16 Маусым, 2016

Жүйелі реформа жаңартқан коммуналдық кешен

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
11Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданып, бүгінде қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңартудың бірінші кезеңі аяқталып келеді. Айта кету керек, бағдарлама мақ­саттарының бірі – тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылығының инфра­құрылымы мен жылумен, сумен жаб­дықтау және су бұру желілерін жаңғырту болатын. 2015-2016 жылдар аралығында аталған бағдарлама аясында еліміз бойынша 92 жоба іске асырылуға тиіс. Қазір­гі таңда табиғи монополиялар субъек­тілері 47,9 млрд. теңгені, яғни жос­пар­ланған қаржының 80 пайызын игерді. – Бүгінде мемлекет тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Түрлі реформалар жүргізіліп, ком­муна­л­дық нысандар жаңаруда. Әлбетте, ол үйлер­дің иелерінің де қалауы сол, – деп атап өтті бізге берген сұх­батында «ТКШ қазақ­стан­дық ор­та­лығы» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Шайжүнісов. – Таяу уақытта осы қайта жаң­ғыр­ту­­дың арқасында коммуналдық сала барын­ша ор­нықты әрі инвестиция тарту­ға лайықты сала­ға айналатынына толық сенімдімін. Еске сала кетсек, 2015 жылдың 6 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұры­лым­ды дамытудың «Нұрлы Жол» атты мем­ле­кеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Бүгінде бағдарлама аясында еліміздегі жылу, ауыз сумен қамту және су тарту жүйе­лерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүзе­ге асырылуда. Құны 60 млрд. теңге болатын 92 жоба іріктеліп алынып, жұмысты атқару үшін об­лыс­тық және қалалық басқару орган­дары­ның қарамағына берілді. Бұл жұмыс­тардың сапалы әрі мерзімді орындалуын «ТКШ қазақ­стан­дық орталығы» АҚ жіті бақы­лап отыр. Бәрі де жоспарланғандай жү­зеге асырылу­да. Енді табиғи монополия субъек­­тілері қаржы­ның қалған 20 пайызын игеруі тиіс. Сонымен қатар, ағымдағы жылы аталған жұмыстармен бірге инженерлік желілерді жаңарту науқанының келесі сатысы басталды. Оның ішіне жалпы құны 90 млрд. теңге болатын 99 жоба енгізілген. Бұл жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылуға тиіс. «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес, жыл сайын ТКШ саласына 100 млрд. теңгеден кем емес сомада қар­жы бөлініп отырады. «ТКШ қазақстандық орталығы» АҚ басшысы С.Шайжүнісовтің айтуынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы жобалар жылу, ауыз сумен қамту және су тарту жүйелерін жаңарту жұмыстары жүйелердің тозуын 67%-дан 53%-ға дейін төмендетуге, 40 шақырым жылу желісін жаңадан жүргізіп, тағы 145 шақырым желіні жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда коммуналдық же­лі­лердің тозуы 67%-дан 63%-ға дейін кеміді. Бұл еліміз бойынша айтарлықтай үлкен нәтиже. Барлығы 211,5 шақырым инженерлік желілер жүргізіліп, қайта жаңартылды, оның ішінде төрт қазандық пен екі сорғы стансасы бар. Сондай-ақ, бір жылдан да аз уақытта 3 020 жұмыс орны ашылды. Осы жылдан бастап ТКШ-ны мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігі енгізіледі. Бұл да аталмыш бағдарлама аясында қолға алынып отырған бастамалардың бірі. Ол – жылу, ауыз сумен қамту және су тарту жүйелерін  жүргізуге және жаңартуға субсидия­лар беру бойынша. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік емес, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен бірлесе отырып, қаржыландырылып жатқан тиімді инвестициялық жобалар бойынша шығындарды ішінара төлеу. Субсидия салынған инвестиция­ның өзін өзі өтеуіне ықпал етіп, кеткен ысыраптардың коммуналдық қызметтер тарифіне ықпалын азайтуы тиіс. Оған бөлінген қаржының көлемі 14,5 млрд. теңгені құрайды. Бұлармен қоса, тұрғын үй-коммуналдық салаға жалпы үйлік есептеу құралдарын орнату сияқты тағы бір маңызды шараны жүргізуде. Бұл міндетті Мемлекет басшысының өзі қатаң тапсырғанын еске саламыз. Аталған мақсатқа бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінген. Жаңадан енгізе бастаған сәттен, яғни 2015 жылдың қыркүйегінен бері құны 1,9 млрд. теңге болатын 3186 жылу-есептеу құралы орнатылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы  5 064 аспапты орнату көзделіп отыр. Одан бөлек, «ТКШ дамыту қоры» АҚ пен Еуропа Қайта құру және даму банкі арасында 12,2 млрд. теңгені несиеге беру жөнінде мандат­ты хатқа қол қойылды. Оның ішінде 10,2 млрд. теңге – жалпы үйлік жылу есептегіштердің жұмы­сына бағытталса, қалған екі миллиарды – авто­­маттандырылған жылу тіректерін орна­тып, жылу мен суды коммерциялық есептеу­дің ав­то­маттандырылған жүйесін енгізуге жұмсалады. – Тұтынушы осы жылу есептеу құралының арқасында норма бойынша емес, тек өзі тұтынған энергияның ғана ақысын төлейтінін айтқым келеді. Есептеу аспабы жылудың сараланған тарифі енгізілген аймақтардағы жылу энергиясына кететін шығындарды азайтып, жылумен қамтамасыз ету жүйесінің сапасын арттырады, – дейді Сергей Шайжүнісов. Айта кету керек, «Табиғи монополиялар және реттелуші нарықтар туралы» Заңға сәйкес, үйіне есептеу құралын орнату – әр қазақстандықтың міндеті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»