03 Ақпан, 2011

Шикізат шырмауынан ширақтық шығарады

790 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Экономиканың өзегі мен өркені, негізінен, шикізатты өңдеуге байланысты. Бұл туралы  Мемлекет басшысының «Болашақ­тың іргесін бірге қалаймыз» атты Жол­дауында нақты атап көрсетілді. Шынымен де ел ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы өрлеу жолына түсе алмай отыр. Сенімге сай серпіліс, мақсаты ай­қын бетбұрыс болмаған жерде нәтиже бол­майтыны белгілі. Сондықтан болар, өң­дел­ген сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен халықты жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі өңірлерде әлі төмен. Биыл Жамбыл облысындағы ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өндірушілер алда­рына үлкен міндеттер қойып отыр. Мақсат – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті кем дегенде 2 есеге арт­тыру. Өйткені Елбасының биылғы Жол­дауында еңбек өнімділігін арттыру мәселесі алға өткір қойылып отыр. Жамбыл облысындағы шикізатты өңдеу саласының даму қарқыны қалай? «Шіркін, Жамбыл облысының айраны-ай!» немесе «Ірімшігі мен сары майы-ай!» деп  алыс-жақын елдерді тамсандыратын тауарлар бар ма? Әлде шаруаларымыз табын-табын сиыр суып, шелек-шелек сүт өткізгендеріне ғана мәз болып отыр ма? Өйткені талғамы зор тұ­тынушыларды алдай алмайсың, олар дү­кенге барып, ақша төлеген соң тәуір май мен жақсы айранды сатып алғысы келіп, Ре­сей азық-түліктеріне аңсары ауатыны анық. Мәселеге осы тұрғыдан көз жіберіп, санап кеп жіберсек  бүгінде облыста ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеп, тұтынушыға ұсынатын 433 кәсіпорын мен цех және өндірістік желілер бар екеніне көз жеткіземіз. Бірақ, өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Қайта өңдеу кәсіпорын­дарының ішіндегі көбі наубайханалар (133), одан соң  диірмендер (91), шұжық цехтары (32), өсімдік майын шығаратын цехтар мен кәсіпорындар (26), жем тарту цехтары (25), кондитерлік цехтар (20), макарон шығара­тын цехтар (17), түшпара цехтары (16). Жеміс, көкөніс, шырын, май, қаймақ, айран, ірімшік, құрт, сүзбе, шұбат, қымыз сияқты т. б. өнімдерін сапалы дайындап, Жамбыл облысының бренді деңгейіне жеткізетін кәсіпорындар аз немесе мүлде жоқ. – Егіншілік пен мал шаруашылығында өндірілетін бұдан басқа да көптеген шикі­зат­тарды өңдеу кәсіпорындары облыста бірлі-жарым ғана. Олардың ішінде ет, сүт, жеміс, көкөніс, жүн, тері секілді өнімдерді қайта өңдеу көрсеткіші тым төмен. Негізінен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру­мен айналысатын Мойынқұм, Талас, Сары­су аудандарында ауыл шаруашылығы өнім­де­рін қайта өңдеу кәсіпорындары мен цех­тарының саны тым аздығымен қоса, ет, сүт өнімдерін қайта өңдейтін бірде-бір өндіріс орындары жоқ. Облыстың кейбір аудан­да­рын­да жеміс, көкөніс өнімдерін өсіру, өткеру жақ­сы жолға қойылғанымен, оларды қайта өңдеу арқылы сапалы азық-түліктер шығару жалпы республикалық көрсеткіштен төмен болып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бастығы М.Әсіл­беков. Әрине, бұл өңір агрокешені қызметкер­лерінің қолынан іс келмейді дегенді емес, сол іске деген құлық пен талпыныстың жоқтығын білдіреді. Әйтпесе, тұтынушылар көңілінен шығып жүрген Меркінің айраны, Жуалының ірімшігі, Қордайдың жеміс, көкөнісі сияқты облыс агроөнеркәсіпшілеріне жаңа жобалар жайында ой салып, серпінді істерге жетелейтін мысалдар бар. Сондай-ақ, іргелі істерге мұрындық болар ірі жобалар да жоқ емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің ай­туынша,  олқылықтардың орнын толтыру үшін бүгінде «Азия-Қазақстан» концерні», «Та­раз-Тарту» кәсіпорындары базаларында жеміс, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу өн­дірістерін жандандыруға бағытталған ин­вес­тициялық жобалар қолға алынуда екен. Жеміс, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі осы 2 ірі кәсіпорын іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, облыс жеміс, көкөністерін қайта өңдеу кәдімгідей артып, жалпы республикалық көрсеткіштен арта түседі деген болжам бар. Бірақ «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, болжамның әлі болып-толған дүние емес екенін ескерсек, іргелі жобаның бюрократтық және қаржылық кедергісіз тезірек іске асуына тілектестік білдіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен оны қайта өңдеу жұмыстарының алға басуы­на облыста құрылып, жұмыс істей бастаған ауылдық тұтынушылар кооперативтері мен сервистік-дайындау орталықтарының да септігі тиеді деп күтілген екен. Алайда, бүгінгі күні облыс бойынша құрылған 50 ауылдық тұтынушылар кооперативтерінің арасынан Жуа­лы ауданындағы «Жуалы-Көлтаған-Бола­шақ», «Азат», «Ақтөбе» және «Агро-Ордахан» ауылдық тұтынушылар кооперативтерін ғана тиісті талапқа сай жұмыс істеп тұр деп айтуға болады. Ал басқа аудандарда құрылған АТК-лар қаржы институттары арқылы қар­жы­ландыру талаптарына сай келмегендіктен істері қожырап тұр. Сондықтан аудан әкім­дері оларды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан ұсынылған қаржыландыру та­лаптарына сай қайта құруды ұйымдастыруға басшылық жасауы тиіс деп ойлаймыз. АТК-лар сонда ғана қажетті қаржысына қол жеткізіп, қанат жайып, дами бастайды. Ал даму – ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеу, та­сы­малдау, сақтау және өткеру міндеттерін жү­зеге асырып, ауыл тұрғындары мен қала хал­қына сапалы қызмет көрсету деген сөз. Бірақ қазіргі АТК-лар «құрылдық» деген атты ғана иемденген бюджетке бір тиын пайдасы жоқ қағаз жөніндегі құрылымдар ғана болып отыр. Бүгінде облыста «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компа­ниясы» АҚ-тың қаржыландыруымен ашыл­ған 11 сервистік-дайындау орталықтары бар. Қазір оларды Жамбыл облысынан құ­рылған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағына алу мәселесі қарастырылуда. Бұл СДО-лар облыс агро­құ­рылымдары мен тұрғындарына техникалық, сервистік қызметтер көрсету, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру, дайындау, сақ­тау, қайта өңдеу, өткеру жұмыстарын жүр­гізу арқылы өздерін-өздері толық ақтау жағдайында жұмыс істеулері қажет. Алдағы уақытта бұл сервистік орталықтардың жа­ны­нан жеміс, көкөніс және картоп сақ­тайтын қоймалар құрылысын тұрғызу да жоспарлануда. Бірақ бұл ойлардың сөз болып жүргеніне көп уақыт болды. Ал қашан, қалай жүзеге асары белгісіз. Өткен жылы облыс агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 30,2 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жасалып, қаржыландыру үшін тиісті қаржы институттарына ұсынылыпты. Оның 5-і үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Мұның 2-і, яғни  Тараз қаласындағы «ПОШ-Тараз» фабрика­сының биязы жүннен шүйке (топс) өндіру мен «Жасұлан және К» ЖШС-нің өндірістік негізде гүл өсіру кешені жобалары жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауда­нындағы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де 30 мың бас «талпақ танауға» арналған бордақылау кешенін, Байзақ ауданындағы «Жамбыл Құс» ЖШС-інде құс етін және жұмыртқаны тереңдетіп қайта өңдеу жө­нін­дегі жоғары технологиялық құс фаб­рика­сын, Шу ауданындағы «Оңтүстік» қазақ ет компаниясы» ЖШС қолға алған мал өсіру, бордақылау, сою және ет өнімдерін терең өңдеу кешенінің құрылысы жобалары 2011-2012 жылдары толығымен жүзеге асырыла­тын болады деген жаңалық та тұтынушы­лар құлағына жылы естілді. «Азия-Қазақ­стан концерні», «Тараз-Тарту», «Тараз-Сервис», «Мир-Асыл-Тараз» және «Меркі-ет» ЖШС-нің жобалары бойынша да ілгерілеу байқала бастаған. Бүгінде облыс агроөнеркәсіп кешенін да­мытуға бағытталған барлық бағыттар бой­ынша талдаулар жасалынып,  аудандар мен салалардың сол бағыттардағы мүмкін­діктері анықталды деп естідік. Енді барлық аудандар осы бағыттағы жұмыстарды нақ­ты жүргізу, олар бойынша серпінді жобалар ұсыну, оларды жүзеге асыру  жұмыстарын жүргізулері тиіс сияқты. Қорыта айтқанда, облыс агроөнеркәсіп кешені саласын тұрақты және жоғары қар­қынмен дамыту бағытындағы жұмыстар бар. Оны одан да жылдам жүргізу үшін об­лыс, аудан әкімдері мен ауыл шаруашы­лығы басқармаларының бастықтары және кәсіпорын, фирма, шаруашылық басшы­лары түсінікпен, өзара тығыз байланыста жұмыс істеулері қажет деп білеміз. Елбасы алға қойған тапсырмалар мен одан туындайтын міндеттер сонда ғана оң шешімін тауып, шикізат өңдеу саласындағы жұмыс ширай түсетін болады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.