Кеше Тәуелсіздік сарайында Astana Mining & Metallurgy» VII халықаралық тау-кен және металлургиялық конгресі жұмысын жалғастырды. Оған еліміздің және алыс-жақын бірқатар елдердің мамандары мен сарапшылары қатысты.
Шара аясында өткен «Қазақстанның тау-кен секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін KAZRC стандартын енгізу» жөнінде болған дөңгелек үстелге еліміздің Үкіметі атынан қатысып сөз сөйлеген Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау Қазақстанның осы бағытта қол жеткізіп отырған жетістіктері жөнінде әңгімеледі. «Металл өндіруші және өңдеуші саланың менеджерлері энергияны тиімді пайдалану мен барынша үнемдеуге қатысты осындай шара ұйымдастырып отырғанын, әрине, Қазақстан Үкіметі қолдайды. Себебі, саладағы өнім өндіретін кәсіпорындардың бәрінің шығарған тауары және оның бәсекеге қабілетті бола алатыны энергияны қалай пайдалануына қатысты. Сондықтан, қай салада да энергияны тиімді басқару біз үшін өте маңызды», деді министрдің орынбасары.
Қуат көзін орынды жұмсау ісі елімізде енді ғана қолға алынып жатқанын айтқан вице-министр, бірқатар мәселеге назар аудартты. «Өткен ғасырдың 60-жылдары бір тонна металл өндіруге кететін энергияның құны сол өнімнен де қымбатқа түсіп жататын кездері болатын. Бұл үрдіс кешегі 2010 жылға дейін жалғасып келді. Түрлі себептер мен кедергілердің салдарынан осы кезге дейін қуат көзін үнемді пайдалану шарасына кіріспей келген едік. Сөйтсек, пайданы екі бағыттан да, яғни энергияны тиімді пайдалану арқылы да табуға болады екен. Сондықтан германиялық әріптестерімізбен бірге арнайы бағдарлама дайындап, оны жүзеге асыра бастағанымызға да бірталай жыл болды», деді ол.
Қазақстанның энергияны үнемді пайдалануға 2010 жылдан бастап кіріскеніне назар аудартты. «Елімізде индустрияландыру бағдарламасы басталған соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қуат көздерін тиімді пайдалануды тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, үнемі жеткен жетістіктердің көрсеткішін белгілеп отыруды жүктеді. Айтайын дегенім, одан бергі атқарылған жұмыстар аз емес. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында бой көтерген кәсіпорындардың барлығында энергияны үнемдеу шарасы басты назарда болды. Оған қоса еліміздің экономикалық құрылымдарында тиімді өзгерістер болды. Сондай-ақ, қуат көзін үнемді пайдалануға қатысты қабылданған заң да өз жемісін беріп жатыр», деді А.Рау.
Германия энергетика агенттігінің өкілі Наргис Вик Қазақстан Үкіметімен әріптестікте жұмыс істеп жатқандарын айтып, ақылды энергетика жүйесін қалай құру керектігі жөнінде әңгімеледі. «Маған қуат көздерін үнемді пайдалану мен оның балама жолдарын қарастыру жұмысын Қазақстан Үкіметімен бірге істеген ұнайды. Ал қазір Германияның энергетиканы ақылды жолмен үнемдеу шараларына қатысты әңгімелеп өтейін. Біздің елдің қолға алып, жүзеге асырып отырған жобасы салада революциялық шара екені мәлім. Біздің ел алғаш рет атомдық отын өндіретін стансалардан мүлде бас тартып, шешім қабылдағанда көптеген мемлекеттер таңдана қарағаны рас. Бірақ, жұмыс нәтижесі көрсетіп тұрғандай, электр қуатын өндірудің балама жолдарын қарастырып, елді табиғи қуат көзімен толық болмаса да 80 пайызға дейін электр энергиясымен қамтамасыз етуге болады екен», деді Н.Вик.
Бұл мақсатқа Германия 2050 жылдары қол жеткізуге ұмтылып отырғанын айтқан спикер, атом энергиясынан бас тарту әлемнің әр тұрғынына пайдалы әрі жағымды болатынын жеткізді. «Бүгінгі күнде энергияны үнемді пайдалану бойынша 2008 жылға қарағанда, тұтас елдің қуат көзін 9 пайызға дейін үнемдегені анық болып отыр. Енді алдағы 20 жылда бұл көрсеткіш тағы 20 пайызға дейін артады деген үмітіміз бар. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, нақты есептеулер жасалды. Мұны толық сеніммен айтып отыруымның себебі, біздің агенттік осы жұмыстарды жүзеге асырушылардың негізгі ортасы болып саналады. Сондықтан, бұған ешқандай күмәндарыңыз болмасын. Егер әлем елдерінің бәрі Қазақстан мен Германия сияқты осындай нақты бағдарламаларды жүзеге асырса, Жер шарының әр тұрғынына пайдалы болар еді», деді ол.
«Энергияны үнемдеу және электрэнергияны дамыту институты» АҚ-тың жетекшісі Айдар Махамбет, Еуропа елдерінің осы салада қол жеткізген жетістіктері мен тәжірибелері жөнінде әңгімеледі. «Еуропа елдерінің бірқатары бұл бағытта жемісті жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ал солардың ішінде Германияның тәжірибесі барлық елдерге үлгі екені анық. Сондықтан да, аталған елдің мамандарымен бірлесіп, балама қуат көздерін өндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл ісіміздің жемісін көре де бастадық деуге болады. Әсіресе, тез жүзеге асатын және нәтижесі қысқа уақытта белгілі болатын қалаларды жарықтандыру шаралары кеңінен қолға алынған. Ал өндіріс ошақтарында қуат көзін тиімді пайдалану шаралары да қарқынды жүргізіліп жатыр», деді А.Махамбет.
Спикер көрші Ресей елінің де осы бағыттағы ұмтылысы көпке үлгі екенін айтып өтті. «Ресей мемлекеті алдағы 20 жылдың ішінде ірі өндіріс орындарында және өзге де тұтыну салаларында энергияны үнемдеуді 40 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуді көздеп отыр. Мемлекеттік бағдарламаларына зер сала қарасақ, көрсеткіштері жақсы боларына сенім бар. Енді алыс-жақын елдердің осы салада қол жеткізген табыстары мен көрсеткіштерін нақты зерделей отырып, өз тәжірибемізге енгізе білгеніміз жөн. Расын айтқанда, қоршаған ортаны ластамай, өндіріс орындары мен жалпы халықты балама қуат көздерімен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр. Сондықтан Германияның 2030 жылға дейін энергияны үнемдеуді 2 есеге дейін жеткізу бағдарламасынан бәріміздің үйренетін тұстарымыз бар», деді ол.
Металды өндіру мен қайта өңдеу саласында қуат көзін барынша үнемді пайдалануға үндеген конгресс қатысушылары, осы шараны насихаттап жүрген БАҚ өкілдері мен өндіріс ошақтарында ерекше еңбегімен көрінген қызметкерлерге өз сый-құрметін де жасады. Атап айтқанда, конгрестің алғашқы жұмыс күні ұлттық салалық «Алтын Гефест» 2016 сыйлығының жеңімпаздарын марапаттап, гала-қабылдау өткізді. Онда «Жыл геологы», «2016 жылдың кеншісі», «Жыл жобасы», «Инновациялар бойынша жыл көшбасшысы», «Қазақстандық құрамы бойынша жыл көшбасшысы», «Энергияны үнемдеу саласындағы үздік», «Жылдың ғалым-педагогы», «Жылдың дипломдық жұмысы», «ТКМК туралы ТД-ғы үздік журналистік жұмыс», «ТКМК-гі еңбек адамы туралы үздік журналистік мақала» аталымдары бойынша бірқатар адамдарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»