17 Маусым, 2016

Оңтүстіктің қойлары Арабия жерінде жүр

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2518_oko_1Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алғашқылардың бірі болып Біріккен Араб Әмірліктеріне ет экспорттаудың алғашқы сатысын бастады. Жақында Шымкент халық­аралық әуежайынан 1 мың бас уақ мал Әмірліктің Фуджейра қаласына жөнелтілді. Оңтүстік – аграрлы облыс. Басқа ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы көтерілгенімен етке деген сұраныс анау айтқандай емес еді. Ауыл сыртындағы жарамды жерлер кәсіпкерлердің қолында кеткен, жайылым тар. Оның үстіне мал басы өскендіктен етке деген сұраныс айтарлықтай емес. Сондықтан, кейбір шаруалар өзінің жемшөбін ақтамайды деп мал шаруашылығынан жеріп жүрген жағдайы бар еді. Шаруа қожалықтарын ынталандыру, мал басын өсіруді одан әрі жалғастыру үшін ет экспорттайтын мемлекеттер іздеу ауыл шаруашылығы басқармасының күн тәртібінде тұрған. Біріккен Араб Әмірліктері өкіл­дерімен бес айға жуық уақытқа созылған келісімдер жемісін берді. Осының арқасында тамыз айына дейін БАӘ-ге Оңтүстіктен 80 мың бас уақ мал жеткізіледі. ОҚО Ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Серік Тұрбеков облыс әкімдігінің ұйыт­қы болуымен Сауд Арабиясы және Иран, Ирак мемлекеттеріне де ет экспорттау үшін келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтады. Екіжақты келіссөздер нәтиже берген жағдайда бұл мемлекеттерге 1,5 мың тонна етті экспорттауға мүмкіндік туады. БАӘ-ге алғашқы мың қойды экспорттаған «Қайып ата» шаруа қожалығы. «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Сырым Ертаев «ұсақ малды шаруалардан сатып алып, бордақылап отырмыз. Құрбан айтқа дейін сұраныс өте жоғары, араб ағайындар күндігіне мың басқа дейін сұрап отыр. Жиырма мың бас қойға келісімшартымыз бар. Оларға қойымыздың еті ұна­ды. Сондықтан, алдын ала қаржысын аударып жатыр. Біз әрі қарай экспортқа шығаруға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» дейді. Өсіріп жатқан малының үлкен тұтынушысы табылғаны шаруаларды қуантып отыр. Ауыл шаруашылығы басқарма­сы жұмысты жүйелі жолға қою үшін уақ мал мен мүйізді ірі қара малды өсіру әрі экспорттауға дайындау мақсатында арнайы корпорация құрмақ. Іргеде отырған Ресей ит арқасы қиян Канада мен Бразилиядан ет тасып, қоңсысы Қазақстанның малына мойнын бұрмаушы еді. БАӘ бастаған ізгі іс оларға да ой салар. Ондай жағдайда шаруаларымыздың асығы алшысынан түседі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы