Ақтауда теңіз жағалауына келушілер үшін көңіл көтеруге, тынығуға арналған күйсандық музыкалық аспабы қойылды. Англияда 2008 жылы қолға алынып, қазір әлемге танылған жобаны ақтаулық екі жас жігіт жүзеге асырды. Идея авторлары – жергілікті машина құрастыру зауытында жұмыс істейтін Шыңғыс Есбосынов пен Дамир Жансупов классикалық музыканың тыңдармандары екен.
Кезінде музыка саласында фортепиано сыныбында білім алған Шыңғыс «көше күйсандығы» идеясы ойына келген соң, өз үйіндегі музыкалық аспапты көше бойында көпшілік үшін кәдеге жаратуды ойлаған. Бастамалары Ақтау қалалық әкімдігінен қолдау, жергілікті өнер мектебінен демеу тапқандықтан, күйсандық көп ұзамай Ақтау қаласындағы 15-шағын ауданның теңіз жағалауына орналасты. Күйсандыққа келушілер көп. Олардың арасынан орындаушылар да табылып жатыр. Ал, былайғы жұрт, жас-кәрі демей, таза ауада көпшілік болып музыка тыңдап демалғанды жоғары бағалауда. Ал музыка мамандары болса, бұл көңілді демалыспен бірге, классикалық музыканы насихаттау деп отыр.
Еуропа елдерінде «көше күйсандығы» теміржол вокзалы, әуежай, демалыс бақтары сынды адам көп жиналатын жерлерге қойылатындығын ескеріп, жоба авторлары халықтың қызығушылығына қарай отырып, мүмкіндігінше қаланың тағы бірқатар жерлеріне күйсандық қоюды жоспарлап отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТАУ