17 Маусым, 2016

«Алтын белгі» аралы

539 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
2528_oko_6 Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша көш бастайтын мектептің сыры неде? Халқының саны кішігірім бір облыстың тұрғындарына пара-пар Мақтаарал ауданында «мынау жоғары оқу орнының ғимараты ғой» десең көз де, көңіл де сенетін мектептер бар. Бірақ, мектептің сәулеті оның білім көрсеткіші емес. Айтып отырғанымыз, сырты қоңторғай болғанымен іші алтын Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы. Биылғы Ұлттық бірыңғай тес­тілеуде осы мектеп гимна­зия­сы­ның 40 түлегі «Алтын белгіге» ие болды. ҰБТ-да ең жоғары 114,69 ұпай­ға ие болып, республикалық білім са­ласында көш бастаған білім оша­ғының осы жетістігінің сыры неде, түпқазығы қандай?! «Неге осы мектеп-гимназия жыл сайын республикада көш бас­тай­ды. Бәлкім, алғыр, білімді бала­лар­ды іріктеп ала ма?! Шынын айт­сақ, мұғалімдердің пікірінен кейін өзіміздің ұшқарылау ойлаға­ны­мызға іштей өкініп қалдық. Жалпы, 2004-2016 оқу жылдарында 839 мектеп бітірушінің 793-і ҰБТ сынағына қатысқан. Олар­дың 185-і «Алтын белгі», 117-і «Үз­дік ат­тестат» иегері атан­ған. 441 оқу­шы­сы 100-ден аса балл жи­наған мек­теп-гимназияда қо­лы, құры­ғы ұзын кілең бай-бағ­лан­ның бала­лары оқымайды екен. Мек­теп оқу­шыларының әлеуметтік жағ­дайына келсек, балалардың дені көп балалы және аз қамтылған от­басы­лардан шыққан. Жар­тылай же­тім, тұл жетімдер де бар. Барлық гәп – мектепте білім, тәрбие жүйесі жақ­сы жолға қойыл­ған­дығында екен. – Анығын айтсақ, біздің мек­теп­тің директордан жолы болған, – дейді үздік сынып жетекшісі Ақмарал Берманова. – Қазір жетісіп жүрген ешкім жоқ. Қай мұғалімді алсаң да жүктемесі аз болса пәнге, оқушы үлгеріміне қызығушылығын жоғалтады. Тұрмыстық мәселесіне алаңдай береді. Ал, біздің жоғары санаттағы ұстаздарымыздың айлық жүктемесі 27-30 сағат. Сондықтан, бар ынта-жігерімізді, білімімізді оқу­шы үлгерімі жақсы болуына жұм­саймыз. Мектеп директоры Өмірхан Қо­зыбақ ағамыз үздік нәтижеге жет­кен ұстаздар қауымын және оқу­шы­ларды ұдайы көтермелеп отырады. Мұның өзі қай-қайсымызға одан сайын жауапкершілік жүк­тейді. Ди­рек­торымыз өте сауатты. Кез-келген тақырыпта еркін әңгі­меле­семіз. Білімімізді жетілдіруге күш салып отырады. – Үлгерімі төмен, қабілеті жет­пейді деген оқушы болмайды. Ба­­ла­­лардың бәрі табиғатынан ал­ғыр болмағанымен, жетелей бер­сең жақсыға үйреніп кетеді. Сон­­дық­тан, – деп сөзді жалғады мектеп директорының орынбасары Нұр­зада Әлметова. – 5-і сынып­тан бас­тап оқушыларымыз сабаққа бар ынта-жігерімен кіріседі. Мақсат – біреу. Айтулы азамат болу. Мі­не, біз биылғы оқу жылы­ның өзін­де ҰБТ-ға дайындық ретін­де 95 рет аралық емтихан тапсыр­дық. Ша­рапат Қонысбаева деген қы­зымыз 125 ұпайға дейін жинап жүрді. ҰБТ-да 124 балл алды. Анас­тасия Захарова деген