Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен фракция төралқасының отырысы өтті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Онда «Ел Президентінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау бойынша «Нұр Отан» ХДП Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының іс-шаралары туралы» мәселе қаралды.
Сонымен қатар, төралқа мүшелері аталған мәселе және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының жобасын талқылау бойынша өтетін алдағы жиналысқа дайындық барысын да қарастырды.
Төралқа мүшелері, сондай-ақ фракция мүшелерінің «Нұр Отан» ХДП-ның 11 ақпанда өтетін ХІІІ съезінің жұмысына қатысуы және депутаттардың республика өңірлеріне жасайтын алдағы сапарлары туралы мәселелерді де талқылады.