* Дода
Француз жерінде өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының бұрнағы күні басталған екінші турында алаң иелері Албания құрамасын 2:0 есебімен жеңсе, Словакия Ресейді 2:1 етіп тізе бүктірді, ал Румыния мен Швейцария арасындағы кездесу 1:1 болып тең тарқады. Осылайша Франция екі ойында бірде-бір ұпай жоғалтпаған турнирдегі ең алғашқы құрама атағына қол жеткізді. Бірақ алдыңғы ұшырасудағы сияқты бұл ойында да оларға жеңіске жету оңайға соға қоймады.
Әдетте кез келген ойынның қалай өткені ұмыт болады да, кейін оның есебі ғана есте қалады. Біз сөз еткелі отырған үш матчтың екеуіндегі ахуал осы тұжырымды айғақтай түседі.
Құрлық біріншілігінде фавориттер қатарынан орын алмағанымен, Ресей бас жасағының Словакиядан ұтылып қалуы мамандар тарапынан күтпеген жағдай саналды. Шынында да ресейліктердің осы күні қарсыластарына есе жіберіп алатындай реттері жоқ еді. Олар бірінші турда ағылшындармен тең ойнағаннан кейін кездесуге көтеріңкі көңіл күймен келді. Словактар болса, алғашқы матчта Уэльстен 1:2 есебімен жеңіліп қалған. Біздің көршілеріміз оптимистік сарындағы арман-ойларын ойынның алғашқы жарты сағатында анық байқатты. Осы бөлікте олар қарсыластар қақпасына қарай Англиямен текетірестің бүкіл өн бойындағыдан да артық соққы жасап үлгерді. Соған қарамастан, Матуш Козачиктің доп жолына домалай құлаған сәті оншалықты көп болған жоқ. Алдын ала айта кетейік, соңынан матчтың үздік ойыншысы атағы тап осы қақпашыға берілді.
Бір қызығы, словактар бұл жолы валлийліктермен өткен бірінші сүргін кезіндегіден де нашар ойнады. Бірақ мұның өзі олардың бірінші таймда екі гол салып, турнирде осындай жетістікке жеткен алғашқы команда атануына ешбір кедергі келтіре алмады. Гол да күтпеген жерден соғылды. Ресейліктер шабуылының нөпірінде қалған словактар жартылай қорғаушысы Марек Гамшик алаң ортасында аяғына доп тиісімен оны алдындағы Владимир Вайссқа асырып тастады. Сол-ақ екен, құйындай ұшқан шабуылшы демде қарсы қақпа алдына жетіп барып, снарядты оң жақ бұрышқа солқылдата атып жіберді. Гол! Ал тайм түгесілер шамада Гамшиктің өзі бұрыштамадан келген допты айып алаңының сырт жағында қабылдап алып, қақпаға алыстан ұрып түсірді. Ресейліктер тек екінші таймның соңына қарай Денис Глушаковтың күш салуымен бір доптың қарымтасын қайтарып үлгерді. Олар бұған дейін де, бұдан кейін де тынымсыз жасаған шабуылдарының бірде-бірінен нәтиже шығара алмаған.
Бірінші турда барын салып ойнаған Албания алаң иелерімен кездесуде де аянып қалған жоқ. Олар Дидье Дешам шәкірттерін аттап аяқ бастырмады. Француздар екінші таймда Поль Погба мен Антуан Гризманн шыққасын ғана еркіндеу ойнады. Бірақ 90-минутқа дейін қарсыластар қақпасына бір рет те тура соққы жасай алмады. Рас, доп бір мәрте қақпа жақтауынан қайтқан. Бірақ мұндай «табыс» албандарды айналып өтпеп еді. Бәрін Гризманның гол соғуы бұзып жіберді. Ал екінші голды француздар (Димитри Пайе) төрешінің негізгі уақытқа қосқан 6-минутында (!) ғана салды. Сөйтіп, соңғы сәтке дейін тең тұрған ойын аяқ астынан екі доп айырымымен алаң иелерінің пайдасына шешіліп шыға келді.
Бұларға қарағанда, Румыния мен Швейцария арасындағы матч жалпы көрермен қауымның айрықша қызығуын туғызған жоқ. Бұған стадионның бірінші рет толмай қалғаны да айғақ. Соған қарамастан, мұнда да кескілескен шайқас жүріп жатты. Онда тағы да румындар жалғыз голдарын пенальтиден салды. Ал швейцариялықтар таразы басын теңестіру үшін көп күш жұмсады.
Кеше түнде Англия – Уэльс, Украина – Солтүстік Ирландия және Германия – Польша кездесті.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»