17 Маусым, 2016

Инвестиция игілігін икемділер көреді

265 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
16-01-34Кеше Ресейдің солтүстік астанасы – Санкт-Петербург қаласында ХХ Петербург Халықаралық экономикалық  форумы  өз жұмысын бастады. Форумның өткізіліп келе жатқанына да  жиырма шақты жылдың жүзі болды Тарихи шаһарда өтетін алқалы жиында  әлемдік деңгейдегі көшбасшылар заманның мейлінше маңызды деген мәселелерін, сондай-ақ, саяси қатерлерді, әлемдік дағдарыстың  экономикалық және әлеуметтік салдарларын, әлемдік экономиканы қалпына келтірудегі тұрақсыз сипатты талқылайды.  Биыл мамыр айының соңында Ресей Президенті Владимир Путин Астанаға атбасын тіреген-ді. Екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы әңгіме сол жолы да кеңінен өрбіген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынасты өрістету жайын айта келіп, әңгіме арасында  ағымдағы жылы атқарылатын шараларға да тоқталған-тын. «Жалпы, біздің алдымызда Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі, Қазақ­стан мен Ресей өңіраралық ынтымақ­тастық форумы, сондай-ақ, Петербург халық­аралық экономикалық форумы ая­сында тығыз кездесулер кестесі тұр. Осындай кездесулердің көптігі біздің ел­деріміз арасындағы қарым-қатынас­тың өзара сенімді сипатта екенін білді­реді. Талқылаулар арқылы біз кез кел­ген мәселені шешіп келеміз, бұл ынты­мақ­тас­тығымызды одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – деген еді сол жолы Қазақстан басшысы. Мінеки, осылайша араға екі апта салып, Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петер­бургке атбасын тіреді. Форум аясын­да екіжақты кездесулер өткізіп, Ресей­дің бизнес өкілдерімен  сұхбат құрды. Ал кездесуге «Еурохим», «Эфко», «Лу­койл», «Полиметалл», «Еуропа подшип­ник корпорациясы», «Сколково», «Ресей тем­ір жолдары» және «АвтоВаз» сияқты ре­сейлік ірі компаниялардың жетек­шілері қатысты. Кездесу тізгінін ұстаған Ресейдің өнер­кәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы­ның төрағасы Александр Шохин Қазақ­стан Президентіне ресейлік бизнес өкілдерімен кездесуге ықылас танытқаны үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде қазіргі дағдарысқа байланысты екіжақты қарым-қатынастың бәсеңсіп қалғанын тілге тиек етті. Бұған экономикалық өсімнің төмендеуі, ұлттық валюталардың девальвацияға ұшырауы да кері ықпалын тигізді. Қазақстан басшысының ресейлік бизнес өкілдерімен кездесуі екіжақты байланысқа соны серпін беретіндігіне сенім  білдірді. Бизнес саласында жаңа жобалардың тұсауы кесіліп, инвестициялық қарқын бұрынғы қалпына келетініне көмектесетінін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қазан айында Астанада өңірлік форум өтетінін еске сала отырып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бергі жетістіктерімізді саралап, күн тәртібіндегі проблемаларды сөз етті және алдағы бірлесіп атқарылатын шаруаларды ақылдасу керектігіне тоқталды. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ресейлік бизнестің қатысуымен 6 мың кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Тартымды жобалар да жеткілікті. Болашақтың тиімді бастаулары да бар. 25 миллиард  АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған, әрине, оның ішінде  басым көпшілігі минералды ресурстардың еншісінде. 7-8 миллиард доллар ғана шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылуы қажеттігін атап көрсетті. Елбасының айтқанындай, Қазақстанда инвестиция құйып, жемісті еңбек етіп жатқан «Лукойл», «Еурохим», «Русал» сияқты ірі  компаниялар бар.  Еліміздің оңтүстігінде «Еурохим»  фосфор тыңайтқышын өндіретін зауытты іске қосқалы отыр. Өскеменде жеңіл көлік шығаратын «АвтоВаздың» да салмағы басым. Қысқасы, қалыптасқан байланыс­ты одан әрі өрістете түсу керек. Соңғы екі жылдың басты жетістігі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Әрине, дағдарыс екіжақты тауар айналымының бәсеңдеуіне өз әсерін тигізді.  Дегенмен, бұл одақтың берері мол. Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамалық базасын толыққанды қалыптастырып алдық. Жұмыс күші, тауар тасымалын қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақ елдері шеңберінде біздің өндірісшілердің еркін бәсекелестігіне жол ашылды, деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы  екі елдің арасындағы сауда айналымының төмендеуіне сыртқы факторлардың да өз әсерін тигізгендігін, әйтсе де оны еңсеруге болатындығын атап көрсетті. Ол – біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейте түсу. