Қарағандының іргесіндегі Спасск оқу орталығында жастардың «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны өтіп жатыр. Маусымның 17-сі күні мәреге жететін бұл шараға еліміздің жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың студенттері, әскери мектептердің кадеттері және әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысуда.
«Айбын» жиынының ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Майра Айсина, Бақытбек Смағұл, сонымен қатар, Бас әскери прокурор, әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадинов, ұшқыш-ғарышкер, «ҚазҒарыш» АҚ вице-президенті, авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов, ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Дархан Ділманов және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде осынау республикалық әскери-патриоттық жиынды өткізу Қарағанды облысына екінші жыл сеніп тапсырылып отырғанын, оған қатысушы әр азаматқа өз өңірінің атынан келуі де үлкен абырой екенін атап өтті.
– Бұл жерге өз ортасынан іріктеліп келген ең лайықты жігіттер жиналып отыр, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков. – Көпшілігіңіз әскери дайындық барысында үздік нәтиже көрсетіп, әскери адам болам, Отан алдындағы парызымды абыроймен атқарамын деген мақсаттарыңызға нық қадам басып келесіздер. Бүгін сіздерге нағыз қызмет алдында күш жиып, жетістіктеріңізді көрсету мүмкіндігі туып отыр.
Ашылу салтанатының ресми бөлігінен соң қонақтар назарына қоян-қолтық жекпе-жектер, әскери ату бойынша көрсетілімдер, құрмет қарауылы ротасының, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің салтанатты шеруі, ұшу тобының өнері ұсынылды.
Айта кету керек, бұл жиынның негізгі мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жетілдіру.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы