16 Маусым, 2016

Қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтті

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15-1-4977Кеше Мәскеу қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Басқосу барысында тараптар 18 мәселені талқылады. Оның ішіндегі бес мәселе ТМД Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың біріктірілген жүйесін дамыту және оны қамтамасыз ету төңірегінде болды. Сондай-ақ, күн тәртібіне биылғы жылдың 30 шілдесі мен 13 тамызы аралығында өтетін 2016 жылғы халықаралық Армия ойындарында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінен қатысатын командалар жөнінде мәселе енгізілді. Алдын ала белгілі болған деректерге сүйенсек, Армия ойындарына 47 мемлекеттен 114 команда қатысады. Халықаралық сайыста 23 түрлі байқау өткізілмек, олардың ішінде екі байқау – «Артил­лерия алауының шебері» және «Мерген шебі» сайыс­тары алғаш рет Қазақстан Рес­пуб­ликасы аумағындағы полигондарда өткізіледі. Айта кетейік, қазақстандық әскери қыз­метшілер байқаудың барлық түрі бойынша қатысады. Қорғаныс ведомство­лары­ның басшылары ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе-ғарыш­тық қорғанысы туралы тұжы­рымдамасын мақұлдады. Аталған тұжырымдама ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғанысының біріктірілген жүйесін бірлескен қорғанысты тек әуеде ғана емес, әуе-ғарыштық деңгейінде қамтамасыз етуді әрі қарай жетілдіру қажеттілігімен байланысты. Қорғаныс министрлерінің кездесуі барысында ТМД Қор­ғаныс министрлері кеңе­сінің жанындағы Үйлестіру комите­тінің әскери білім мәселесі бойынша қызметі мен Достастық елдерінің Қару­лы Күштеріндегі мемлекеттік құпияларды қорғау қызмет­терінің өзара іс-қимылы талқыланды. Отырыс барысында бір­неше баяндама тыңдалды. Қазақ­стандық делегацияның атынан еліміз Қарулы Күштерінің Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бас басқармасының бастығы полковник Қайнарбек Қожахметов баяндама жасады. Ол әскери ынтымақтастық төңірегіндегі мемлекетаралық құпиялардың сақталуын қамтамасыз етудегі қызметтің өзара іс-қимылы туралы баяндады. Бұдан басқа, 2015 жылы қару­лы күштердегі әскери сала­ның ынтымақтастығы және авиа­циялық ұшулардың қауіп­сіздік жағдайы бойынша ТМД-ның шартты-құқықтық базасына баға берілді. Қорғаныс ведомстволарының басшылары ке­ңесінің соңында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қару­лы күштеріндегі Штабтар бас­тық­тары комитетінің қызметтерін және 2020 жылға дейін қарулы күштерде әскери қолданбалы спорт түрлерін дамытуды реттейтін құжаттар қабылданды. «Егемен-ақпарат»