Осыған орай қоғамдық тыңдаудың Астанада өтетіндігі Атырау кәсіпкерлерін алаңдатып отыр
«ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалы газдың құнын көтеруге қам жасап отыр. Табиғи газ тарифі өсетінінен хабардар болған атыраулық кәсіпкерлерден маза кетті.Олардың пікірінше, бұл кәсіпкерліктің дамуына едәуір кедергі келтіруі мүмкін. Сол себептен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры, «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Асылбек Жәкиев аталған мәселені партия алаңында талқылауды ұйғарыпты. Қоғамдық кеңес мүшелері алдында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Абуов тарифтің жоғарылауы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасында қаралған жұмыстардың ауқымымен байланыстырады. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелері «ҚазТрансГазАймақтың» өндірістік базасын халықтың қалтасына салмақ түсіру арқылы жақсартуына келіспейді. Кәсіпкерлер әлемдік экономикалық дағдарыс тұсында тарифтің өсуін орынсыз деп санайды. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Абуовтің мәлім етуінше, 2015 жылдың 1 шілдесінен бері бір текше метр газды тасымалдау үшін 1 266,54 теңге мөлшеріндегі өтемдік тарифі қолданылады. Енді компанияның тарифті өсіру жөніндегі өтінімінде 2016-2020 жылдары бір метр газды тасымалдау тарифі төрт жылға бөлгенде бір текше метр үшін 5 701,42 теңге болуы тиіс екен. Демек, бұл қазіргі қолданыстағы бағадан 4,5 есеге көп болғалы тұр. Осыған орай компания қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлапты. Алайда, мұнайлы өңір тұрғындары үшін маңызды мәселе ортаға салынатын қоғамдық тыңдау 17 маусымда Атырауда емес, Астанада өткелі отыр. Неге бұлай? Атырау тұрғындарына қажетті мәселе Астанада емес, неге жергілікті жерде талқыланбайды?
Иә, расында кәсіпкерлер тарифтің өсуіне бір, қоғамдық тыңдаудың Астанада өтетіндігіне екі алаңдап отыр. Кәсіпкерлер көңілін күпті еткен мәселенің басты себебіне тоқталар болсақ, «Тек қана газ бағасы ғана көтерілмейді. Газбен бірге жылудың да тарифі көтеріледі. Себебі, қазір су газ қондырғыларымен ысытылады. Электр энергиясы да газды тұтыну арқылы өндіріледі. Өніміміз бар. Өніміміздің барлығы осы электр, суға, газ бағаларына байланысты» – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Әділ Жұбанов.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