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 15 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш кезінде 30 миллиард АҚШ долларына жеткен болатын. Ынтымақтастығымызды бекемдесек, біртіндеп оны да қалпына келтіреміз, деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы ресейлік бизнес өкілдерін қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылықты көтеру жолында атқарып жатқан шараларынан жан-жақты хабардар етті. Біз «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасын қабылдадық. Соған сәйкес тиісті заң жобаларын қабылдадық. Биыл жаңа жылдан бастап соны жүзеге асыруға кірістік. Бұл Қазақстанды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға көмектеседі, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Әрі қарай Мемлекет басшысы ре­фор­маның негізгі бағыттары заманауи мемлекеттің кәсіби аппаратын қалып­тастыруға арналғанын, биыл жаңа жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді тестілеуден өткізіп, олардың кәсібилігін арттыру барысында шаралар жүргізіліп жатқанын, шенеуніктер халыққа және бизнеске адал қызмет етуі тиіс екенін айрықша атап өтті. Ұлт Жоспарының аясында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, бизнеске келісім беру және басқа да  кедергілерді жою, баршаға қолжетімді, трансперентті үкімет қалыптастыру жұмыстарына басымдық беріліп отырғаны да Қазақстан Президентінің назарынан тыс қалған жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе, біз елді индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырып жатырмыз. Өйткені, бұған дейін ел экономикасының біржақты дамып келе жатқанын пайымдадық, Кеңес Одағының кезінде де осы ыңғайда дамыған еді. Ендігі жерде біз өңдеу саласына баса мән беріп отырмыз. Бар шикізатты енді өзіміз өңдеуге белсене кірістік. Индустрияландырудың бірінші жолы осы, деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Н.Назарбаев металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіп кешені салалары біздің жұмысымыздың басым бағыттары болып табылатынына екпін түсірді. Осы бағыттарда жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдік жасалатынын, олар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, 8 жылға дейін мүлік салығынан  босатылатынын айтты. Мемлекеттің әкімшілік кедергілерді жоюға мүдделілік танытып отырғанына, соңғы кезде құжаттарды ресімдеу электронды үкімет арқылы жүзеге асырыла бастағанына тоқталды. Халықаралық сарапшылар да Қазақстандағы фискалдық саясатты әлемдегі ең озығы ретінде мойындайды. Либералдық салық режімі инвесторлар үшін аса тиімді. Бизнеске тиімді салықтық жеңілдік жағынан Қазақстан Бүкіләлемдік банктің рейтінгісінде 118 мемлекеттің ішінде 18 орында тұр», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы өзінің сөзінде елде ауқымды жекешелендірудің жүзеге асып жатқанына  да тоқталды. Мұнай саласы бар, инфрақұрылымдық нысандар бар, жалпы саны 800-ге жуық кәсіпорын сатуға қойылып отыр. Жекешелендіруден басқа, біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша да  ынтымақтасуға әзірміз, деді Президент. Н.Назарбаев, сондай-ақ, Қазақстанның Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқанына назар аударды. Мұхитқа, теңізге тікелей жол болмағанымен, Қазақстан арқылы жолды қысқартуға мүмкіндік мол екенін атап көрсетті. Қытайдан ертеде жол тартқан Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып жатырмыз. Қысқа мерзім ішінде біз 2000 шақырым теміржолды, 4000 шақырым автомобиль жолын іске қостық. Қытайдың батыс шекарасынан  елдің орталығы арқылы Каспий теңізіне шығуға болады. Осы ретте Ақтау теңіз порты қайта жаңғыртудан өткізіліп, ауқымы кеңеюде. Сол жерде екінші порт – Құрықтың құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ, Түрікменстан арқылы Иранға жалғайтын теміржол салғанымыздан да хабардар боларсыздар. Бұл Ресей теміржолы үшін өте тиімді бағыт, деген Президент тарам-тарам жолдардың тамыр бүлкілін де ресейлік бизнес өкілдерінің ақыл-таразысына салды. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрылысы да бітуге таяу.  Бұл жолдың 2800 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Біз оның құрылысын келесі жылы толық аяқтаймыз. 2019 жылға дейін ұзындығы 8000 шақырымнан асатын 17 автожол жобасы қарастырылып отыр.  «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін біз Ресейдің шекарасына дейін жеткіздік. Енді оны Орынборға жалғау керек, сосын әрі қарай кете береді. Мұны Азия даму банкі қаржыландыруға ықылас танытып отыр. Ресей жағының  бұл мәселені қарастыруын қалаған болар едім. Сонда бұл Еуропа мен Азияны  жалғайтын толыққанды стратегиялық маңызы бар көлік  дәлізі болып шығады, деді Елбасы. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ресейлік бизнес өкілдерін  ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға ша­қы­рып, «Болашақтың энергиясы» бар­лық өзекті мәселелерді қамтитынын, қуат көздерін тиімді пайдалануға ұйытқы болатынын жеткізді. Ресейлік компа­ния­лардың қол жеткізген жетістіктерін халық­аралық көрмеден көруге ынталы еке­нін де білдірді. Көрме аяқталысымен, оның орнында «Астана» халықаралық қар­жы орталығы өз қызметіне кірісетінін де тілге тиек етті. Ресей бизнес өкілдерінің қатарынан алғашқы болып сөз алған «Лукойл» ком­па­ниясының президенті Вагит Алекперов компания өз қызметін 40 шақты елде жүргізетіндігін айта келіп, әйтсе де, Қазақ­станды стратегиялық дамуы жағы­нан алдыңғы қатарға қоятындығын атап өтті. Ал «Сколково» қорының төраға­сы Виктор Вексельберг өз сөзінде инно­ва­циялық жобаларға да ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Бұл бағыт­та өздерінің белгілі бір табыстарға қол жет­кіз­генінен, жобалар аясында бүгінде 1,5 мыңға жуық компания жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. 18 мыңға жуық инновациялық жұмыс ор­ны ашылғанын да көлденең тартты. Соңғы кезде Қазақстан жағымен бірле­сіп, инновациялық жобаларға байқау жария­лағанын, оған деген қызығушылық арта түскенін жеткізді. Өтініштердің дені алдыңғы қатарлы  технологиялық ше­шімдерге жауап беретіндігі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл инновациялық сектордағы Қазақстанның әлеуеті жоға­ры екендігін көрсетеді, біз осы ынтымақ­тастықты одан әрі дамытқымыз келеді. Ал­дағы уақытта жобадан нақты іске көше­міз деген сенімдемін, деді В.Век­сельберг. Сөзінің соңында «Сколково» қорының төрағасы өздерінің  Астанада келесі жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне қатысатындарын, инновациялық жобаларды апаратындарын, сондай-ақ, өз компаниясының серіктестерін де соған шақыратынын жеткізді. Ал «Еуропа подшипник корпорациясы» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Александр Москаленко корпорация ТМД аумағының 70 пайызын теміржол вагондарының подши­пник­терімен қамтамасыз етіп отырғанын айта келіп, ААҚ-тың қызметі Қазақстанда да сәт­ті жүзеге асырылып жатқанын жеткіз­ді. Сұраныстың азайғанына қарамастан, Степногордағы кәсіпорын қалыпты жағ­дайды жұмыс істеп тұр, деді ол. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге Ресей бизнесінің алпауыттары түгел дер­лік жиналғандай. Ұзын-cаны ірі-ірі 50 ком­панияның басшысы  келді. Елба­сының мазмұнды әңгімесінен толық­қанды ақпаратқа қаныққан кәсіпкерлер  Қазақстан жағының  оң өзгерістеріне көз жеткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Гвинея Республи­ка­сы­ның Президенті Альфа Кондемен кездесті. 20-шы Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында өткен кездесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды жолға қою перспективаларын қарастырды. Бұдан бөлек, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы шеңберіндегі бірлескен жұмыстарды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында өтіп жатқан Гвинея Президентімен алғашқы кездесуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. – Біздің еліміз тәуелсіздікке 25 жыл бұ­рын қол жеткізді, Африка құрлығы мем­лекеттерімен ынтымақтастықты енді ғана бастап жатырмыз. Жақында сапар­мен келген Сенегал және Руанда елдері­нің президенттері Қазақстанда болды. Қазақстан мен Гвинея арасының шал­ғайлығы елдеріміздің өзара тығыз ықпал­дастық орнатуына кедергі болмайды деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. А.Конде Қазақстан Президентіне кездесу үшін алғыс айтып, екіжақты серіктестіктің түрлі салаларындағы қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті Олег Белозеровпен де кездесті. Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақ­тас­тық­ты дамыту мәселелері, сондай-ақ, екі елдің көлік әлеуетін іске асырудың перспективалы бағыттары талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев теміржол компаниясымен ынтымақтастықтың табыстылығына назар аударып, осы саладағы серіктестікті инновациялық технологияларды енгізу және тасымалдар тиімділігін арттыру арқылы одан әрі дамыту қажеттігін айтты. О.Белозеров Қазақстан тарапымен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, таяу кезеңге арналған жұмыс жоспарлары жөнінде әңгімеледі. Санкт-Петербургтегі халықаралық форум бүгін өз жұмысын әрі қарай жалғастырады. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен 16-03-7 16-04-7 16-05-7 16-06-6Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ
Соңғы жаңалықтар