Кеше елордада «Astana Mining & Metallurgy» VII халықаралық тау-кен және металлургиялық конгресі жұмысын бастады. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары конгрестің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде тау-кен металлургия кешені отандық экономикадағы аса маңызды саланың бірі екендігін атап өтті.
«Экономиканың осы саласы елімізде негізгі рөл атқарады. Саланың кәсіпорындарында 300 мың адам жұмыс істейді. Тау-кен металлургия кешені аралас салалардың дамуына мультипликативті әсер береді, халықтың жұмыспен қамтылуын бірнеше есеге ұлғайтады және жалпы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді», деді Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ, ол қазіргі таңда Қазақстан экономикасы шикізат бағытынан өңдеу саласына қарай көшіп жатқан өте жауапты кезеңде екенін тілге тиек етті.
«Осы үдерісте маңызды салалардың бірі тау-кен металлургия кешені болып отыр. Шикізат ресурстарын тиімді пайдалану, жаңалықтарды игеру, энергия тиімділігі мен экологиялық өндірісті арттыру, технологиялық өнімдерді шығару – бұл тұрғыда салалардың сәтті дамуы кепіл бола алады. Жүйелік негізде кешен кәсіпорындарының барлық мәселелері шешіледі. Бұл – заңнаманы, шикізат базасын қамтамасыз ету, салық және кедендік, сонымен қатар, тағы басқа да мәселелерді жетілдіру деген сөз. Соңғы кездегі әлемдік нарықтағы мәселелерде металға байланысты экспорттық нарықтың қысқаруы, валюта бағамының құбылуы сияқты жағдайлар бізге отандық металлургия өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Үкіметі әлемдік сегментте отандық титанның үлесін арттыруға күш салып жатқанын жеткізді. «Қазақстан брендтерін дамыту аясында әлемдік сегменттегі титанның үлесін қазіргі 11 пайыздан 14 пайызға дейін арттыруды көздеп отырмыз», деді Б.Сағынтаев. Осы ретте ол мұндай мақсат алдағы 3,5 жылға Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қойылып отырғандығын атап өтті.
Б.Сағынтаев, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешенінде 2,5 млрд. доллар сомасындағы 60 жаңа өндіріс іске қосылғанын еске салып өтті. Бұл бағытта 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жалпы, тау-кен металлургия саласының кәсіпорындарында 300 мыңнан астам адам жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, ТМК-дегі реформаларды жүзеге асыруда әлемге әйгілі трансұлттық компанияларды салаға тарту жоспарланған. Қазақстанда бүгінде «Арселор», «Полиметалл» және басқа да ірі шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. «Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отырмыз», деді вице-премьер. Сонымен бірге, Б.Сағынтаев айтып өткендей, CRIRSCO пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесін енгізу үдерісін бастау жоспарланған.
Ал өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев металлургиялық кен өндіру бағытындағы өткен жылдың көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда металлургиялық кенді өндіру деңгейі 2 пайызға төмендеген, яғни, бұл негізінен темір кенін өндіру көлемінің қысқаруынан орын алды. Осы ретте министр өндіру деңгейінің төмендеуіне Қытайға тасымалдың тоқтауы және Ресейге тасымалдың қысқаруы себеп болғанын жеткізді. Бұл ретте рубльдің арзандауы елеулі әсер еткен. Белгілі болғандай, 2015 жылы металлургиялық өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14 пайыздан астам көрсеткішке өскен. Бұл өсімге индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында 60-тан астам жобаның іске қосылуы, сондай-ақ ұлттық валютаның еркін бағамға ауысуы ықпал еткен.
«Өндірістің, әсіресе, түсті металлургиядағы өндірістің нақты көлемдерінің айтарлықтай артуы байқалуда. Қара металлургияда өндірістің ағымдағы деңгейін 101 пайыздан астам көрсеткіште сақтау мүмкін болып отыр. «Арселор Миттал Теміртау» өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары апаттылығының кесірінен «плюспен» шыға алмады, жағдай ферроқорытпалар өндірісінің өсімінің арқасында түзетілді», деп түсіндірді министр.
Инвестициялар және даму министрінің хабарлауынша, Үкімет тарапынан қиын кезеңде өнеркәсіпке қолдау жасау жоспары қабылданған. Сондықтан да бұл жоспар көмек көрсетудің тиісті шараларын қамтып отыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша металлургиялық кенді өндіруде 5 пайыздық өсім болжануда. Оған қоса, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша металл кендерін өндіру көлемі 1 пайызға өскен.
Қазақстанда алдағы үш жылда геологиялық барлаумен айналысатын сервистік компаниялар нарығын екі еселеу жоспарланған. Сонымен қатар, ЭЫДҰ халықаралық сарапшылармен бірге «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті дайындау жұмыстары жүргізілуде. «Өздеріңіз білетіндей, Кодекстің басты мақсаты – халықаралық стандартқа көшу. Біз барлауға арналған жеңілдетілген құқық қағидаты бойынша Батыс Австралияның үлгісін алдық. Ол жерде көптеген бағыттар бар», деді Ә.Исекешев. Сонымен қатар, ол Батыс Австралияда геологиялық барлаумен айналысатын шамамен 15 мың шағын юниорлық компаниялардың жұмыс істейтіндігін айтып өтті.
«Бұл юниорлық сервистік компаниялар көбінесе жергілікті шағын және орта бизнеске жатады. Сол себепті ағымдағы жылдың соңына дейін бірнеше пилоттық жобаларды жасауды жоспарлаудамыз. Ол Шығыс Қазақстан облысында, Арқалық, Жезқазғанда болады, яғни біз арнайы моноқалалардың ауылдық жерлерін алдық. Алдағы үш жылда Қазақстанда нарықтық сервистік компанияны екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз», деді Ә.Исекешев.
Пленарлық отырыста сондай-ақ, Минералдық шикізат қорлары бойынша есеп берудің халықаралық стандарттары жөніндегі комитеттің төрағасы Гарри Паркер, «Polymetal International» басты атқарушы директоры Виталий Несис, «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Алдияр Қазтаев және басқа да осы саланың беделді компанияларының өкілдері сөйледі. Сондай-ақ, олар осы шараның аясында ұйымдастырылған «Тау-кен металлургия саласының компаниялары үшін алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялық әзірлемелер» көрмесін тамашалады.
Халықаралық тау-кен металлургиясы конгресінің өткен жылғы жұмысына әлемнің 40 елінен 700-ге жуық делегат қатысып, бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылған болатын. Биылғы жылдың да нәтижелі боларына үміт зор. Мәселен, конгресс аясында кешегі күннің өзінде «Қазгеология», «Полиметалл» және «Қазмырыш» компаниялары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар еліміздің аумағында пайдалы қазбалардың, кен орындарын іздеу және бағалау жұмыстарын бірлесе жүргізуге уағдаласты. Конгресс аясында бүгін де бірқатар маңызды шаралар өтетін болады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»