17 Маусым, 2016

Қоғамдық кеңестердің қызметі қайтсе жетілдіріледі?

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фрак­ция­сы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының және «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің бірлескен отырысында Қоғамдық кеңестерді құру және қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бейнеконференция пішімінде өткен отырысты Парламент Мәжі­лісі Заңнама және сот-құқық­тық реформасы комитетінің төр­ағасы, «Нұр Отан» партиясы жанын­­дағы Құқықтық кеңестің төр­ағасы Нұрлан Әбдіров ашты. Сон­дай-ақ, шара барысында «Нұр Отан» партиясының Хат­шысы Фархад Қуанғанов, Пар­ламент Мәжілісінің депутат­тары – партия фракция­сы жанындағы Өңірлік сая­сат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрағасы Серік Сейдуманов, Қазақстан Пре­зиденті жанындағы Адам құқы­ғы жөніндегі комиссияның төрағасы, депутат Қуаныш Сұлтанов, Парла­мент Мәжілісіндегі ҚХА депу­таттық тобының жетек­шісі, Білім, ғылым, жастар саясаты және балалар құқығын қорғау жөнін­д­егі қоғам­дық кеңес төралқасы­­ның мүшесі Сауытбек Абдрахманов, Мемлекеттік қызмет істері жө­нін­­дегі органдардың іс-әрекет мәсе­­лелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзіл­ханов, Атырау облысындағы қоғам­дық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешев сөз сөйледі. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде қоғамдық кеңестер атқаратын жұмыс ауқым­ды екенін айта келіп, барша халық­тың өміріне қатысы болатындай ма­ңызды мәселелерде жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей салиқалылық қажет болатынын жеткізді. «Білім және ғылым ми­нистр­лігі қоғамдық кеңесінің мү­шесі ретінде кеңестің отырыс­тарын­да іскерлік әңгіме айтпақ­пын. Сонымен бірге үш тілде оқы­ту, 12 жылдық мектеп, бес күндік оқу аптасы сияқты күр­меулі, күр­делі түйіндерді тар­қатуға эволю­циялық жолмен қарау керек­тігі де күмәнсіз. Мысалы, ми­нистр­лік орыс тілді мек­теп­тер­де «Қазақстан тарихы» пәнін қазақ тілінде оқытуды қолға ал­мақ­шы. Идеяның өзі әбден қол­дау­ға тұ­рар­лық екені, мұның мем­лекеттік тілдің мерейін асыраты­ны, түптің-түбін­де қазақшаны игеруге сеп­тесе­тіні талассыз. Бар мәселе оған дайын­дықтың дең­ге­йін­де. Сол мек­тептердегі оқу­шы­лар қазақша сабақ­ты түсіне­тін­дей, қазақша оқу­лықты пайда­ланып, жауабын қазақ­­ша айта алатындай болып жат­қанда айтар әңгіме жоқ, ал олай бол­май тұр­ғанда айтар әңгіме бар. Мұ­ның аяғы сабақ бергенсуге, жауап алғансуға тірелсе одан тіл­дің беделі биіктемейді, қай­та қазақ тілінің қадірі кетеді. Сон­дық­­тан бұл жұмыс ол мектептер­де қазақ тілін оқыту сапасын жақ­­­сар­ту­­­мен қоса қабат жүргені, жаңа та­лап­тың енгізілетін мерзімі нақты жағ­дайды ескере отырып белгі­лен­гені жөн. Қоғамдық кеңес осын­дай жай­ларды ұдайы назарда ұстай­тын болады», деді Сауытбек Абдрахманов. Шараға қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 99-қадамын, қоғамдық кеңестерді құ­ру және қызметін жетілдіруді жү­зеге асыру мәселелерін талқы­ла­ды. Отырыста аталып өтілген­дей, қазіргі таңда республика бо­­йын­ша 225 қоғамдық кеңес қ­ұрыл­ды. Оның ішінде 12-сі – рес­пуб­­­ли­калық, 16-сы – облыстық жә­не Астана, Алматы қалалары, 197-сі қала­лық және аудандық дең­гей­лер­де. Бүгінде оларда 3791 адам жұ­­мыс істесе, 70 пайыздан ас­та­мын конкурстық негізде қабылдан­ған азаматтық қоғам өкілдері құрайды. Қоғамдық кеңестердің мүше­лері қатарына Парламент депутат­тары Нұрлан Оразалин, Георгий Ким, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Сұлтанов, Гүлжан Қарақұсова, Артур Платонов, Бекболат Тілеу­хан, қоғам қайраткерлері Орал­бай Әбдікәрімов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Саға­диев, Анатолий Башмаков, Мэлс Елеусізов, Зинаида Федотова, Әлихан Тойбаев, ҮЕҰ басшылары Нұрлан Ерімбетов, Еңлік Нұр­ғалиева, Марат Башимов, Елена Дмитриенко және басқалары енді. Бірлескен отырыс қорытын­дысында бірқатар ұсыныс қабыл­данды. Сәулебек БІРЖАН