18 Маусым, 2016

* 19 маусым – Медицина қызметкері күні

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2517_oko_3335 медициналық нысан соңғы бес жылда салынды Бұрындары Оңтүстік Қазақстан облысында республика­лық орта көрсеткішпен шаққанда денсаулық саласы ақсап тұратын. Алайда, соңғы жылдары Оңтүстік көптеген көрсеткіш бойынша жоғары нәтижелерге жете бастады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, нә­рестелердің өлім-жітімі 2001 жылы мың сәбиге шаққанда 16,7-ден 2015 жылы 11-ге дейін төмендеген. Аналар өлімі 2011 жылы мың адамға шақ­қан­да 19,4 болса, былтыр 11,4-ке дейін азайған. Қан айналымы жүйе­сінің аурулары 14 пайызға, құрт ауруынан болатын өлім-жітім 2,1 есе азайған. Ал қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім Қазақ­стан бойынша 89,9 болса, Оңтүстікте 58,7-і құрап, ең төменгі көрсеткіш болып тұр. Оңтүстік медицинасы мем­лекет­тік қолдаудың арқасында медицина сала­сындағы озық технологияның же­місін көрді. Соңғы бес жылда 335 медициналық нысан салын­ған­­дығы алыс ауылдарда да денсаулық жағы­н­ан ахуалдың оңалғандығын көр­се­теді. Жақында облыстық ден­сау­лық сақ­тау басқармасының бас­шысы Сейтжамал Пакеевке жолы­ғып, біраз сауалдарымызға жауап алған едік. Соңғы жылдары халық саны алты пайызға өскен. Орташа өмір сүру ұзақтығы облыста 72,6 жасқа дейін артқан. Өлім-жітім айтарлықтай азайған. Жыл сайын өмірге 75 мыңнан астам бала келеді. Шот­­қа салып жіберсеңіз, республикадағы өмірге келетін әрбір бесінші шақалақ алтын құрсақ Оңтүстіктің үлесінде. Қазақстан Республикасының ден­саулық сақтау саласын дамыту­дың 2011-2015 жыл­дарға арнал­ған «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аяқтал­ды. Бағ­дар­ламаны жүзеге асыру кезеңінде 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта облыстың денсаулық сақтау саласы мақсатты индикаторларына қол жеткізді. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсау­лық» мемлекеттік бағдар­ламасын және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мақ­сатында денсаулық сақ­тау жүйесін дамытудың басты ба­­ғыты бастапқы және жедел меди­­циналық көмекті дамы­ту, ме­дициналық білімді мо­дер­­­ни­за­ция­лау, мем­лекет-жеке­мен­шік кәсіпорындары мен инфра­­құ­ры­лым­дарды, сонымен бірге, кор­по­ра­тивтік басқаруды дамыту, мін­­дет­ті әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­­ды­руды енгізу, қоғамдық денса­у­­лық қызметін құру болып табылады. Облыстың жалпы денсаулық сақтау саласының бюджеті 2016 жылы 108 млрд. 380 мың теңгені құрады. Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық жаб­дықталуы – 1634,8 млн. теңге. Денсаулық сақтаудың негізгі мінде­ті халыққа көрсетілетін меди­ци­на­лық көмектің сапасы мен қол­же­тім­ділігін арттыру болып табылады. Халыққа үш дең­гейлі медициналық көмек көрсету ұйымдастырылды. Атап айтқанда, перина­талдық орта­лықтар, об­лыс­тық клиникалық аурухана және Шымкент қалалық жедел ме­ди­циналық көмек көрсету ауру­ханасы жанында 2 инсульт орталығы құ­­рылды. Ана мен бала денсаулығын қорғау, маман­дан­дырылған хирургиялық және реа­блитациялық көмек қызметтері басымдықты дамуға бет алды. Ішкі аудит жүйесі ендіріліп жетілдірілді, барлық медициналық ұйымдарында пациентті қолдау телефондары ж­ұ­мыс істейді, Call-орталығы ашылды. Халықтың эпидемиологиялық сала­­маттылығы вакцинамен бас­қары­ла­тын ин­фекцияларға қарсы егумен 95 пайыз қамту, аса қауіп­ті жә­не маусымдық ин­фекция­ла­рдан қор­ғайтын індетке қарсы іс-ша­ра­лар­ды күшейту есебінен қам­тама­сыз етілді. 2015 жылы жасөспі­рім­дер арасында қы­зылшаға қарсы қо­сым­ша иммундау шаралары өткізілді. Облыс халқын 2016 жылы тегін меди­циналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде дә­рі-дәр­мек­пен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 6 млрд. 234 млн. теңге, республи­ка­лық бюд­жеттен 10 млрд. 700 млн. теңге бөлінді. Медициналық көрсе­ті­лімдеріне қарай, жаңадан анық­тал­ған және диспансерлік есепте тұратын науқастар тегін ме­ди­циналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында үздіксіз дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етіледі. Негізгі көрсеткіштерді осылай жіліктеген облыстың бас дәрі­гері қордаланған мәсе­ле­лерді тиім­ді шешуге облыс әкімі Бейбіт Атам­­­құловтың айрықша атсалысып отыр­ғандығын айтады. Мәсе­лен, бүгінгі күні ме­дициналық көмек­ті ықпалдастыру ұс­та­нымы негі­зін­де облыстық әкімдік жа­нынан Үй­лес­тіру кеңестері құрылды және 6 негізгі нозология бойынша (жіті инсу­льт, онкологиялық аурулар, жіті миокар­д инфаркті, жарақат, босандыру және бала­лық, туберкулез) өңірлік Жол карталары әзір­леніп, оны облыс әкімінің орынбасары бекіт­ті. 2517_oko_2Атқарылған жұмыстар нәтиже­сінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығы артып келеді, 2011 жылмен салыстырғанда, өмір сүру ұзақ­тығы 2,74 жасқа ұлғайды. Бұ­рын­дары Жапония сияқты өркениетті ел­дердегі адамдардың өмір сүру мер­зімінің ұзақтығына сүйсініп, біздің ел қашан сондай болады деп едік. Қазір сол Жапон, Оңтүстік Ко­рея сияқты мықты мемлекеттер­дегі озық медицина технологиясы об­лыс орталықтарына жетті. Шетел­де өте қымбатқа түсетін ағза ауыс­тырудың қиын оталары өз өңірі­мізде де жасалатын болды. Мемлекет басшы­сы­ның ұзақ мерзімге қабылдаған бағ­дарламалары өңірде осындай табысқа ие болып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы