17 Маусым, 2016

Бес жыл бойы білім үздігі

628 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16.06.2016 BilimМіне, осымен Жамбыл облысының өрендер қатарынан бесінші жыл білім сайыстарында жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, еліміз бойынша үздік атанып отыр. Осы оқу жылында халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысқан 272 жамбылдық оқушының 137-сі жеңімпаз атанды. Оның 63-і халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жары­с­тарда, 37-сі республикалық пән олим­пиа­даларында, 17-сі рес­пуб­ликалық ғылыми жобалар жарыстарында, 3-і Президенттік олимпиадада, 2-і республикалық Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі олимпиадасында, 15-і республикалық 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» ғылыми жобалар жарысында жүлдеге қол жеткізді. Республикалық пәндер олим­пиадасының соңғы бес жылғы және ғылыми жобалар жарысының соңғы төрт жылғы қорытындысы бойынша Жамбыл облысының оқушылары командалық бірінші орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атанды. – Мен облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің түлегімін, – дейді үз­дік оқушы Алина Тарасова. – Ха­лықаралық «Математика жә­не жобалау» ғылыми жобалар жарысының қола медаль иегері, республикалық пән олим­пиадасының жеңімпазымын. Кішкентайымнан қазақ тілін үйрендім. Бүгінгі таңда үш тілде еркін сөйлеймін. Біз білімді жас­тар  облысымызды, елімізді көркейтуге үлес қосқымыз келеді. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев дарынды жас­тармен кең отырып әңгімелесіп, оқушылар мен оларды оқытқан ұстаздарға зор құрмет көрсетті. Кеше ғана өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша Жамбыл облысының жалпы орта баллы 78,5 пайызды құраған болатын. ҰБТ қорытындысы бо­йын­ша облыста үш мектеп бітіруші 124 балл жинады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы