16 Маусым, 2016

Қоғамдық кеңеске есеп берді

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Асқар МырзахметовҚазақстан Республикасы Президентінің Халықпен есептік кездесу өткізу туралы 2016 жылғы 5 ақпандағы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің 2015 жылдың қорытындылары бо­йынша Қазақстан Республикасы АӨК-ін дамыту жөніндегі Қоғам­дық кеңес алдында есептік кездесуі өтті. Есепті тыңдауға АШМ-ін қызметкерлері, Парламент депутаттары, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес өкілдері қатысты. А.Мырзахметов өз баяндамасында 2015 жылғы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту нәтижелері мен ағымдағы жылға арналған ведомствоның негізгі міндеттері туралы сөз қозғады. 2015 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3,4 пайызға ұлғайып, 3,3 трлн. теңгені құрағаны ерекше аталып өтті. Азық-түлік өнеркәсібінің негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 28 пайызға ұлғайып, 55,9 млрд.теңгені құрады. Республиканың ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Соның ішінде, шағын ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілердің бірігуіне кедер­гілерді болдырмау үшін «Ауыл шаруа­шылығы кооперативтері туралы» жаңа Заң, сондай-ақ, «Органикалық өнім өндіру туралы» Заң қабылданды. 2015 жылғы ауа райының қолай­сыз жағдайына қарамастан 18,7 млн.тонна астық жиналды, ол 2014 жылғы деңгейден 1,5 млн.тоннаға артық. Өсімдік шаруашылығын әртарап­тандыру бойынша белгілі жұмыстар жасалды, мал шаруашылығы сала­сының өнімділігін арттыру және малдың тұқымдық қорын жақсарту біртіндеп жолға қойылып келеді. Нәтижесінде, 2015 жылы 16 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері, оның ішінде 6,4 мың тонна мұздатылған сиыр еті экспортталды. Азық-түлік өнімінің көлемі 2014 жылмен cалыстырғанда 0,1 пайызға өсті. Бұл нәтижелер «Агро­бизнес-2020» бағдарламасында қарас­ты­рыл­ған АӨК мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру арқасында қамтамасыз етілді. АӨК-ті дамыту бойынша қо­ғам­­дық кеңес мүшелері министрдің баян­дамасын тыңдап және талқы­лап ведомствоның жұмысына қана­ғат­танарлық деген баға берді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің төрағасы М.Трошихин АӨК мемлекеттік қол­даудың іс-шараларын жақсарту бойынша ұсынысын білдірді. Тыңдаудың қорытындылары бойынша АӨК-тің негізгі бағыттарын дамыту жөніндегі ұсынымдар берілген қарар қабылданды, деп хабарлады АШМ-нің баспасөз қызметі.