оқушымыз 11 рет 125 балл жинады. Денсау­лығына байланысты бірінші сыныптан бастап үйінде сабақ алған Диана Сәрсекбай деген оқушы қызымыз 122 ұпаймен «Алтын бел­гі» алып бәрімізді қуантты, – дейді. Нұрзада Әлметова сабақтың кез-келген мезгілінде мұғалімнен рұқ­­сат алып өтіп жатқан сабақ бо­­й­ын­­ша тест алатындықтарын айта­­­ды. Бұған пән мұғалімінің өзі мүд­делі. Бұл мектептің оқытушылары таңғы жеті жарымнан кешкі сағат сегізге дейін мектепте. Бұл мек­теп­тің жоғары сынып оқушылары «үй­ге барсақ, сабақ оқуға мүмкіндік жоқ» деп қосымша сабақ алады. Б.Момышұлы мектеп-гимназия­сы мемлекетімізде ҰБТ басталғалы көш басында маңдайы жарқырап ке­леді дедік. Ұстаздардың айтқаны бір бөлек, мектеп басшысы осы жұ­мысты қалай үйлестірді. Біз мектеп ди­ректоры Өмірхан Қозыбақты тыңдадық. 2528_oko_4-1– Еліміз Тәуелсіздік алып, эко­но­микамыз нарықтық жүйеге көшті. Өмірдің барлық салалары, соның ішінде білім әлемі де бәсе­келестік базарынан берік орын алды, – деді ол. – Елдің бір қиы­рында орна­ласқанына қарамай, Кеңес Ода­ғының Батыры Б.Момыш­ұлының есімімен аталатын білім ордасының елдегі бәсекеге қабілетті білім беру ин­вести­циялық саясатына үл­кен үлес қосып отырған ұжым ең­бегін айтып кетсем деп едім. Мек­теп тарихы­на тоқталсақ, 1995-1999 жылдарда эксперимент алаңы болып, 1999-2001 жылдар аралы­ғында гимназия сыныпты мектеп, 2001-2009 жылдарда көп салалы мектеп-гимназия, ал 2009 жылдан бастап мектеп-гимназия статусына ие болған. Бұл мектептен түлеп ұшқан түлектер түрлі салада ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Мектеп-гимназияда 110 мұғалім жұмыс жасауда. Б.Момышұлы атын­дағы мектеп-гимназия педа­гогикалық ұжымы әртүрлі ұлт өкілдері болғандығына қарамастан ауыз­біршілігі, ынтымағы жарасқан. Бірінің кемшілігін бірі түзеп, бірі­нің жетістігіне бірі қуана біледі. Мұндағы ұстаздар шетінен өз ісінің жақсы маманы ғана емес, сонымен бірге, ізденіс үстінде жүр­­ген шығармашыл жандар. Алды ғылыми жобаларын тиісті деңгей­лерде дәлелдеп, өндіріске енгізіп отыр. Солардың бірі – физика пәнінің мұғалімі Нұрзада Әлме­това. Ол өзімен қатар шәкірт­терін де ғылым әлеміне жетелеп жүр. Оқушысы Асқар Қайна­за­ров­пен бірге күн энергиясымен жа­рықтандыру жобасын жаса­ды. Еңбектері 2011 жылы Гре­кия­да өткен «Халықаралық пән рей­тингі» олимпиадасынан серти­фи­кат алып келді. Қытайға барып, күн сәулесінен қуат алатын батерея шығаратын зауыттың өнім­дерімен жобаларын салыстырып көрді. Осылай дайын болған жоба бұрынғы аудан әкімі Серік Тұр­беков тарапынан қолдау тауып, Жетісай қаласының саябақтары мен кіреберіс күре жолдарды жарықтандыруға пайдаланылып отыр. Сондай-ақ, 2013 жылғы сәуір айының 13 жұлдызында Са­мат Айтуғанов «Назарбаев зият­кер­лік мектебінде» облыс көл­е­мінде ұйымдастырылған ғылы­ми жарыс­қа «Тұрмыстық қалдық­тардан биогаз өндіру» тақыры­бын­дағы ғылыми жобасымен қаты­сып, ол жаңашылдығымен дәйек­теліп, қазір соның аясында облыс көле­мінде кішігірім зауыттар салынуда. Қай уақытта болмасын заман көші кімді болса да өз ырқына бағындырып, өмірдің асау толқыны заманауи жаңалықтарға батыл шешім қабылдай білуге үйретеді. Еліміздің білім саласындағы педагогтар үшін біліктілікті арттыру жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша ваучерлік-модульдік жүйе іске асып келеді. Үш деңгейлі Кембридж технологиясын оқыту мен оқу үдерісі өзінің оң шешімін тауып отыр. Жеке тұлғаны сыни тұрғыдан ойлауға баулу, ой еркіндігіне ырық беріп, жағдаятты жан-жақты сараптауға мүмкіндік туғызу және тиімді бағытты таңдау – Кембридж технологиясының міндеті. Мектебімізде осы мақсатта біліктілігін арттырып келген 21 мұғалім бар. Жаңа технологияның мақсаты – балаларға өз бетінше білім алудың икем дағдыларын, біліктіліктерін қалыптастыру және алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Елбасымыз бізге әлемдік дең­гейде даму үшін үш тұғырлы тіл сая­сатын міндеттегені белгілі. Себебі, 30 елдің қатарына біз тек қана қазақша сөйлеу арқылы кіре алмайтынымыз белгілі. Өйткені, әлем сөйлеп отырған ағылшын және орыс тілдерін меңгермей, алпауыт елдермен тереземізді теңестіре алмаймыз. Мектеп-гимназиямызда 2011-2012 оқу жылынан бастап ағыл­шын тілінен алты сынып, орыс тілінен екі сынып, қазақ тілінен бір сынып тереңдетіліп оқытылады. Тәжірибелі ұстаздарымыз шәкірт­те­рі­міздің жас ерекшеліктері мен қабылдауларын ескере отырып дәстүрлі оқыту процесіндегі тиім­ді, қазіргі заман талабына сай жаңа­шыл әдіс-тәсілдерді ұштас­тыра отырып, білім нәрімен сусын­датуда. Мектеп-гимназияны бітірген түлектердің он екісі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алып, қоғамда адамзат игілігі үшін еңбек етуде. Атап айтқанда, Жандос Байқоңыров, Мұхтар Барлыбаев, Диас Көшер­баев Англияда, Әйгерім Оңалбаева Канадада, Бекжан Адамбеков Но­во­сибирскіде, Мұхаммеджан Сейіт­жаппарұлы Түркияда, Рауан Нади­ров Португалияда, Уәлихан Қал­тұрсын Малайзияда, Бағдаткүл Ақыл­­бекова Швейцарияда, Нұр­сұл­тан Ешбеков Кипрда. Ал Нұр­­­­жан Оңал­таев қазіргі таңда Фран­­­­цияның ас­танасы Парижде «Schlum­berger» мұнай компания­сының қаржы саласының директоры. Мектепте әдістемелік жүйе қалып­тасқан. 12 әдістеме бірлестігі, 7 шы­ғармашылық топ жоспарлы жұмыс жүргізуде. Мектеп оқу­шы­лары мектепішілік интеллектуалды сайыстарда белсенділік танытады, түрлі аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен байқауларға қатысып, өз мүмкіндіктері мен біліктілігін дәлелдеп келеді. ҰБТ сынағында мектептің жо­ға­ры көрсеткіштерге жету және білім сапасын көтеру жолдары ту­ралы тарата айтар болсақ. Бірін­ші­ден, мектепішілік 5-11 сынып оқу­шылары арасында жап­пай 2006-2007 оқу жылынан бас­тап әр тоқсан сайын және жыл­дық «+5» тестін алып отырмыз. Бұл жүйе оқушыларды