Ұлт Көшбасшысының жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жолдауынан жұртшылықтың үлкен үміт күтетіндігі, дамудың жаңа кезеңіне сенім күшейтетіндігі күмәнсіз. Елбасының биылғы жылға алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды ынта қойып тыңдаған «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі ғалымдары мен мамандары сондай әсерге бөленді. Аталған орталықтың жетекшісі, ҰҒА академигі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы ӘДЕКЕНОВТЕН Жолдау жөнінде ойын білдіруді сол сәтінде өтінген едік.
– Президентіміздің жаңа Жолдауы Қазақстанның алға қарышты қадам жасаудың бетбұрысты кезеңінде екенін айқындап берді. Жарқын болашағымызға, өсіп-өркендеуіміздің жаңғыруына тағы бір нық сенім ұялатты. Өмірдің қай буынындағы болмасын бағыт-бағдар терең екшеленіп, жасампаз істер салиқалы сараланған құжаттан туындайтын міндеттер үдесінен шығу қай-қайсымыздың да абыройлы борышымыз болу керек деп білемін.
Әлбетте, біз алдымен өз іс-қызметімізге қатысты бағдарламалық мәселелерге баса құлақ түрдік. Ғылым мен медицинаны дамытуға байланысты атап көрсетілген жайлар бойынша арнайы жоспар жасалуға бүгіннен бастап тапсырма берілді. Ғылыми ізденістердің сапалық денгейін көтеру, адамдар денсаулығын қорғау, жақсарту жолындағы күрестің бел ортасынан табылуға күш салынады. Жолдауда ғылыми кадрларды қағидатты тұрғыдан жаңа негізде даярлауды ұйымдастыру керектігі, теориялық дайындықты нақты істе шыңдау, пайдалы зерттеулермен ұштастыру қажеттігі айтылды. Ғылымға кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғаушылардан баратындар саны төмендігі сыналды. Бұл қатты ойландыратын мәселе. Өндірістік цехтарымызда, зертханаларымызда жыл сайын 300-ден астам студент, магистрант, докторант оқу, дипломдық, өндірістік тәжірибеден өтеді. Солардың ішінен талаптарын таныта алушыларға құшақ ашыла түседі. Өз ізденістерінің нәтижесін ортақ игілікке айналдыра алуларына қамқорлық аянбайды.
Сөз орайында айта кеткенде бүгінде жетістіктері алысқа танымал ғылыми-өндірістік орталығымыздың қалыптасып, қадамы нығаюына Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауы үлкен ықпал еткен болатын. Осыдан он бес жыл бұрын алғаш рет іс-ізденісімізбен танысқаннан бері аяқ алысымыз ұдайы назарда.Соның арқасында осы уақыт аралығында құнды фармакологиялық қасиеттерге ие жаңа бірегей фитопрепараттарды жасау және оларды фармацевтикалық өндіріске, тәжірибелік медицинаға енгізудегі еңбегіміз жанып келеді.
Елімізде дәрі-дәрмектерге сұраныс әлі күнге дейін сырт жерлерден жеткізілетін түрлері арқылы өтеліп жүргені жасырын сыр емес. Осындай жағдайдан арылуға қазір мүмкіндігіміз бар. Жұмыс істеуге кіріскен фармацевтикалық кешеннің бірінші және екінші кезектері аса маңызды дәрілік препараттар өндірісі көлемін едәуір арттырды. Елбасы Жолдауында ғылым жетістіктерінің негізінде инновациялық технологиялар арқылы өндірісті дамыту басты міндеттің бірі болып табылатындығы аталды. Кешеннің үшінші кезегін межелі мерзімде іске қосып, қажетті өніммен ішкі тұтынуды қамтамасыз етумен бірге экспортқа шығаруға да жол кеңейту соған сәйкес мақсат.
Жергілікті табиғи өсімдіктерден отандық дәрі-дәрмекті жасауды және молынан шығаруды көздеуші орталығымыз зор ғылыми күш-қабілетке ие. Елбасы Жолдауы осы мерейлі мақсатқа қайрат қайрайды.
Жазып алған Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.