Бұл – дәрігерлік көмектің интеграциялық моделі
Қателеспесем, жетпісінші жылдардың орта шені болуы керек. Қақаған қыс кезі. Әкем қатты ауырып, қызуы көтеріліп, от болып жанып жатты. Шақырылған жедел жәрдем біраз кешікті. Оның сырын дәрігер келгенде бір-ақ білдік. Ол жаяу келіпті. Науқастың жай-күйімен танысып, өкпесі мен жүрек соғысын тыңдап, қызуы мен қан қысымын өлшеп көргеннен кейін: «Сіз ауруханаға баруыңыз керек, – деген қорытындысын айтты. – «Жедел жәрдем» машинасы жоқ, орныңыздан тұрып ауруханаға дейін өз аяғыңызбен бара аласыз ба?», – деді дәрігер. Сонда әкем: «Тырысып көрейін» деді әрең икемге келіп. Сөйтіп, ол кісіні жан-жақтан сүйемелдеп, ауыл ішіндегі ауруханаға дейін жаяу апарғанымыз бар.
Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, кеңестік кезеңде ауылдардағы медицина мекемелерінің жай-күйі мен материалдық жағдайы тым төмен әрі жұтаң еді. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан адамды ауруханаға жаяу әкету осы пікіріміздің дәлелі. Ал қазір ше? Айырмашылық жер мен көктей. Бүгінде республикамызда алғашқы медициналық көмек көрсетудің инновациялық және интеграциялық үлгісі іске асуда. Мұндай әлемдік өлшемге қол жеткізіп үлгерген өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы.
Интеграциялық-инновациялық үлгі дегеніміз жай жедел жәрдем көліктері емес, бұл ең алдымен жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) мен санитарлық авиация қызметтері. Осындай алғашқы медициналық-санитарлық көмектің арқасында жүздеген, мыңдаған отандастарымыз тікелей төніп келген ажалдың аузынан аман қалады. Бұл арада алғашқы айтылған құрылым бірінші кезекте алыста орналасқан ауыл тұрғындарына кеңесші-диагностикалық көмек көрсететінін айта кеткен жөн.
Осы мақсатта Орал өңірінде жылжымалы медициналық кешендер мінсіз қызмет атқарып келеді. ЖМК дәрігерлік-отбасылық амбулаториялары жоқ түкпірдегі шағын елді мекендердің тұрғындарын қамтиды.
– Жылжымалы медициналық кешендер амбулатория үлгісіндегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тіс дәрігері, хирург, рентгенолог, акушер-гинеколог, терапевт мамандар жұмыс істейді. Сонымен бірге, кешен құрамындағы амбулаториялық дәрігер кабинеттері мен зертхана да оның қызметін толықтыра түседі. Бүгінгі күні ЖМК облыстың барлық аудандарын қамтып отыр, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хамидолла Ирменов.
Бұған дейінгі талдаулар мен деректер енгізілген өзгерістер арқасында әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу үшін қолайлы жағдайлар туғызылғанын айғақтайды. Екіншіден, бұл инновациялық үлгі амбулатория дәрігерлерінің жүктемесін едәуір төмендеткен. Әрі амбулатория мен ЖМК құрамындағы денсаулық сақшыларының салада орын алған күрделі жағдайларды бірлесіп талқылауларына орасан кең мүмкіндіктер ашылған. Үшіншіден, ауыл мен шағын елді мекендер тұрғындары алатын медициналық көмек пен қызметтің ауқымы арта түсіпті.
Жылжымалы медициналық кешендердің тағы бір артықшылығы, осы арқылы ауыл азаматтары скринингтік тексерулерден де өте алады. Айталық, биылғы 2016 жылдың алғашқы тоқсанында облыстағы Ақжайық, Жаңақала, Сырым және Казталов ауданы тұрғындары осындай скринингтік тексерулер мен байқаулардан өткізілген. Бұған осы мерзім аралығында 10 мыңға жуық адам қамтылған. Тексеру қорытындылары жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші кезекте тұрғанын көрсетеді. Екінші орында қант диабеті тұр. Сонымен бірге, көз аурулары, соның ішінде оның глаукома деген түрі жиірек кездескені де ойландырмай қоймайды.
Жоғарыда айтылғандай, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көрсетіледі. Оларды тасымалдау үшін GPS үлгісіндегі навигациялы, яғни алдын ала бақылап көріп отыратын құрал-жабдықтары мен аспаптары бар реанимобильдер жүйрік аттай жүйткиді. Ауданаралық травмотологиялық бөлімшелерді қажетті жабдықтармен қамту жайы да өңірде назардан тыс қалмаған. Бұл үшін облыс бюджетінен 48 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, аймақта медициналық-құтқару қосындары үшін қосымша реанимобильдер сатып алып, жедел жәрдем көліктерін жаңғырту жолдары белгіленгені де сала жетекшілерінің мерейі.
Жол-көлік оқиғаларынан тыс, облыстағы инсульт пен кардиология орталықтарына күтпеген дертке тап болғандар реанимобильдер арқылы тасымалданады. Оның ішінде жедел медицинаға қажетті барлық құрал-жабдықтар және реанимациялық аспаптар бар аймақтағы санитарлық авиациялық бөлімге түсіп жатқан қоңыраулар мен шақырулар да жеткілікті.
Мысалы, биылғы жылдың бес айы ішінде 173 жоғары білімді және терең білікті дәрігер мамандар шақыруларға байланысты әуе кемесі – АН-2 ұшақтары арқылы алыс ауылдарға аттанған. Мұның көпшілік жағдайында ауыр науқастар облыс орталығындағы емдеу мекемелеріне жеткізілсе, бірқатар жағдайларда науқастар тұрған жерде оталар жасалған.
Міне, Орал өңірінде медициналық көмектің инновациялық және интеграциялық моделінің келелі көріністері осындай.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы