Мемлекеттік қызметтен шеттетіліп қалғанда осы саланы бүге-шігесіне дейін жақсы меңгерген әрі білікті заңгер ұлым өз құқығын қорғау үшін жоғары инстанцияға дейін барған еді. Сол кездегі судьялар тарапынан жасалған заңсыздықтар әлі де жалғасып келеді. Олай дейтінім, 14 жылдан бері тұрып жатқан баспанам дауға айналып, сот процесіндегі заңсыздықтарға орай қартайған шағымда далада қалу қаупі туындап отыр.
Тарқатып айтар болсам, 2002 жылғы 19 шілдеде мен пәтер сатып алу мәмілесін жасасқан едім. Отбасылық досымыз марқұм Кенжехан Мүсенұлы Сексембаев деген кісі пәтерін маған өткізіп берді, ал мен өзі белгілеген 1800 АҚШ долларын қолына ұстаттым. Ол кезде бұл біраз ақша еді. Жақын араласып жүргендіктен әрі арамызда өзара сенім орнағандықтан қолхат алуды жөн деп таппадым. Оның үстіне, пәтер иесі ретінде мәміле жасасқан Кенжехан да пәтердің жекешелендірілгенін, мемлекеттен сатып алғандықтан, онда отбасы мүшелерінің де үлесі барлығын айтқан жоқ.
Ол кезде мен 64 жастағы күйеуімді жер қойнына тапсырып, өзім ауыр отадан кейін қалпыма келе алмай жүрген кезім еді. Одан қалса жарық ісік жанымды қатты қинап жүрді. Қысқасы, жүйкемнің сыр беріп, наркоздан кейінгі қан қысымымның артып, басым айналып, қант диабеті мен көз жанарымның бұлдырай бастауы еркін жүріп-тұруға мүмкіндік бермеді. Солай қиналып отырған кезде ұлым Ермек келіп: «Мама, сіз жата беріңіз, мен бармын ғой. Барлығын да өзім істеймін», деді. Баламның бір қажетіме жарап қалғанына қуанып, келісімімді бердім. Ол Кенжехан ағасымен барып, 2002 жылдың 19 шілдесінде сатып алу мәмілесін жасасқаннан кейін келіп: «Мен барлығын да реттедім, енді, мама, пәтер сіздікі», деді де қолыма бір бума қағазды ұстатты. Оны ашып қарауға шамам келмеді. Екіншіден, балама сенгендіктен, әлгі мәмілені чемоданға салып қойдым.
Жалпы, біз Сексембаевтар отбасымен жақсы араластық. Кенжехан мен оның зайыбы Дина да үнемі бізде қонақта болып жүретін. Тіпті, мен олардың баласы Ерланға мектепте сабақ та бергенмін. Марқұм аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі болып жүрген 1996 жылы маған отаны өзі жасап, бір өлімнен аман алып қалғанын қалайша ұмытайын.
Сексембаевтар отбасы басқа үйден пәтер алу үшін өздері тұрып жатқан, қазір мен иеленіп отырған баспаналарын сатқысы келгенімен, сол кездерде оны алатын ешкім табыла қоймады. Сондықтан да пәтерін сатып алуды кезінде өзі ұсынған-ды. Азаматтың бір өтінішін жерде қалдырғым келмей, сатып алуға келісімімді бердім. Міне, сол кезден бері арада 14 жыл өте шығыпты. Сол пәтерде ұлдарым Мәрлен мен Ермек үшеуміз тұрып жаттық. Араға екі жыл салып мен ұлым Ермекті Әлия деген қызға үйлендірдім. Балам Алматыда жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жүрді. Сол қаладан Ермек екі пәтер және мәшине, ал Есік қаласынан үй сатып алды.
Барлық бәле 2015 жылғы 7 наурызда, ұлым қайтыс болғаннан кейін туындап отыр. Келінім күйеуінің жинақталған зейнетақысын рәсімдеу үшін менен пәтер құжаттарын және жеке куәлігімді сұраған. Ойымда ештеңе жоқ бере салдым. Артынан пәтерді Ермек өз ақшасына сатып алған дегенді айтып, жылжымайтын мүлік өзіне және балаларына тиесілі дегендей дау шығарды. Кенже ұлым Мәрленге екі бөлмелі пәтер сатып алып беремін деп алдаусыратып та көрді. Содан полицияға жүгіндім. Қылмыстық іс қозғалғанымен, келінім барлық құжаттарымды кері қайтарып беріп, қылмыстық құрам болмағандықтан, іс жабылды. Алайда, сату-сатып алу мәмілесінің түпнұсқасы қайтарылғандығына күдік туды. Артынан оның лазер арқылы шебер жасалған көшірмесі екендігіне көзімізді жеткіздік.
Құжаттың түпнұсқасы менде болмаса да келінім құжаттардың түпнұсқасын қайтаруды талап етіп, Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотына шағым түсірді. Судья Е.Баймұлдинованың төрағалығымен өткен сот отырысында келінім Әлия Матаеваның менен құжаттарды қайтару туралы талабы қолдау тапса, ал менің қарсы талап арызым қанағаттандырылмай тасталды. Аудандық прокурор Т.Иманбаевқа арызданғаныммен, ол да бірінші сатыдағы сот шешімі негізді әрі заңды деп көрсетті.
Аудандық деңгейдегі заңсыздықтарға шағынып, Алматы облыстық азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жүгіндім. 2015 жылдың 12 қарашасында Н.Киекбаеваның төрағалығымен өткен сот отырысында сатып алу құжатының түпнұсқа екені А.Тоққожаева тарапынан расталған. Шынтуайтына келгенде, ол құжаттың түпнұсқасын анықтап беретін сарапшы емес қой. Судья сот отырыстарында түпнұсқа мен көшірмені салыстыру мәселесін көтерген де жоқ. Оның үстіне, мынадай жайт анықталды. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әділет басқармасының берген ресми жауабында 1997 жылғы 14 мамырдағы тіркеу қағазында Есік қаласы 2-шағын ауданы 21-үйдің 17-пәтері жекешелендіру келісімшарты бойынша Кенжехан Мүсенұлы Сексембаев атында тіркеулі күйінде қалыпты.
Сондай-ақ, ресми жауапта оның баласы Ерлан Сексембаевқа 19 мамыр 1997 жылы жасаған сыйға тарту келісімі де болмай шықты. Бүгінгі таңға дейін қайтыс болған балам – Ермектің аты-жөні тіркеу органдарында жазылмағандықтан, келінім даулап жүргендей, оның менің пәтеріме деген ешқандай құқығы да жоқ. Олай болса, Әлия Матаеваның келтірген дәлелдері негізсіз деп санаймын. Менің және прокурор тарапынан түпнұсқаны анықтау үшін соттық сараптама жүргізу туралы өтінішіміз қолдау таппады. Егер сот сараптамасы тағайындалған кезде әлгі сатып алу мәмілесінің лазерлік көшірмесі екеніне көзіміз жетсе, әрі қарай соттасудың да қажеті болмай қалушы еді.
Алматы облыстық алқа кеңесі 2016 жылдың 30 наурызындағы шешімінде тараптардың ешбірінде түпнұсқа жоқ екендігін растап отыр. Олай болса, мұның барлығы қолдан жасалған заңсыздықтар емей немене. 1997 жылдың 19 мамырдағы сату-сатып алу мәмілесінде сыйға тарту келісімі бойынша пәтер иесі ретінде Ерлан Сексембаев көрсетілген. Ал шынтуайтында, оның пәтер иесі екендігін растайтын құжат Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығында, не өзге де мемлекеттік органдарда тіркелмеген. Оның үстіне Кенжеханның ұлы Ерлан сату мәмілесі жасалған күні Жылжымайтын мүлік орталығында болмаған да. Оның орнына әкесі Кенжехан қол қойған. Әкесі мен баласының қол қоюын салыстыра отырып, айырмашылығын жай көзбен де көре аламыз. Оның үстіне, Ерлан сату мәмілесінің түпнұсқасы қажет болмағандықтан жойғандығын, ал пәтер үшін есеп айырысуды әкесі жасағандығын мойындап отыр.
Бұл жерде неге Кенжехан ұлы үшін «сатушы» ретінде қол қояды деп ойлайсыздар. Өйткені, 1992 жылдың 23 желтоқсанындағы №1000 жекешелендіру туралы келісімшартта «сатып алушылар» ретінде Кенжеханның тағы бір ұлы Ерлан, қызы Әсемгүл және әйелі Дина көрсетілген. Ал пәтерді ресімдеуде нотариус міндетті түрде сол жерде еріп жүрмеген өзге де отбасы мүшелерінің келісімдерін сұрайтын еді.Сондықтан да сату мәмілесі Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығында жүзеге асып, Кенжехан Сексембаев сыйға тарту келісімі бойынша баласының атынан Ермек Барсаевпен сату-сатып алу мәмілесін жасайды. Біз 2015 жылдың 30 сәуірінде Астанада тұрып жатқан Ерлан Сексембаевқа хабарласып, пәтерді сатқаны және ол үшін кіммен есеп айырысқанын жазып жіберуді өтінген едік. Ол нотариус В.Б.Нығмет тарапынан бекітілген арызды (поштаны жеткізген курьерге 3733 теңге төленген) пошта арқылы жіберді. Алайда, артынан өз сөзінен тайқып, судьядан жазған арызын қарамауды сұрапты. Өзінің бұл әрекетін ол осыдан 13 жыл бұрын жасалған мәміленің жайын ұмыт қалғандығымен түсіндірген.
Оның бұлайша құбылып шыға келуіне біздің сыртымыздан сөйлескен судья Жапсарбаеваның да ықпалы болуы мүмкін. Ерлан үлкен ұлым Жангелдімен сөйлескен кезде мына сөздерді айтыпты: «Маған Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы Жапсарбаева телефон соқты, сондықтан да оның электронды адресіне өз хатымды жолдадым». Осылайша Жапсарбаеваның бастамасымен ол өзінің бізге пошта арқылы жіберген нотариалды бекітілген арызынан бас тартып отыр. Сондықтан да бұл заңсыз жолмен біздің сыртымыздан жазылған хатты айғақтар қатарынан алып тастау туралы талап қойдық. Бірақ онымыз қолдау таппады. Тағы бір жайтқа назар аудартқым келеді. Еңбекшіқазақ аудандық соты 2015 жылдың 24 тамызында өткен сот процесінде Ерлан Сексембаевқа қойылған сұрақтар бойынша жауаптарды 15 сағат 00 минутта қараса, ал осы күні 12 сағат 00 минутта сот тапсырысы бойынша өткен Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Жапсарбаеваның қоятын сұрақтарын қайдан біліп алған. Актіде Есіл аудандық сот судьясы Исабекованың және Шулакованың қолдары жоқ екендігін қаперге алсақ, бұл құжат Еңбекшіқазақ аудандық сотында әзірленгендей әсер қалдырады.
Не керек, біз Астанаға Ерланның Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығында жасалған мәмілеге қол қойылғанда сол жерде болғандығы туралы сот тапсырысын жасаттық, алайда, ол қойылған сұраққа жауап беруден бас тартыпты. Оның мұндай әрекетін түсінуге де болады. Өйткені, 1999 бен 2004 жылдар аралығында Алматы облыстық Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалында жұмыс істеген Ирина Гофман өзінің берген түсінігінде пәтерді сату туралы мәміле жасасуға тек Кенжехан Сексембаевтың өзі келгендігін, бұл ретте Ерлан Сексембаевты бұрын көрмесе де, ол жерде жүрмегендігін атап көрсетті.
Тағы бір назар аударта кететін жайт, келінімнің құқығын қорғап жүрген Е.Носованың жоғары заңдық білімі жоқ болса да куәгерлерге сұрақтар қойып, сот процесінде орын алатын барлық шараларға қатысып жүр. Мұны аудандық сот төрайымы Тоқтарбаева да мойындап, қуаттады. Оның үстіне, судья Киекбаева мені сату-сатып алу мәмілесін жасау тарабының біріне жатқызбай, бұл істен сыртқары қалдырып отыр. Шынтуайтын айтқанда, мен ұлым Мәрленмен сол пәтерде 14 жылдан бері тұрамыз. Сонымен қатар, барлық коммуналдық және салықтық төлемдерімізді де толық өтеп келеміз. Матаева облыстық соттың апелляциялық алқасында сөйлеген сөзінде күйеуі Ермектің пәтерді сатып алғандығын білетіндігін, барлық коммуналдық төлемдер Ермектің атына келіп жатқандығын айтуы шындыққа жанаспайды. Сот барысында мен барлық төлемдердің түпнұсқасы өз атыма келіп жатқандығын, барлығын да өз қаржыммен төлегенімді дәлелдедім.
Егде жасқа келген шағымда құқығымды ұлым Жангелдінің қорғауына орай келінім тарапынан қаншама арыз жазылды. Баламның барлық әрекеттері заң шеңберінде жүріп жатқандығын келген комиссиялардың барлығы да растап берді.
Қорыта айтқанда, сот процестерінде менің дәлелдерім еленбей, қарсы жақтың келтірген дәйектері ескеріліп жатса не дерсің. Әрі осылайша Конституция талаптары аяқасты етіліп, заңсыздық көрінеу көзге ұрып тұрса, біздің зайырлы да құқықтық ел екендігіміздің белгісі қайсы?! Қартайған шағымда баспанасыз қаңғып қалатын болсам, қайтемін?..
Ұлжан БАРСАЕВА,
зейнеткер