тестке дағ­дылан­дырады және пән мұға­лімінің оқу бағдарламасын қан­шалықты деңгейде меңгерт­кенін көрсетеді. Екін­шіден, 10-11 сынып­тарға сабақ беретін озат тәжіри­белі мұғалімдер ірік­теліп тағай­ындалады. Жыл басында жауап­кершіліктері жөнін­де ескертіледі. Үшіншіден, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Әр тестің қоры­тындысын дер кезін­де хабарлап отырады. Қажет кезінде оларды мек­тепке шақы­рып, сұхбаттасады. Төр­тінші­ден, сабақтан тыс уақыт­та қо­сымша сабақтар ұйымдас­тыры­лады. Ол оқу жоспарының вариа­тивті сағатының есебінен бері­леді. Бесіншіден, интерактивті тақта­ларға тест жинақтары енгізіліп, соны­мен үздіксіз жұмыс жасалына­ды. Оқушылар қате кеткен жұмыс­ты пән мұғалімдерімен бірлесе оты­рып шешеді, түсінбеген сауалдары­на жауап алады UStudy, Aitest, KZ-теst, т.б сайттарына кіріп дайында­лады. Алтыншыдан, тағы бір ерек­шелік – біздер математика пәніне аса мән беріп, ден қоямыз. Ма­тематикаға көңіл бөлу – білім сапа­сының көтерілуінің басты шарты. Жетіншіден, математика­дан тест алғаннан соң, пән мұғалімдері әріппен белгіленген жауапты қабылдамай, шығару жолына назар аударады, дұрыс жауап­ты сол бойынша бағамдайды. Сегі­зін­шіден, математика сабақ­тарын­да ауызша есептеулерді да­ғды­лы жүйеге енгізгенбіз. Тоғызын­шыдан, 5-11 сыныптар ара­лығында әр тақырыпты өткен соң, ма­те­матикалық диктант алынып отырады. Оныншыдан, пән мұғалімдері мате­матика сабақтарында деңгей­леп оқыту техно­логиясының эле­мент­терін пайда­ланады. Оқушы­лар­ды деңгей­ге бөліп, тапсырмаларды орындатып, қатемен жұмыс жүргізуде ілгері жылжуын бақылап отырады. Бұл – «болашақ кілті – білімде» екенін терең түсінген зерделі ұр­пақ пен ұрпаққа сапалы білім беруден, ізденуден талмаған өнегелі ұстаздарымыздың жемісі. Оқу­шыларымыздың бойына сіңірген сапалы білім мен ұлттық рух жіге­рі, олардың етер еңбегі біз – ұстаз­дар қауымының Қазақстан мемле­кетінің дамуына қосқан білім инвес­тициямыз деп білемін. Білікті ұстаз осылай дейді. Сөз басында мектеп-гимназияның оқушылары іріктелген бе деген адами күдігімізді айттық. Біз ғана емес, ҰБТ өткізуге келген комиссия төрағалары да күмәнданады екен. Соңғы екі жылда алғашқысы «осы қаншалықты мүмкін» деп оқу­шы­ларға сырттай бақылау жасап, артынан шынайы білімге көздері жетіпті. Әңгіме барысында Нұрзада Әл­метова оқушыларға «жүзіміз сал­қын, жүрегіміз мейірімді» деп қал­ды. Түсіне білгенге, осы сөзде үлкен тәрбие ошағы бар. Өйткені, бұл ұстаздар абырой-атақты арзан беделден емес өз маңдай тері, еткен еңбегінен іздейді. Ұстаздар қауымымен кездесу­імізде бірге болған аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы Лесхан Қойлыбаев мектеп-гим­назияның озық тәжірибесін аудан мектептеріне таратпақ ниетте. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген осы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы