріміз мық­ты. Халықаралық дә­ре­же­дегі спорт шебері Сәбина Әшірбекова Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындары­на жолдама алды. Ирина Винер бапкерлерім жарыстарда Сәбинаны көріп жоғары баға берген. Өнерін талдап, пайдалы кеңестерін беріп тұрады. Оның сыртында 2002 жылғы Даяна Әбдірбекова мен Әлина Рүстемова деген гимнасшыларымыз жақсы табысқа жетіп келеді. 2003 жылғы Роза Әбитова деген шәкіртіміз 2018 жылы жасөспірімдер арасында өтетін олимпиада ойындарына жолдама алды. Әлия Юсупова бүгінде көркем гимнастикадан Қазақ­стан ұлттық құра­масының бас бапкері, Халықаралық са­наттағы төреші, Шымкенттегі №9 көркем гимнастикадан олимпиадалық резервтегі ма­мандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры. Қоштасарда бір сауал қой­ғанбыз. – Әлия, әкең, атақты бокс­шы Мақсұт ағайды жақсы білеміз. Бірақ, фамилияңа қарап тегі татар екен деп қа­латындар өз ішімізде де бар. – Түсіндім, аға. Әкем қа­зақ, шешем қазақ. Әке­міздің төлқұжатында Юсупов болып жазылып кеткендіктен осылай болған. Ал мен қазақ қызы екенімді әрқашанда мақтан тұтамын. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Шымкент