Тай Ан КВОН, Оңтүстік Корея құрамасының хоккейшісі.
Қазақстанды мен үздіксіз даму үстіндегі ел ретінде танимын. Бұл елді естігенде, өз құндылығын жоймаған, құтты қадамдарымен тек алға қарай қарыштап келе жатқан мемлекет пен айдай әсем, жаңа ғимараттарға өте бай Астана қаласы көзге елестейді. Өзім хоккейші болғандықтан, әлемдегі хоккей командалары жайлы жаңалықтарды үзбей бақылап отырамын. Сол себепті де, Қазақ елінен аз да болса, хабарым бар. Соның ішінде, «Барыс» командасы жөнінде көп естігенмін. Өз басым, қазақстандық хоккейшілерді ерекше бағалаймын. Бұл елдегі хоккей спорты барынша даму үстінде. Алдағы уақыттарда да биік белестерден көрінетініне күмәнім жоқ.
Қысқы Азия ойындарының Қазақ елінде өтетіндігін, осы елге келу мүмкіндігі маған да берілгендігін ерекше мақтанышпен қасиет тұтамын. Сырттай біліп жүрген ел жайлы, осында келетінім белгілі болған күннен бастап, ғаламтордан Қазақстанды іздеу күнделікті әдетіме айналды. Тағы да айтқым келетіні, бұлай тек қана мен емес, менің жолсеріктерім мен басқа да спортшылар ерекше назар аударғандығына сенімдімін.
Тәуелсіздігіне 20 жыл толу үстінде тұрған жас Қазақстанға осы Қысқы Азия ойындарының нәтижесінде өзінің оң имиджін өзге мемлекеттерге танытудың реті келіп тұрғандай. Ал мұнда келгелі бері, шынын айтқанда, тынымсыз жаттығудан бос уақыт болмай, қаланың көрнекті нысандарын аралаудың сәті түспей отыр. Бүгінде тек дүкендерді ғана аралап жүрміз. Бұл жақтың тағамдарын, не атаулары мен құрамын түсіну біз сияқты шетелдіктерге аса қиын. Алайда, шетелдерден келген спортшыларға арнайы волонтерлар бөлгеннің нәтижесінде, өз елімізде жүргендей еркін сезінудемін. Олар күні бойына біздің жанымызда жүріп, қажет болған жағдайда кез келген ұлттың өкілдерімен тілдесудің, қай нысандарды аралап, қандай тағаммен тамақтанудың ретін түсіндіруде. Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті осы жағына ерекше назар аударғандығы үшін алғысым шексіз.
Орналастырған қонақ үй де тамаша жабдықталған. Бұлардың барлығы жас Қазақстан үшін үлкен жетістік. Осындай жас мемлекет пен таза қаланы тамашалауға куәгер болуым – спортқа деген қызығушылықтан туындап отыр. Мұндай халықаралық жарысқа қатысқаным үшін, қазақ жеріне табан тірегенім үшін бақыттымын. Азиада қатысушыларына тек жеңіс, Қазақстан еліне ірі жетістіктер тілеймін.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.