16 Маусым, 2016

Жер мәселесіне қатысты заң жобасы

217 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
13-01-2016-parlament-01мақұлданып, Парламент Сенатына қарау үшін жолданды Кеше Парламент Мәжілісінде Спикер Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда күн тәртібіне сәйкес бірнеше мәселе қаралды. Соның ішінде халықтың алаң­даушылығын туғызған былтырғы жылғы Жер кодексіне енгізілген кейбір нормалардың тоқтатыла тұруы туралы заң жобасы бірінші кезек­те қаралды. Бұл заң жобасын әзірлеуге Президент Н.Назар­баев­тың үстіміздегі жылғы 6 мамыр­дағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы негіз болды. Заң жобасы бойынша баян­­даманы Премьер-Министр­дің орын­басары – Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрі Асқар Мырзах­метов жа­сап, құжат жобасы бойын­ша Президент Жарлығын жүзе­ге асыру мақ­сатында 2016 жыл­дың 31 желтоқ­санына дейін «Қа­зақстан Респуб­ликасының Жер кодексіне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» 2015 жыл­ғы 2 қарашадағы Заңның кей­бір нормаларының және Жер ко­дексінің жекелеген нор­малары­ның қолданысы тоқта­тыла тұра­тынын көлденең тартты. Атап айтқанда, олар шетел­діктерге, азаматтығы жоқ адам­дар­ға, шетелдік заңды тұлға­ларға, сондай-ақ, жарғылық капиталын­дағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жерді уақытша жер пайдалану құқы­ғын беруге, сондай-ақ, Қазақ­стан Республикасының азамат­тары мен заңды тұлғаларына мем­ле­кеттік меншіктегі ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерге жеке­меншік құқығын беруге байланысты нормалар. Заң жобасы барлық құзырлы орган өкілдерімен келісілген, орындалуына қосымша шығын талап етпейді, деді баяндамашы. Қосымша баяндаманы Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комитет мүшесі Сергей Звольс­кий жасап, заң жобасы бойынша жұмыс тобының 3 отырысы және Бас комитеттің кеңей­тілген отырысы өткізілгенін, Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын бергенін алға тартты. Осыдан әрі көп талқыланбай заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы кезде Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Сапархан Омаров сөз сұрап, аталған құжатты үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде қабылдау қажеттігін айтты және заң жобасының жан-жақты талқыланғанын ескере отырып, оны екінші оқылымда қарауды ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті талқылаудан кейін басқа мә­селелер қаралып болған соң екінші оқылымда да мақұл­данып, Сенатқа жолданды. Күн тәртібіндегі басқа мәсе­лелердің арасында 1998 жылғы 6 шілдедегі Ресей Фе­дерациясымен Жер қойнауын пай­далануға арналған егемен­дік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі сол­түстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хатта­маға өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификация­лау туралы заң жобасы ма­құл­данды. Бұл Хаттама Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясының атынан уәкі­летті ұйымдар арқылы Каспий теңізінің солтүстік бөлі­гінің түбіндегі кенді Қазақ­стан Республикасында «Құрманғазы» («Құлалы»), Ресей Федерациясында «Цен­траль­ная» және «Хвалынское» кен орны құрылымдарында бір­ле­сіп игеруге құқықтық негіз­дерді белгілейді. Сондай-ақ, жалпы отырыс­та өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша, әуе кеңістігін пайдалану мен авиация қызметіне қатысты түзетулерге арналған заң жобалары жұмысқа қабылданды. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – 1994 жылғы 15 сәуір­дегі Ұлы Отан соғысының қа­тысушылары мен мүгедек­теріне, басқа мемлекеттер­дің аумағындағы ұрыс қимыл­дарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманы ратификациялауға байланысты қорытынды әзірлеу жөнінде болған еді. Бұл мәселе бойынша да тиісті шешім қабылданды. Соңынан депутаттар орталық атқару органдарына арналған өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»