Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді.Үкімет басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге қаланың жаңа «Батыс-2» шағын ауданындағы коммерциялық көп қабатты үйге атбасын тіреді. Бұл жерде олар тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындыларымен танысты.
Кәрім Мәсімовке мемлекет және жеке құрылысшылар тарапынан тұрғын үй құрылысы саласына қатысты жасалып жатқан инвестициялық саясаттың өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін төмендетпеуге мүмкіндік беріп отырғаны туралы баяндалды. Мысалы, өткен жылы барлық қаржы көздері есебінен 536,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4629 отбасы баспаналы болған. Биыл 580 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспарланған, оның 141,9 мың шаршы метрі барлық қаржы көздерінен іске қосылмақшы.
Облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары Премьер-Министрге «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен облигация шығару арқылы тұрғын үй құрылысын салу қарастырылғанын жеткізді. Бұл мақсаттарға облыста 2016 жылы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында 6 жоба құрылысын бастап кету үшін 4,5 млрд. теңге қарастырылған. Барлық жұмыс 2017 жылы аяқталады, 75,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, 1278 отбасы баспаналы болады.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы – зейнетақы төлеу жөніндегі орталығы» департаменті кеңсесінің жұмысымен танысты. Аталған жоба өңірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес іске қосылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 530-дан астам қызмет көрсетіледі. 2018 жылға қарай мұнда бір терезе қағидасы бойынша 709 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Премьер-Министр «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді. Іс-шараға бірқатар мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, жұртшылық өкілдері қатысты.
Б.Сапарбаев әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты өңірде өнеркәсіп, инвестиция және құрылыс жұмыстары көлемінің сәл төмендегенін жеткізді.
– Қазіргі таңда біз экономиканы тұрақтандыру бойынша шараларды қолға алудамыз. Бюджет 2,3 млрд. теңгеге оңтайландырылды. Аталған қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалды. Сонымен бірге, салық салынатын базаны 2 млрд. теңгеге кеңейту жоспары бекітілді, оның 1,3 млрд. теңгесі бюджетке түсті. Бүгінде бюджеттің кіріс бөлігі 113,3 пайызға, шығыс бөлігі 98,5 пайызға орындалды, – деп атап өтті облыс әкімі.
– Еліміздің оңтүстік облыстарымен кооперацияны дамыту жөнінде жұмыстар белсенді жүргізілуде. Мысалы, Қызылорда облысымен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөнінде құны 3,3 млрд. теңге болатын 36 келісімге қол қойылды. Кейбір өнім түрлеріне аймақаралық кооперацияның арқасында баға 20-30 пайызға арзандады, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары және трансұлттық «InalcaEurasia» компаниясы арасында еттік бағыттағы мал шаруашылығында өңіраралық кооперация құру, инвестициялық құны 100 млн. еуро болатын бордақылау алаңдарын салу жөнінде келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, аймақта шағын ферма құру жөнінде жоба табысты түрде жүзеге асырылып келеді, аталған жоба аясында 1,4 млрд. теңге игерілді.
Өңір басшысы Үкіметтің қолдауын қажет ететін бірқатар мәселелерді алға тарта сөйледі. Суармалы жерлерді 11 мың гектарға арттыру, пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін және республикадағы бірінші «Мал биржасының» құрылысына инвестициялық субсидия бөлу, жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу мәселелерін шешуде өңірдің Үкімет көмегін қажет ететіні әңгіме өзегіне айналды.
Алқалы жиында шығып сөйлегендер жер, мектеп, онкологиялық ауруларды емдейтін аурухана, жол мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Кеңес қорытындысы бойынша К.Мәсімов әлеуметтік мәселелерді шешуге, еңбекпен қамту, мектептер мен балабақшалардың құрылысы, жастармен жұмыс мәселелеріне баса назар аударды. Кәрім Қажымқанұлы көтерілген бірқатар мәселелердің шешімін табатынын жеткізді, тиісті министрліктерге тапсырмалар берді.
Үкімет басшысы түстен кейін «Ақтөбеқұрылысхиммонтаж» ЖШС-інде болды. Зауыт іске қосылғаннан бері 22 мың тонна полиэтилен құбырын шығарды. Мұнда қазір 90 адам еңбек етеді. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» және «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламаларының игілігін көрді, қаржылай қолдауын пайдаланды.
Премьер-Министр Ақтөбе рельс арқалықтары зауытының жұмысымен де танысты. Зауыт директоры Андрей Кузьмин кәсіпорынның өткен жылы пайдалануға берілгенін, жылына 430 тонна өнім өндіретінін, оның 200 мың тоннаға жуығы теміржол рельсі, қалған 230 мың тоннасы бір қалыпта құйылған прокат екенін жеткізді.
Премьер-Министр Ақтөбедегі сапарының соңында өңірдегі тамшылатып суару жүйесін қолданып жұмыс істейтін ірі шаруашылық – «Пригородное» ЖШС-інде болды. Серіктестік директоры Ермек Жұмағазин үстіміздегі жылы 150 гектарға картоп, 15 гектарға көкөніс өсіріп жатқанын мәлімдеді. Сплинкерлік және тамшылатып суару технологиясының соңғы буындарын пайдаланып жатқанын, сол арқылы сапалы да мол өнім алып жүргенін жеткізді. Өткен жылы шаруашылыққа егіншілік саласы бойынша 15,9 млн. теңге субсидия төленген. Соңғы үш жылда серіктестікке 700 милион теңге инвестиция салынған. Серіктестік «Қазагроқаржы» АҚ және «Агросервис» ЖШС арқылы жалпы сомасы 56,6 миллион теңгеге техника және 3 мың тонналық осы заманғы көкөніс қоймасын салған. Шаруашылық облыстың тұрақтандыру қорын қамтамасыз етуге қатысады.
Үкімет басшысы өңірдегі жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы